Ол – бесіктегі бөбегін әлдилеген мейірбан ана, асыл жар, жанашыр әпке, аяулы сіңлі, сыршыл құрбы бейнесінен бастап ет жақынын соғысқа аттандырған зарлы әйелдің шерлі күйіне ауысса, енді бірде ерлермен бірге жауға шапқан Тұмар, Зарина патшайымдардың, бойына инабаттылық пен даналық дәнін еккен Айша бибі, Қарашаш, Данагүлдей арулардың текті болмысына ұласып өнер тілі арқылы оқтын-оқтын ортамызға оралып отыруы өмірдің өз заңдылығы іспетті.
Астанадағы Artline Gallery өнер галереясында ашылған «Әйел: миф және шындық» атты қазіргі заман кескіндемесінің көрмесі осы сөзімізді дәйектей түседі. Көпшілік назарына ұсынылған кескіндемелердің негізгі тақырыбы – қазіргі замандағы әйел бейнесі. Әлем өзгерді. Әлеммен бірге адам да өзгерді. Соның ішінде, әсіресе әйелдің қоғамдағы орны, психологиясы өз ерекшелігін қалыптастырып үлгерді. Яғни, қазіргі заманның әйелдері қандай? Әртүрлі шектеу мен шеңберден шыққан нәзік жандылар бейнесі бүгінде қалай қалыптасып жатыр?..
«Әйел: миф және шындық» атты сурет көрмесі осы сауалдарға барынша жауап беруге талпынады. Көрме төріне қойылған Дәурен Макин, Татьяна Хохлова, Нина Терешенко, Нэлли Бубэ, Вера Слабоспицкая, Елена Ралина, Ақтоты Көлке, Өмірбек Тілеулиев, Сембіғали Смағұлов, Абай Чунчалинов бастаған отандық суретшілердің қай-қайсысы да қылқалам тілімен өз қиялындағы әйел әлемінің құпиясын ашып көрсетуге ұмтылыпты.
– Бұл көрменің басты ерекшелігі – классикалық, академиялық бейнелеу тәсілдері емес, шартты суреттеу әдістерінің алға шығуы. Жастардың соған ден қойып, осы тәсілге басымдық беруі дер едім. Яғни, жұмыстың біріншіден, абстракциялық, екіншіден түр-түстің үйлесімі арқылы берілуі, көрсетілуі. Сурет өнерінде түр-түс үйлесімділігі үлкен мәнге ие. Түс арқылы кез келген тіршілік иесінің ішкі көңіл-күйін бейнелеуге болады. Мәселен, сары, ақ, жасыл және тағы басқа түстер адам көңіл-күйінің көтеріңкілігі мен мамыражай, жайбарақаттығын әйгілесе, керісінше, қатқыл түстер жайсыздық пен қайғы-уайым хәлінен хабардар етеді. Көрмеден осындай ерекшеліктерді көріп, марқайып шықтық. Назарға ұсынылған жұмыстардың ішінде, әсіресе, Дәурен Макиннің «Келін» картинасын айрықша атап өткім келеді. «Келін» – Дәуреннің еліктеу, көшіруден ада, өзіне ғана тән талант пен шығармашылық ізденісінің жемісі. Осындай ізденгіш жастардың өсіп келе жатқаны қуантады, – деді Ресей Ұлттық дизайн академиясының төрағасы, профессор Ермек Асылханов.
Иә, бұл көрмеде әр суретші көркемөнердегі өз стилі мен ерекшелігін сақтай отырып, бірі екіншісіне ұқсамайтын айрықша өнер туындыларын өмірге әкелуге ұмтылыпты. Әйтсе де, өз қолтаңбасымен даралануды мақсат еткен қылқалам шеберлерінің әйел бейнесін бедерлеудегі барлығына ортақ үндестік – әйел әлемін көктем, гүл бейнесімен, нәзік те жарқын бояулар гаммасын пайдалануымен бір арнада тоғысады. Ең бастысы суреттің әрқайсысында әйел, ана табиғатына тән жылылық пен нәзіктік бар. Өнер туындыларының ешбірі жансыз емес, кез келгенінің мазмұны мен астарында ізгілік нұры мен өмір жалғастығының ізі сайрап жатыр. Әйелдің де бұл өмірдегі басты миссиясы да осы емес пе?!.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»