12 Ақпан, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

1123 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жұрт күткен оқиға жүзеге асты. Украинада президент сайлауы өтіп, Аймақтар партиясының көсемі Виктор Янукович жеңіске жетті. Ресми түрде сайлау қорытындысы 17 ақпанда шығарылуға тиіс дегенмен, орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәлімет шүбә келтірмейді. УКРАИНА: ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАНДЫ, ДАУ БІТПЕЙТІНДЕЙ Өткен жолғы сайлауда да ал­ды­мен Янукович жең­ді деп хабар­лап, оны талай жұрт құттықтап үлгіргеннен кейін де жағдай мүлде өзгеріп, жеңіс Ющ­енкоға беріл­ген. Аузы күйген үріп ішеді дегендей, енді орталық сайлау комиссиясы өз мәлімет­теріне аса сақтықпен қарап, тек мұ­қият тексергеннен кейін ғана ха­барлап отырғанға ұқсайды. Халық­аралық байқаушылар да дауыс бе­руде бұрмалаушылыққа жол берілмегенін мәлімдеуде. Сайлаудың қорытындыларын мойындамасқа амал жоқ, бірақ Януковичтің қарсыласы қазіргі премьер-министр Юлия Тимо­шен­ко өзінің жеңілісін мойын­дағысы жоқ. Ол жаңа президент Виктор Януковичпен күресін алдағы уақытта жалғастыра беретінін ашық аңғартып отыр. Қалай болғанда да қазіргі шын­дық – мемлекеттік биліктің тізгінін Виктор Янукович ұстады. Ал ат­қарушы билік – премьер-министр Юлия Тимошенконың қолында. Оны өзгерту парламентке қатысты. Онда әлі де Тимошен­коның жақтастары басым. Жалпы, елдегі саяси ахуалды біржола өзгерту үшін жаңа парламент сайлауын өткізіп, саяси күштердің арасалмағын қайта безбендеуге тура келеді. Оған ке­шегі өткен прези­дент сайлауының айтарлықтай әсері болмақ. Үлкен ауқымда алғанда, бұл сай­лауға бүкіл Еуропа, сондай-ақ Ре­сей айрықша назар аударған. Кей­бір Ресей саясатшылары тура ай­туға тайсақтап, кім жеңсе де, со­нымен тіл табысуымыз керек деп жал­тарма сөйлегені бар. Олар Яну­ковичті қалады. Оның жеңісіне қуанды. Енді мұны жасырмай да отыр. Ал Батыс болса, Тимошен­ко­ның батылшыл саясатын қол­дайтыны анық. Сөйтсе де осынау ұшқалақ қайраткердің ұшқалақ әрекеттерінен Батыс айтарлықтай зиян шеккені де даусыз. Украина мен Ресей арасындағы эконо­ми­ка­лық кикілжіңдері Еуроодақ елде­ріне жайсыз тиді. Содан да тізгінді Янукович ұста­ғаннан кейін Ук­раина мен Ресей арасында қалып­ты қарым-қаты­нас орнап, Ре­сей­дің мұнайы мен газы Еуропаға айқай-шусыз жетіп жатар болса, одан Батыс ұтады. Бұған дейін Шығыс Еуропа­дағы Украинадай айтарлықтай қуатты ел басшылығындағы алау­ыздық бұл елдің өзіне ғана емес, жалпы аймаққа, онымен қарым-қатынас жасайтын көрші елдерге теріс ықпал жасап келді. Бұл ел­дер Украинадағы президент сай­лау­ына біраз үміт артқан. Сайлау елдегі саяси күштерді екшеп, бай­салды, парасатты басшылықтың келуіне жағдай жасар деген. Ең бастысы – билікке келгендер бұрынғыша өзара қырқысып жатпас деген. Белгілі дәрежеде Януковичтің жеңісі соған негіз болатындай. Ен­­­­ді үкімет басшылығына прези­дент адамы отырар болса, билік­тегі алауыздықты жоюға жағдай бар. Бірақ бұл үшін әлі күресу керек. Ал елде парламент сайлауы өтіп, онда Тимошенконың жақ­тастары басымдыққа жетер болса, тұрақтылықтың ауылы алыс. Сарапшылардың біразы же­ңіл­ген жақ халықты көшеге алып шығар деп те топшылаған. Бірақ Тимошенко оған бармады. Бұл парасатты қадам болды деген жөн шығар. Олар майданға шықса, Яну­кович жағының да қарап қал­масы анық еді. Бұл текетірестен Тимо­шен­ко ұтылар еді, тіпті біраз беде­лінен айырылар еді. Алдағы күресте оған ондай бедел керек. Жал­пы сайлаушылардың жарты­сына жуығы (45,47 пайыз) оны қолдайтынын әсте де естен шығармаған жөн. Қалай болғанда да, елде ұлттың басын біріктірер бір мықты саяси күштің, ұлттық деңгейдегі беделді көшбасшы қайраткердің жоқтығы алдағы уақытта да Украина халқының бағын байлап, берекесін кетіретінін аңғартады. КОСТА-РИКАЛЫҚТАР ӘЙЕЛ АЗАМАТЫН ТАҢДАДЫ 7 ақпанда біраз ел өздерінің басшыларын таңдады. Соның бірі – Коста-Рика Республикасы. Осында өткен президент сайлауында биліктегі солшыл Ұлттық-азаттық партиясының өкілі, вице-президент қызметін атқарып келген Лаура Чинчилья айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осы жерде бұл ел жайында бір ауыз айта кет­кен жөн болар. Орталық Аме­риканың орта­сын­да орналас­қан бұл шағын ел әрқашан әлемдік оқиғалардың ор­та­сында жүреді. Сөйтсе де бейтараптық саясаты оны түрлі орынсыз қақтығыстардан аман сақтап келеді. Сонау елуінші жылдарға дейінгі консервативтік хунта билігінен кейін мұнда демократиялық жүйе қалыптасқан. Кезекті парламент сайлауына да олар Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты президент Оскар Ариастың басшылығымен парасатты демократиялық саясат ұстанып келеді. Бұл елдің халқы қашанда бел­сенді. Белсенді болғанда, олардың әрекеттерінде қаталдық емес, әрқашан ашықтық айқын көрініп тұрады. Пікірлерін ашық айтады, орынсыз қақтығысқа бара қоймай­ды. Бұл қасиет осынау сайлауда да айқын көрінді. Үміткерлер белсен­ді де ашық күресті. Бірақ бір-бі­рінің шамына тигендей ұсақтыққа бармаған. Осындай бәсекеде қа­зіргі вице-президент Чинчилья­ның сөздері саңқылдап естілді де жұрттың назарына көбірек ілінді десе болғандай. Тағы бір айтатын жай: бұл ел­дің заңы бойынша 40 пайыздан жо­ғары дауыс алған үміткер ал­ғаш­қы турдан кейін-ақ прези­дент­тікке сайлана береді. Сондықтан да дауыстарын толық есептеп болмай жатып-ақ Жоғарғы сайлау трибун­а­сының төрағасы Луис Антонио Собрада сол межеден асқан Чинчильяның жеңіске жеткенін жариялап жіберді. Оған оның негізгі бәсекелестері 22,616 пай­ыз дауыс жинаған оңшыл Азаттық қозғалыс партиясының көсемі Отто Гевара да, 21 пайыз дауыс ал­ған солшыл центристік Азаматтық әрекет партиясының көсемі Оттон Солис те өкпелей қоймағандай. Ха­лық жеңімпазды құттықтап, көшеге шығып, ел өз өміріндегі үлкен оқиғаны мерекеге айналдырды. Сірә, күрес ашық жүрген жерде орынсыз дау-дамайға жол жоқ. Сайлауға 200-дей ха­лық­аралық бай­қау­шылар қа­ты­сып, айтарлықтай бұ­р­ма­лаушы­лық­тың орын алмаға­нына куәлік етті. Ең бас­тысы – бұл елде сайлау кезін­де бұрмала­у­шы­лық әрекеттерге ұм­тылыс бола қой­ған жоқ. Бағзы бір жерде жа­ғым­сыз әрекеттер сол байқау­шы­лардың көз алдында болып жатады. Лаура Чинчильяның жеңісін де жұрт ашық демократиялық үр­дістің көрінісіндей қабылдап отыр. Оны шын мәнінде халықтың көпшілігі қолдады. Біраздан бері оның қызметі де көпшіліктің көз алдында. Мамандығы бойынша саясаттанушы Чинчилья өз елінде, сонан соң АҚШ-та білім алған. Қашанда ойын ашық айтатын, батыл сөйлейтін ол халықтың көз алдында жүрді. 1994 жылы ішкі істер министрінің орынбасары, біраз уақыттан кейін министр болған кезде де шешімділігімен көзге түсті. Одан кейін парламент депутаты болып сайланды. Ал Оскар Ариас президент болып сайланғаннан кейін Чинчильяны вице-президенттік қызметке ша­қырды. Сондай-ақ, ол әділет ми­нистрі қызметін де қоса атқарды. Сайлау науқанында ол қазіргі президенттің демократиялық жо­лын одан әрі жалғастыратынын мә­лімдеді. Оған дейінгі қыз­ме­тінде Лаура Чинчилья, әсіресе, әйелдердің қоғамдағы орнын көтеруге көбірек көңіл бөлген бо­латын. Сондықтан да осы сай­лау­да ол әйел сайлаушылардың біраз даусын жинады деуге де болады. Бұл істі алдағы уақытта да жалғастырмақ. Чинчильяға біраз дауыс әпер­ген жай – оның кедейшілікпен күрес бағдарламасы. Оған қан­ша­лықты қол жеткізетінін кім білген, ал бұл – Коста-Рикадай мүм­кін­дігі шектеулі ел үшін басты проб­лема. Сонымен қатар, халық та осынау отша жанып тұрған қай­рат­кердің өз уәдесінен шығу жо­лында аянбайтынына сенімді. Мамадияр ЖАҚЫП.