"Бізде өзі не болып жатыр, бұл әскери қақтығыс та, кен орнындағы метанның шығып кетуі де емес қой. Жұрт балаларын ертіп демалуға келді. Біз демография туралы айтып келгенімізбен, осынша адамнан айырылып отырмыз. Бұл қылмыстық салғырттықтан, немқұрайлылықтан болып отыр", дейді Путин Кемероводағы жиын барысында.
Бұдан бөлек, Владимир Путин Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинге қайғылы оқиғаға жол берген қызметтік тұлғалардың әрекетіне құқықтық түрде баға беруді тапсырды.
Ресей президенті сейсенбі күні таңертеңгісін Кемеровоға келіп, өртенген сауда орталығын аралап шықты. Жұрт гүл шоқтарын жинаған орынға Владимир Путин де гүл қойды.
Айта кетейік, Кемероводағы төрт қабатты сауда-ойын сауық орталығы жексенбіде өртенген болатын. Ресми деректер бойынша қайғылы оқиғадан 64 адам қаза болды, оның жартысына жуығы балалар.