Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен маңызға ие – әр отбасын тұрғын жаймен қамтамасыз ету және оған мүмкіндік қалыптастыру, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсіру, жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру, елдің орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту бағдарламаларының әлеуметтің әлеуетін көтеруге қосары мол болмақ.
Президент соңғы жылдары қоғамдағы маңызды мәселелерге жеке-жеке сала бойынша бағдарлама арнап келеді. Саясатта сындарлы реформалар іске асырылды. Идеологияда бұл «Рухани жаңғыру» түрінде көрініс тапты. Экономика дәстүрлі жолдаулардың берік темірқазығы болып келеді. Енді міне, барлық бағдарламалардың басты тірегі іспетті әлеуметтік салаға тағы да айрықша назар аударылып отыр.
Жалпы, бес бастаманың барлығы бірдей қалың бұқараның көкейінде жүрген, шешімін күтіп тұрған өміршең мәселелер. «Бес әлеуметтік бастама» осы бағытта жақсы жобаларды іске асыруға жол ашады. Алдағы елеулі жұмыстарға орай заңнамаларға, нормативтік актілерге де тиісті түзетулер жасалмақшы. Біз аталған бастамалар ішінен ел экономикасының қомақты бөлігін құрайтын шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау көрсету туралы сөз етсек дейміз.
Облыстық мәслихаттың алдағы кезекті сессиясында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» Қарағанды облысында 2017 жылы іске асыру барысы туралы» мәселе қаралмақшы. Облыста тұрақты жұмыс орындарын көбейту, азаматтарды оқыту және қайта оқыту, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру үшін кредиттер бөлу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы 7,2 млрд теңге бөлінді. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда төмендеп, 4,7%-ды құрады.
Шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру мәселелері Қазақстан азаматтарының кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау мақсатын көздейді. Төртінші әлеуметтік бастамада Елбасы 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керек екенін айтты. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша тың серпін беретіні сөзсіз. Микрокредиттеу шаруасын енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін басты проблема – өз ісін ашуға қаржы көздерінің қолжетімділігін шешуге мүмкіндік береді. Өткен жылы 827 кәсіпкер 4,5 млрд теңге көлемінде микрокредиттер алды. Бұл ауылдық жерлерді дамытуға, көптеген мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етті. 700 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Жалпы, өңірлерде шағын кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту тек халықты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, рухани, экономикалық іргелі мәселелерін шешуге ықпалын тигізеді. Жаңа жұмыс орындарын шағын кәсіпкерлік пен бизнес арқылы қалыптастыру – халықты кәсіпкерлік қызмет саласына да белсенді түрде тартуға мүмкіндік береді. Шағын бизнестің негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту, оның әлеуметтік мәселелерін шешу, еңбекке деген белсенділігін дамыту.
Жаңа бастамалар, жаңа әлеуметтік жобалар мемлекетіміздің алдындағы жаңа белес және тәуелсіз мемлекетіміздің алдына қойылған замана талабы десек те болады. Бұл бастамаларды біз жай ғана талқылап қоймай, онда айшықталған талаптар мен міндеттерді орындауға талпынғанымыз жөн. Оны қолдап, іске асыруымыз керек.
Серік ӨТЕШОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы