Журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз, қоғам қайраткері Темірбек Қожекеевтің бұл мақаласында газет алғаш ұйымдастырылған кезде оның басында болған азаматтар туралы айтылады. Мақала былай басталыпты: «1919 жылы Орынбор ақтардан тазартылғаннан кейін «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет» құрылып, іске кірісті. Баспасөз секциясын ашып, өз газеті «Ұшқынды» шығару үшін редакция алқасын түзді. Оның жетекшісі болып бұрын Бөкейде «Ұран», «Дұрыстық жолы» газеттерін шығаруға қатысқан орысша, қазақша дайындығы бар Тәмімдәр Сәниев белгіленді».
Мұнан кейін 1920 жылы Қазақ автономиялық республикасы жарияланған тұста «Ұшқынның» орнына жарық көрген «Еңбек туы» газетін редакциялық алқа шығарғандығы, оның басты ұйымдастырушысы Сәкен Сейфуллин екендігі, Сәкеннің «Манап – Шамиль» деген бүркеншек атпен газеттің жетекші саяси мақалаларын жазып отырғандығы айтылады.
«Еңбек туының» жалғасы болып, 1921 жылы қарашада шыққан «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы Әбдірахман Байділдин екен. Осы газеттің 3 жылдығына орай берілген мақалада былай делініпті: «Еңбекшіл қазақтың» өзегі мына төмендегі шығарушылар ұйымының мүшесі үш жолдас еді: Жүргенұлы Темірбек, Байділдәұлы Әбдірахман, Алдоңғарұлы Ерғали».
1922 жылдың соңында газет редакторы болып Сәкен Сейфуллин тағайындалады. 1924 жылдың сәуірінен оның орнына Молдағали Жолдыбайұлы келеді. Темірбек Қожекеевтің мақаласында атап көрсетілгендей Молдағали Жолдыбайұлы газетке саяси дұрыс бағыт, ғылыми салмақ беруге, осы арқылы қазақ еңбекшілерін саяси тұрғыдан ағартуға көп күш салады.
1925 жылдың басынан 1926 жылдың сәуірі арасында «Еңбекші қазақ» редакторы Смағұл Садуақасов болады. Ол Қостанайдан Бейімбет Майлинді шақырып, өзіне әдеби хатшы етіп алады да оның шығармаларын бұрқырата жариялайды. Сол кезде «жау» атанып жүрген Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектерге іш тартып, сөз беріп, оларды тәуір насихаттайды. Осы үшін сол жылы наурыз айында Орталық партия комитеті «Еңбекші қазақ» газетінде ұлтшыл оқығандар туралы, қазақ арасындағы тап күресі туралы, партиядағы солшыл жастар туралы партия жолына сай келмейтін пікірлер жіберілді деп сын айтады.
Мұнан соң «Еңбекші қазақ»газетінің редакторлығын Тұрар Рысқұлов атқарады. Ол «Қазақ баспасөзінің мақсаттары», «Баспасөз туралы» деген тақырыптармен мақалалар жариялап, баспасөзге жаңаша көзқарас қалыптастыруға ұмтылыс білдіреді. Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезін өткізіп, оның Бүкілқазақстандық Орталық бюросын құрады. Қаламгерлер қауымы оған төраға етіп Тұрардың өзін сайлайды.
Тұрардан кейін газетке Ораз Жандосов редактор болса, мұнан кейін оның орнын Ораз Исаев алмастырады. 1926 жылғы 30 тамыздан 1932 жылдың мамыр айына дейін газетті Ғаббас Тоқжанов басқарады. 1932 жылдың 28 мамырында редактор болып Әйтіке Мусин тағайындалады. 1934 жылы оның орнына Ғабит Мүсірепов келсе, 1937 жылы Ғабит ағамызды Жүсіпбек Арыстанов алмастырады. Жүсіпбектен редакторлық эстафетаны Сақтаған Бәйішев алады.
«Бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы 20 жылдығы керуенбасы редакторлары осылар. Бұл жерде уақытша редактор ретінде Бейімбет Майлин, шығарушылардың бірі ретінде Жүсіпбек Аймауытов та газетке басшылық жасағанын ескерген жөн» деп аяқтапты өз мақаласын Темірбек Қожекеев ағамыз.