Біз кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайды көрген жоқпыз, бірақ сол саңлақтарымызды санамызда тірілтетін, жадымызға оралтатын осы Қажыбай сияқты дара болмысты, бітімі бөлек әншілеріміз болса керек. Қажыбай ән салғанда өзін-өзі ұмытады, жан-жүрегімен беріле, ынтыға, әрі ынтықтыра айтады. Ол өзінің әшейіндегі қалпынан айырылады, әнге айналады. Маңғаз керілген Арқаның сағым даласын елестетер сұлу, сылқым үн, кең-байтақ далаға ғана тән көркем дауыс. Қажыбайдың осы қалпын көргенде, шабытына мініп, шамырқанған сәттеріндегі үнін естігенде, бұл ғажайып үн таусылмаса екен, тоқырап, тоқтап қалмаса екен дегендейсің.
Қажыбай Жахин туып-өскен топырақ өнер дарыған, қазақтың өнер дәстүрін тұтқан құтты мекен. Қызылту ауданы, Сілеті өңірі, Қулыкөл кеңшары, Береке ауылында туған Қажыбайдың еліктеп өсер ортасы өнерге жақын туыс-тумалары аз емес еді. Ең алдымен, әкесі Бадықтың өзі, шешесі Зәмзәмия елді аузына қаратқан дәулескер әншілер еді.
Егер Қажыбайдың ұстаздық ортасы, өнегелік мектебі туралы ойымызды тарата түссек, Бадық қария Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» жатқа айтып, толғау мақамымен егілте жырлағанда талапты бала тебірене, толқып әсерге бөленуші еді. Шешесінің жиын-тойларда қолқа салғанда аңырата салатын әндері, тіпті шаруаның ара-арасында ұршық иіріп, іс тігіп ыңылдап отырып айтатын әндерін Қажыбай құлағына зеректікпен сіңіре беріпті. Әкесінің құрдастарының бірі, елдегі танымал әнші, әрі ақын болған Талғат деген кісінің де әсері күшті болды. Ол кісінің Магаданда айдауда болып, елін сағынғанда шығарған әнін Қажыбай үлкен толғаныспен тыңдайтын:
Қамке, Қопа, Мұздыкөл,
Тұңғиық пен Алқасор,
Жуантөбе бел қайда
Жағалай қонған ел қайда?
Елдегі Зайт ақсақал, осы күндегі танымал әнші Баян Нұрмышеваның әкесі Байтілеу, ағалары, нағашы ағасы Еркін, өзі өскен орта да болашақ әншінің қабілет-қарымы шыңдала түсуіне зор ықпал жасап еді. Танымал әнші Сабыржан Мәкеновтен үйренгені мол. Сондай-ақ Кәрім Ілиясов та Қажыбайдың Арқаның ән өнерін, оның ішінде сал-серілер шығармашылығын молынан игеруіне зор әсер етті.
Қажыбайдың апасы Бәрия сызылтып ән айтқанда жұрт сілтідей тынып қалады. Бұл күндері ғылым саласында өз өрісін тапқан, филология ғылымының докторы, профессор Бәрия Бадыққызы егер өнердің соңына түссе, Көкшенің ежелгі ән дәстүрін жалғастырып, абыройын асқақтатар еді деп ойлаймын.
1986 жылы облыстық әншілер байқауына қатысып, талабымен көзге түскен Қажыбай Алматыға жолдама алады. Осында оның «Айбозым» әнін орындауы талғампаз қазыларды елең еткізеді. Өнер училищесі директорының өзі бас болып, Қажыбайдың конкурстан тыс қабылдануына себепші болған екен. Талапкерлер көп, қазақтың қай өлкесі де дарынды жастарға кенде болмаған, осылардың ішінен алыс Көкшетаудың, қиырдағы ауданынан келген Қажыбайдың бұзып-жарып, даусыз қабылдануының өзі көп жайды аңғартады. Қажыбайдың бөлек бақыты – ол қабылданған Ж.Елебеков атындағы өнер училищесінде маңдайлары жарқырап Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов ағалары сабақ беретін. Қазақтың бағына біткен екі тұлға, ерен өнерпаз ағалары Қажыбайдың даусын естіп естері шыға қуанды, бірден бауырларына тартты, нағыз Арқа стиліндегі әнші ретінде таныды, бірден өз ізбасарларын көргендей болып, айрықша ықылас танытты. Тіпті Жәнібек ағасы Қажыбаймен киноға түсуді де жоспарлаған екен. «Көкшетау сөнді ме деп едім, Ақан серілердің өнері өшті ме деп едім, жоқ, әлі де бар екен, өнерлілердің жалғасы үзілмеген екен» деп қайран Жәнібек ағасы жүрегі жарыла қуанғанын қалай ұмытар. Әттең, шіркін, Жәнібектей ақылшы ағасының, қазақтың өнер тарланының ғұмыры қысқа болғаны үлкен өкініш. Тәуба дейік, қайта дәтке қуат, Қайрат ағасы аман-есен, Қажыбайға, өзі секілді талай дарынды іні-қарындастарына қамқор, ақылшы болып келеді.
Қажыбаймен сол жылдарда бірге оқыған талай дарынды қыз-жігіттер бар. Олардың ішінде Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Айтбек Нығызбаев, Сәуле Аппазова, Ғалымжан Серікбаевтың жөні бөлек. Бұлар Қажыбаймен қатар танылып, оқуларын үздік аяқтап сол кезеңдерден бастап өнер биігінен көрініп келе жатыр. Бұл күндері олар Қазақ елінің маңдайалды өнер иелерінің қатарында. Қажыбай дос-құрбыларымен шығармашылық байланысын үзген емес. Осылардың ішінде, міне, бұл күндері ердің жасы елуді еңсеріп отырған Рамазан Стамғазиев бір төбе. Ол Қажыбайдың жан жолдасы, ақылшы серігі. Рамазанның жары Ұлту Қабаева да танымал әнші, әзілдері жарасқан құрбылар. Қажыбай сондай достары көтеріліп жатқан биікке тарылмайды, керісінше, қуанады.
Қажыбай еліміздің талай қиырында ертелі-кеш өтіп жатқан конкурстардың жүлдегері. Сонау 1990 жылы қасиетті Торғай топырағында, Арқалық қаласында қазақтың марғасқа перзенттері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың құрметіне ұйымдастырылған дүбірлі тойда топ жарды. Қажыбайға әйгілі аталарының аруағы жар болғандай, қолдағандай болып еді. Сондай-ақ Кенесары Қасымовқа арналған республикалық конкурста Гран-приді жеңіп алды. 1989 жылы, тіпті атағы еліміздің аумағынан да асып, Польшаның астанасы Варшава қаласында халықаралық жастар фестиваліне қатысып, жүлдегер атанады. 2014 жылы ел Президенті Н.Назарбаевтың алдында ән салды. Сонда Арқаның әніне үлкен құрметпен қарайтын, өзі де ән салатын Елбасы Қажыбайдың өнеріне ризашылықпен қол соғып еді. Қажыбайдың «Балқадишаны» орындауы өзгеше, ешкіммен салыстыруға келмейді. Ол бұл әнді түрлентіп, құбылтып, нақышына келтіре, асқан шабытпен орындайды. Кезінде марқұм Кәкімбек Салықовтың өзі бұл орындауға таң қалып, бас шайқаған екен. Кәкімбек ағасымен арасындағы шығармашылық байланыстары өз алдына бөлек әңгіме. Қажыбай К.Салықовтың ең танымал, ең үздік әндерін, атап айтқанда «Ғашығым-ай», «Көңіл назы», «Аққу жеткен», «Аңсау» әндерін асқан шеберлікпен орындап, авторды кезінде риза еткен болатын. Сол кештердің бірінде әнші баласына риза болған арқалы ақын:
Мен көрдім Көкшетауда Қажыбайды,
Ән салса таң атқанша қажымайды – деп толқи жырлап бауырына басып, маңдайынан иіскеп еді.
Қажыбайдың тағы бір қыры ізденімпаздығы. Көп оқиды, ізденеді, жаңа ән естуге, үйренуге құмар. Кезінде «Шырмауық» әнін Қостанайдағы Асылболат әртіс ағасынан үйреніп, ел арасына кеңінен тарауына себепкер болған Қажыбай екендігін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Қажыбайдың көп ізденуінің бір дәлелі, оның ел-елді көп аралайтындығы. Ол 1989 жылы айға жуық уақыт Омбы өңірлерін аралап, бір айдай айтыскер ақын Серік Құсанбаевпен бірігіп Баянауыл, Кереку өңірлерін шарлағаны да шабытына қанат бітіргендей еді. Кезінде көп сапарларына облыс басшысы Қасым Тәукеновтің қолдау жасағаны өмірі естен кетпес жақсылықтай еді. Ол сол сапарларда К.Ілиясов, Ж.Есекеев ағаларымен бірге жүріп, өнер, музыка туралы көп ойларын ортаға салысып, жиі талқылап жүрді. Бұлардың бәрінің пайдасы ұшан-теңіз еді.
Қажыбай әнді талап-талғаммен орындайды, әрі соған сай ұлттық киімді де талғаммен киінеді. Жарқырап сахнаға шыға келгенде, асқақтата салған әні, ажарлы келбеті, әппақ манардай көркем өрнекті ұлттық киімдері тұтас гармония құрап, халықты баурап әкетеді. Осындай, өнерге бола жаратылған жанып тұрған жігіттің кейде әлдебір әділетсіздіктерге жабырқап жүруі де жараспас. Арқаның ән өнерінің туын биікке көтеріп жүрген Қажыбайдай азаматқа қолдау керек, ағайын!
Дәулет ӘМІРҰЛЫ,
журналист
КӨКШЕТАУ