Әбекең ұлы ержеткен соң Сарысу-Шудың бойында дүкен ұстап, Бұқараның мыс ыдысы мен Құлжаның қытай матасын саудалайтын, қазіргі тілмен айтқанда кәсіпкер досына аттандырады. Әрі ол досына хат жазып, жалғыз ұлымды еңбекке баулып беріңіз және мұның қолына кәсіп ашып, сауда жасауына жететіндей қаражат ұстатыңыз, оның қайырымы менен, деп өтініш етеді.
Аманбай байдың мұндағы ойы – әке дүниесін өзінікіндей сезінетін ұл басқадан алған мүлікті ұқыптап ұстап, сауда үйренер, еңбекпен тапқан дүниенің ләззатын татар дегені екен. Сөйтіп ширап адам боп кетер. Әйтпесе, өзінде де дүние-байлық жетерлік. Әттең осыған ие болар ұлдың түрі мынау...
Әкесінің аманат хатын арқалап, жолға шыққан ұл меңіреу дала Бетпақты басып өтіп, жазға салым дүкеншінің ауылын тауып келеді. Дүкенші ақсақал елдің шеткі жағында тас бұлақтың басына жеке үй тіктіріп, сол жерде адамдарды қабылдап, сауда-саттығын жүргізіп отыр екен.
Айшылық жолды артқа тастап жеткен ұл «Ассалаумағалейкумді» айтып табалдырық аттайды. Төр алдында қаққан қазықтай қара камзолын желбегей жамылып бір қария отыр. Қарсы алдындағы үстелде қаптаған қағаз. Киіз үйдің дәл ортасында құрулы ошақта ашық от жағулы тұр...
«Уағалейкумсалам, төрлет балам», – деп сәлемін алған ақсақал, қонаққа шай ішкізе отырып, мән-жайға қанығады. Досының аманат хатын оқып болып, қоймашы ноғайды шақыртады. «Қоймадағы сандықтан бір дорба күміс ақша алып кел!». Үкім орындалады. Сөйтіп бір дорба күміс ақшаны жолаушы жігіттің қолына ұстатады. «Осыған кәсіп істе!».
Сыңғырынан құлақтың құрыш-қышуы қанатын таза күміс ақшаны бейғамдау қолына алған бала, төс қалтасынан қораптағы шылым алып шығып, оның біреуін сіріңке шағып тұтады. Отырып алып көк түтінді сораптайды. Осының бәрін байқап отырған саудагер қария: – Балам, әкең шаруақор жақсы адам еді, сен оған тартпаған екенсің, жаңағы күміс ақшаны қайтар да, келген ізіңмен еліңе қайт, – дейді.
Түкке түсінбеген жігіт еліне оралады. Әкесіне болған оқиғаны тәптіштеп баяндайды. Осылай да, осылай берген ақшасын қайтып алды. Манадан бері ұлының әңгімесін үнсіз тыңдап отырған әке «Е, қарағым, сен байымайтын бала екенсің» дейді. «Қалай әке?». – Шырағым, қасыңда лаулап тегін от жанып тұрса, сен темекі тұтату үшін бір тал сіреңке шығындапсың, соны ана менің досым байқап қалған да, сенің байымайтын бала екеніңді білген. Сөйтіп, ың-шыңсыз жолға салған. Енді түсіндің бе?
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»