![301111-13](http://old.egemen.kz/2011img/301111-13.jpg)
Алғашқы нөмірі жарық көргеніне 75 жыл толып отырған газеттің осы мерекелік нөмірінде басылымның сол кездегі бас редакторы Нұрлан Оразалиннің жоғарыдағыдай атпен мақаласы беріліпті. «Уақыттан ғұзырлы да құдіретті күштің жоғын жер басып жүрген жұмыр басты пенде әлдеқашан мойындаған. Оның тізгініне ілігіп, жетегіне жүрмейтін нәрсе жоқ. Жасару, жаңғыру, алмасу секілді табиғат-ананың мәңгілік мінезін аңғартар құбылыстар сол уақыттың арқасында жүзеге асады» деп бастапты мақаласын Нұрлан ағамыз.
Мұнан кейін өз сөзін оқырманына бүкпесіз айтып келе жатқан аға басылымның бастау-бұлағында Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Бернияз Күлеев, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоқжанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов секілді ұлтымыздың, рухани көшіміздің басшылары, күрделі заманның ұлы тұлғалары тұруының өзі ұлттық баспасөздің абыройы мен беделінің қаншалық зор болғанын көрсететіндігін айтып өтіпті. «Қазақ елі үшін қай кезде де елі мен жерінің тұтастығын қызғыштай қорғау мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Бұдан ауыр да күрделі мәселелер болған да емес» дей келе аты бірнеше мәрте өзгерген басылымның бұл мәселе ұлы міндеті екендігіне және ол міндеттің өзгермейтіндігіне тоқталған. Иығында осымен қатар парыз бен жігер-намысы қалғыңқырап кеткен халықтың рухын ояту міндеті қатар тұрған басылымның алдынан аз кедергілер ұшыраспағандығын, оның ең ауыры өмір мен қоғам тіршілігін саяси биліктің – тоталитарлық құрылымның «көзжұмбай» сыңарезу боданына байлап-матап қойып, өз дегенін істеткен, миллиондарды рухани құлдыққа салып келген «большевизм дәуіріне» байланысты болғандығын айтыпты. Газеттің осы кездегі қызметі жайында баяндай келе: «Бұл орайда, басылымның биікке шыққан сәті де, күйікке батқан кезі де көп. Шындыққа шырқырап ара түскісі келген редакторларымыз Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғаббастардың өмірі қалай аяқталғаны ел жадында. Әрі-беріден соң жұмыр басты пенденің жаңылмайтыны кемде-кем. Қиын, күрделі кезеңнен сүрінбей өтер болса, құдіреті күшті жаратушы ғана өтер. Газетті шығарып отырғандар құдай емес, қатардағы жұмыр басты пенделер... Ендеше, басылым тарихының қайсы бір кезеңдеріне бағаны ойланып, толғанып айтқанымыз жөн» депті.
«Төрткүл дүниеден сұрап алған тәуелсіздігіміздің тамыры терең, рухы биік болсын! Азат елдің амандығы мен ынтымағын тілейік! «Егемен Қазақстан» елге қызмет етсін!» деп мақаласын аяқтапты.