Білім • 28 Наурыз, 2018

«Көркем еңбек» пәнінде түйткілдер бар

10170 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғылым мен білім өркендеген заманда өнердің түрлері де кө­бейіп, тармақталып жатыр. Со­лар­дың бірі әрі бірегейі – бейнелеу өнері.

«Көркем еңбек» пәнінде түйткілдер бар

Баланы, әсіресе мек­­теп жасындағы оқушыларды бейнелеу өнеріне баулу қашанда кезек күттірмейтін міндет екені ай­дан анық. Абай атамыз өзінің отыз үшінші қара сөзінде өнер туралы былайша тұжырым жа­сайды: «Егер мал керек болса,­ қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал өнерін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол». Бұл қара сөзінде ұлы ойшыл өнерді, жалпы өнер адамын қазақтың қастерлі адамы деп әулиеге теңейді. Мысалы, өнер­лі адамдардың қолымен жа­салған әдемі заттарды киелі деп қастерлеп, төрге қойып, оны өзінің соңынан ерген балаларына, немерелеріне мұра қылып қалдырып отыратыны белгілі. Бұл дәстүр елімізде ғасырдан ға­сырға жалғасып келеді. Соң­ғы уақытта Елбасымыздың қол­дауымен халқымыздың мәдени құндылықтарына ерекше көңіл бөлініп, қомақты жұмыстар жүр­гізіліп жатқанын да өнерге деген оң көзқарастың бір айғағы деп санауға болады. Егемен елі­міздің керегесі бекіп, дамыған отыз мем­лекеттің қатарына енуді ме­же­легенде өнерді де қалыс қал­ды­руға әсте болмайды.

Қазіргі таңда жалпы білім бе­ретін мектептерде «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндері біріктіріліп, ол «Көркем еңбек» пә­ні ретінде 1,2,5,7-сыныптарда 2017 оқу жылынан бастап жүргізіліп келеді. Осы орайда бір мәселе туын­дайды. Біріншіден, ешбір жо­ғары оқу орнында «Көркем ең­бек» мамандарын дайындамайды әлі мамандық классификаторы да дайындалған жоқ. Екіншіден, қазіргі кезде мектептерде көркем еңбек пәнінен қай мамандық иесі сабақ беріп келеді? «Бейнелеу өнері және сызу» мұғалімі ме? Әлде «Технология» пәні мұғалімі сабақ бере ме? Үшіншіден, неге «Көркем еңбек» пәнін оқу үде­рісіне енгізу барысында осы пәнді оқытатын мамандар дайындап алу қажеттігі қарастырылмаған? Төр­тіншіден, «Көркем еңбек» пә­нінде берілген мәліметтерде өзі­мізге белгілі бейнелеу өнері салалары – графика, сәндік қол өнері, зергерлік өнер, кескіндеме, дизайн, мүсін т.б. жайындағы мәліметтерде Қазақстан бейне­леу өнері мәселелерін зертте­ген ғалымдар, атақты қазақ су­ретшілерінің шығармалары жа­йын­да өте аз мағлұмат берілген. 

Мысалы, 2017 жылы оқу үде­рісінде 5-сыныптың «Көркем еңбек» пәні оқулығымен таныс­қанда мы­нандай ойға келдік. Әлемде «Бей­нелеу өнері», «Көркем бі­лім» деген атаумен мектепте, кол­леджде, ЖОО-да мамандық бо­йынша дәріс беріп, мамандар да­йындап келеді. Кезінде ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан қазақ өнерінің ой-өрісін саралап, тылсым дүниесіне терең ғы­лыми талдау жасап берді. «Әр ха­лықтың әдемілікке, сұлулыққа, өнерге деген көзқарасын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Қазақ халқының салт-дәстүрі көшпелі бол­ғанымен, өнері көшпелі бол­ған емес. Өнерде өзіндік қол­таңбасы жоқ халық өледі», деген болатын Әлекең. Біз бейнелеу өнерін уақыт өткен са­йын менсінбей, өшіретін бол­сақ, халықтың өнердегі қол­таңбасының өшері анық. Бұл – ака­демиктің айтқаны ақиқатқа айналады деген сөз. Демек бейнелеу өне­рін жүйелі оқыту, ба­­ланы жас­тайынан баулу ісі бар­шамыздың алдымызға байыпты мін­деттер қояды.

5-сыныптың «Көркем еңбек» пәнінде оқыту қыздарға және ұл­дарға деп бөлінген. Негізі бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрларын оқыту жыныс тал­ғамайды. Осының өзі бейнелеу өнері мен көркем еңбек айыр­машылығын білдіреді.

Оқулық ұлттық бейнелеу өнері негізінде құрастырылуы қажет деп есептеймін. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ» атты Жолдауында: «Толық өркениетті ел болу үшін ал­д­ымен өз мəдениетімізді, өз та­рихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеру­ге ұмтылғанымыз жөн», деп ба­ғытымызды айқындап берген болатын. Мəдениетімізде, ата тарихымызда қазақ бейнелеу­ өнеріндегі шығармашылық туын­­дыларда дәстүрімізді, мә­дениетімізді, ұлттық мұра­ла­рымызды дәріптейтін бағыт­тары көп емес пе?!

«Өз ұлтын сүю – өзге ұлтты жек көру емес», деп Б.Момышұлы ата­мыз айтқандай, оқулықта қа­зақ суретшілерінің туындылары аз пайдаланылғаны түсініксіз. «Көр­кем еңбек» пәні оқулығында Т.Шевченко, В.Боровиковский, А.Матис, Ф.Рубо, В.Крестинков, Ян ван Кессель, В.Стожаров, Л.Леонтьев, Е.Ким, Б.Кустодиев, И.Богданов, Н.Сверчков, Н.Хлу­дов, К.Костанди, М.Сарян, Г.Фрес­ка, Р.Кэмпбелл, Н.Ка­разин, И.Шишкин, Г.Кайботт сын­ды суретшілердің туынды­лары пайдаланылған. Ал қа­зақ­­стандық суретшілерден Ә.Қас­­теев, А.Әбжанов, С.Айт­­­баев, ­Г.Ысмайлова, А.Ғалым­баева­ның ғана еңбектері көр­сетілген. Сонда біз қай елде өмір сүріп жатырмыз, ұлтымыз кім? Қандай құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіріп, кім­дерді насихаттап жатырмыз?.. (Оқулықта 19 өзге ұлт өкіл­дерінің суретшілері мен 5 қазақ суретшісі бар). Бұл бойында ұлттық намысы бар адамды бейтарап қалдырмайтын мәселе деп ойлаймын. Бейнелеу өнері бөлімінде 8 практикалық жұмыс қана берілген. Бұл өте аз. 10-шы бетте берілген екінші тапсырма өте күрделі. «Өз туған өлкелеріңе арналған пейзаждар көрмесін дайындау». Оқу жылы енді басталып, сурет салуды ен­ді меңгеріп жатқанда қандай көр­ме дайындайды? Бәлкім оқу жы­лының аяғында сыныптың бай­қау көрмесін жасау керек шығар.

Үшінші тапсырмада «Мектеп га­зетіне, (мектеп сайтына) арнал­ған «Натюрморт түрлері» атты ма­қала дайындау» деп тапсырма берілген. Мүмкін натюрморттың суретін салу тапсырмасын берген дұрыс болар. «Бейнелеу өнері» пәнінде оқушылар бейнелейді, сызады, бояумен бояйды.
Төртінші тапсырмада «Менің сүйікті жануарым өнердің әр түрінде» деген сөйлем түсініксіз. Бейнелеу өнері салалары бо­йын­ша «Менің сүйікті жануа­рым» деген дұрыс болар мүм­кін. Компьютерлік таныстыры­лым (презентация) дайындау тапсырмасы берілген. 5-сынып оқушысы PowerPoint бағ­дарламасында жұмыс істей ала ма? Ауылдық мектептерде арна­йы компьютерлік сыныптар бар ма?

Осы тұста айта кететін жағдай, оқу­лықта ұл балаларға арналған «прак­тикалық жұмыс», ал қыз ба­лаларға арналған оқулықта «тә­жірибелік жұмыс» деп берілген. Сонда бір сыныптың оқушылары бір ұғымды екі түрлі атауда қол­дана ма?

Жетінші тапсырмада «Плас­тикалық пішіндер өне­рі, мүсін өнері» тарауын «Пласти­ка­лық­ пішіндер және мүсін өне­рі» деп атаса болмай ма? Плас­тикалық пішіндер өнері деген терминді естімеппін. Пай­да­ланылған мүсіндерден де қа­зақтың ұлттық болмысын көр­сететін бірде-бір мүсінін көре алмадым. Қазақстанда мүсін өне­рінің майталмандары жоқ па? Х.Наурызбаев, Т.Досмағанбетов, Е.Мер­генов, Б.Төлеков, Е.Сер­­гебаев, Р.Ахметов, А.Тұрсынов­тар сияқты қазақтың біртуар мүсіншілерінің ұлт тұлғаларының бейнесі сомдалған мүсін туын­дылары оқулыққа енгізілсе, бо­лашақ ұрпаққа рухани қазына бо­лар еді. 

Бейнелеу өнеріндегі сурет­шілер мен мүсіншілерді «Көркем еңбек» оқулығына енгізбеуінің сал­дарынан оқушы түгілі, ере­сектер де суретшілер мен мү­сіншілердің көркем туындылары былай тұрғанда өздерін де танымай өтеді емес пе? Қазақ бейнелеу өнеріне деген сый-құрмет қайда?
Қазақстанның жаңа даму жо­лы­на түсуіне байланыс­ты­ ізгілікті, демократиялық, құ­­­­­қықтық мемлекетті құруға бел­­ байлаудың негізінде ел та­­ри­хын қайта жазу қолға алын­ғанда, қазақтың мәдени мұ­расындағы бейнелеу өнерінің тә­лім-тәрбиелік мәні шынайы ба­ғалануы қажет.

Қазақ халқының жері қандай кең-байтақ болса, мәдени мұ­расы да сондай сарқылмас ше­жіре. Қазақ халқының coнay кө­не замандардағы сақтардың, ғұн­дардың, түркілердің ұрпағы екенін бүгінгі Қазақстан жерінен табылған археологиялық ай­ғақ­­тар, көне мәдени жазбала­ры, Шығыстың даналары­на­­ айналған қазақ жерінің пер­зент­­тері әл-Фараби, Қорқыт ата,­ Жүсіп Баласағұн, Қожа Ах­мет Ясауи, Мұхамед Хайдар Ду­лати, Қыдырғали Жалайыри шығармалары дәлелдеп отыр. Байырғы сақ, ғұн, түркі өнеріне тән стильді, сюжетті, тіпті қа­зақтың кейбір эпостық жырларынан, тасқа қашалған суреттерден, өрнектерден, зергерлік бұйымдардан анық байқауға болады.

Одан бері келе ұлттық өнері­міздің мақтанышы Ә.Қастеевтің су­реттері халқымызды рухани сезімге бөлейді. Әбілхан Қас­теев – этнограф әрі зерттеуші, су­ретші. Оның ұлы тұлғаларды көр­кем шығармада бейнелеп көрсетуі бабаларымызбен тіке­лей жүздестіргендей болды. Мы­салы, Кенесары хан, жыр дүл­дүлі Сүйінбай Аронұлы, Амангелді Иманов, Біржан сал туындыларын атауға болады. Қазақ халқына сыйлаған тарихи көркем шығармалары алтын қазынамызға айналды.

Демек мектепте оқушыларға көркем білім беру арқылы ұлттық мәдени дәстүрімізді, ұлттық мұ­ра­мызды оқу үдерісіне кеңінен кір­гізіп, негізгі пән ретінде оқыту қажеттігі туындайды. Егер мәде­ниет өзгеріске ұшыраса онда білім беру түсінігі де, мазмұны да өзгеретін болады. Білім беру – мәдениеттің бөлінбес бөлігі, ол тек мәдениетке тәуелді болып қана қоймай оған бағыт беріп отырады. Сол арқылы әр ұрпақ жасаған көркем туындылар мәдени мұра ретінде келесі ұрпақтың еншісіне ауысып, жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес өзінің мазмұны мен формасын жетілдіріп отырады. Олай болса мектепте оқушыларға бірінші кезекте көркем білімді меңгертіп, сосын көркем еңбек жасауға оқытуды ұсынғанымыз жөн болар еді.

Медеубек ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, 
ОҚМПУ Кәсіптік-шығармашылық факультетінің деканы, педагогика ғылымының докторы, профессор 

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20