Өткен жылы елімізде инвестициялық климатты жақсарту мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық стратегия қабылданған болатын. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешевтің айтуынша, аталған стратегияның аясында елімізге 118 млрд АҚШ доллары шамасында тікелей шетелдік инвестиция тарту, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 26 млрд-тан астам инвестиция құю көзделген.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Қазақстан Үкіметі атынан шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізетін жалғыз компания болып белгіленген. Дамыған шетелдік және өңірлік өкілдіктер желісінің көмегімен компания инвесторларға құжаттарды ресімдеуге, жергілікті және орталық атқарушы органдармен «бір терезе» принципі бойынша жұмыс істеуге, бюрократияға жол бермеуге өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейде қолдау көрсетеді, – деді Біржан Қанешев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
Биылғы жылдың маусым айында Invest.gov.kz сайтында инвесторлармен жұмыс істейтін CRM ақпараттық-мониторингілеу жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жүйе процестерді барынша оңтайландыруға және инвесторлармен өзара жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті кәсіпкерлерге де, мемлекеттік органдарға да, шетелдік инвесторларға да қажетті ақпаратты алуға және жұмысты жеделдетуге жол ашатын болады.
Биыл әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп 5 млрд АҚШ долларға жуық 52 жобаның құрылысын бастау жоспарлануда.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан инвестиция тартуға әлеуеті жоғары ел болып саналады. Елімізде жұмыс істейтін инвесторлар бірінші кезекте біздегі экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылықты жоғары бағалайды. Бұл жерде халықтың білім деңгейі, мемлекеттік биліктің инвесторлармен және бизнесмендермен жұмыс істеуге әзірлігі де өте маңызды.
– Бүгінгі таңда инвестор тарту үшін Deloitte компаниясымен бірлесіп 50 ірі жоба дайындалды. Инвестициялық ұсыныстар халықаралық стандарттарға сай келеді. Ағымдағы жылы «Үлкен төрттіктен» халықаралық деңгейдегі консультанттарды қатыстыра отырып, басқа да жаңа жобаларды әзірлейміз, – деді Біржан Қанешев.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның географиялық жағынан орналасуы да шетелден тікелей инвестиция тартуға өте ыңғайлы. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында қоныс тепкен, Азия-Тынық мұхиты портын Таяу Шығыспен және Орта Шығыспен, Еуропамен жалғастыратын негізгі трансұлттық маршруттар Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасында да маңызды рөліміз бар. Қытаймен шекарадағы Қорғас құрлық порты, Каспий жағалауындағы Ақтау теңіз порты, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жол дәлізі сынды ірі инфрақұрылымдық жобалар да еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыра түскені сөзсіз.
Басым бағыттар белгіленген
Бүгінгі таңда экономиканың инвесторларды тартуға басымдық берілген секторлары мен салалары айқындалған. Азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және басқа да қазба байлықтарды тереңдетіп өңдеу, машина жасау сынды салаларға басымдық беріліп отыр. Ақ-
параттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы секторлары да болашақта осы қатарды толықтыруға тиіс.
– Әрине, егер ертең инвесторлар фармацевтикалық зауыт немесе тігін фабрикасын салуға ниет білдірсе, оған біз қарсы болмаймыз. Керісінше, басымдық берілген секторларға көрсетілетін қолдау оған да көрсетіледі. Дегенмен инвесторларды іздеу мен жобаларды әзірлеу кезінде басым бағыттарға көбірек көңіл бөлінеді, – дейді Б.Қанешев.
«Kazakh Invest» компаниясының жобалар портфелінде қазіргі таңда жалпы көлемі 20 млрд АҚШ долларын құрайтын, басым салаларды қамтитын 50 дайын жоба бар. Бұл тізімді компанияның ресми сайтынан көруге болады. 2018 жылы оны тағы 100 жобамен толықтыру жоспарланған.
Біздің компания шетелдік белсенді инвесторлардың жұмысын саралай келе, дүние жүзіндегі барлық инвестицияның жартысынан астамын салатын 11 мемлекетті анықтаған.
Шетелдік инвесторлар жергілікті бизнеске кері әсер етеді деген пікірлер айтылатыны жасырын емес. Алайда «Kazakh Invest» компаниясы бірінші кезекте жергілікті бизнес үшін жұмыс істейді. Кез келген шетелдік инвестор ешқандай әріптессіз, «тап-таза алаңда» жұмыс істеуге мүдделі болмайды. Керісінше жергілікті бизнеспен ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. Сол себепті «Kazakh Invest» еліміздің әр өңіріндегі кәсіпорындардың тізімін жасап, оларды қаржыландыру, жаңа технологиялармен қамту үшін инвесторларды бірлесіп іздейді.
Мысалы, Еуропаның аса ірі компанияларының бірі – «Polpharmа» «Химфарм» АҚ-ның үлесін сатып алып, акционерлік қоғамға 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Нәтижесінде 3 бірдей зауыт іске қосылды. Қазір зауыттың өнімдері шет мемлекеттерге экспортталады. Осы жобаның арқасында жергілікті бизнеске жоғары білікті мамандар, озық технологиялар тартылды, қаражат салынды.
– Біз үшін инвестор – өзінің бизнес идеясы бар, оны өз қаржысын бөлу арқылы жүзеге асыратын болашақ бизнес әріптесіміз. Бұл екі тарап үшін де тиімді, инвестор – межеленген табысына қол жеткізеді, біз – инвестиция көлемін ұлғайтамыз, халықты жұмыспен қамтимыз, мамандарымыздың біліктілігін арттырамыз. Оған қоса, экспорт және қызмет көрсету салаларының көлемін кеңейтеміз, елімізге шетелдік әріптестердің сенімі нығая түседі, яғни басқа да инвесторларды тарту мүмкіндігі артады. Экономикамызға салынған инвестиция еліміздің даму деңгейіне ықпал етеді десем артық емес, – дейді Б.Қанешев.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы шетелдік инвесторларды еліміздің инвестициялық әлеуетіне сендіру жолында барынша күш-жігерін жұмсап, жоғары кәсіби біліктіліктерін көрсететін болады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»