Бір уақытта өзгелерден оқшаулау жерде, топырақты күрекке толтыра ағаш түбіне тастап жатқан ірі денелі кісіні байқап, суретке тезірек түсіріп алуға ұмтылдым. «Бұл кім екен?» деп жақындағанымда, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровті бірден таныдым.
Қонақтар бақтан шығып, Оңтүстік өңіріндегі түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдарымен танысты, сосын Наурыз алаңына бет алды. Мұнда түркістандықтар айтулы мерекеге ерекше дайындалыпты. Облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі, ортаға қазақтың тұңғыш ғарышкерін шақырып, ат мінгізді, иығына шапан жапты. Бұл қошеметке көпшілік орындарынан тік тұрып, қайта-қайта қол шапалақтау арқылы батырға құрмет көрсетті. Түркиядан келген ағайындар да мерекемен құттықтап жатты. Алып тұлғалы Тоқтар толқып, Оңтүстіктің жұртшылығына ризашылығын жеткізді. Сондай денемен атқа қонысы, асаудың тізгінін тартысы бала кезінде талай тұлпардың құлағында ойнағандай әсер етті маған.
Салтанатты жиын түрлі ұлт өкілдерінің театрланған көріністеріне, ән, биге ұласып, Наурызкөже таратылды.
Түс қайта конференция залына жиналдық. Таза ауада сәл-пәл тыныс алайын деп, әсем сәмбі талдың көлеңкесінде тұрғанмын. Жүз метрдей жерде Тоқтар келе жатты. Оңтайлы сәтті жіберіп алмай, суретке тағы да түсіргім келді. Құдайдың қарасқанын қарасаңызшы, дәл сол кезде тұсымнан бір келіншек балдырғанын жетектеп өте берді. Уақыт ұтқызбай, қолқа салдым:
– Қарындас, ана кісі – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкеріміз, балаңа түкіртіп алсаңшы.
Ол бірден келісе кетті. Енді батырға қарай жүгірдім. Санаулы секундта басыма неше түрлі ой келді. Айтқаныма көнер ме екен деген қамкөңілдік те жоқ емес.
– Тоқтар аға, қазақтың салт-дәстүрін қадірлейтініңізді сырттай білемін. Бүгінгі мерекеде мына балақайға түкіріп беріңізші, – дедім.
Тоқтар ағамыз қалбалақтап, жас балаша қуанып:
– Кел бері, болашақ батырым! – деп, жерден үш рет тік көтеріп, маңдайынан сүйіп, батасын берді.
Міне, өтіп жатқан өмір, бұған да он екінші жылға айналды. Сол кезде тұңғыш ғарышкерімізді суретке түсіргеніме қуанып жүріп, бүгінде мүшел жастан асқан әлгі балдырғанның аты-жөнін жазып алмағаныма өкінемін. Келешекте ғарышкер, ұшқыш болып, анасы: «Саған екі жасыңда, Ұлыстың ұлы тойында Тоқтар атаң бата берген», – десе, оңайлықпен сене қояр ма екен?
Орынбай ҮНДЕМЕС
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы