30 Қараша, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» 1994 жыл. Сенбі, 17 желтоқсан.

«Егемен Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы мен оқырмандарына

Осыдан 17 жыл бұрынғы 17 желтоқсандағы газеттің мерекелік нөмірі тұтастай газеттің бірінші нөмірінің шыққанына 75 жыл толуына арналыпты. Мұнда бірінші беттен бастап соңғы бетке дейін газет шежіресі шертілген. Сондай-ақ бұл нөмір шағын форматпен шығарылыпты. Газеттің екінші бетінде жоғарыдағыдай атаумен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың газет редакциясы мен оқырмандарын құттықтауы берілген. Онда былай делінген: Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы мен қалың оқырманын газеттің шыға бастағанына 75 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Алғашқы нөмірі «Ұшқын» деген атпен шыққан бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті өз халқымен бірге өмірдің ыстық- суығын тең бөлісіп, тарихтың қилы кезеңдерін басынан бірге кешіп келеді. Оның қалыптасуы мен даму кезеңдерінде қаһармандығы мен қасіреті бірге өріліп отырған тұтас дәуі­ріміздің шындығы жатыр. Бұл газет қай кезеңде де өз хал­қы­на үлкен өнеге мен тәрбие мектебі бола білді. Ел тари­хын­дағы елеулі кезеңдердің ешқайсысы газет назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге ол республиканың зиялы қауымын қалып­тастыруға, елдің рухани жағынан өркендеуіне өзінің лайықты үлесін қосты. Алғашқыда «Ұшқын», одан кейін «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деген аттармен халыққа кеңінен тараған осы газетте әр жылдары алаштың аяулы ұлдары – Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов пен Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов пен Жүсіпбек Аймауытов, Темірбек Жүргенов пен Ораз Исаев, Бейімбет Майлин мен Жанайдар Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов еңбек еткен. Сонымен бірге бұл шаңырақтан көрнекті жазушылар мен белгілі ғалымдардың үлкен бір шоғыры тәрбиеленіп шықты. Қазір еңбек жолын осы газеттен бастаған көптеген қоғам қайраткерлері республиканың қоғамдық-саяси өміріне қызу араласып жүр. Қазір еліміздің тәуелсіздігі, дүниежүзілік қоғамдастықтағы орны баспасөзге кең өріс ашып отыр. Осы орайда оқыр­ман­дарға  нарық процесінің бағыт-бағдарларын, интеграцияның, уақыт әкелген басқа да оңды өзгерістердің қыры мен сырын, тарихымыздың айтылмай келген ақтандақ тұстарын жан-жақ­ты ашып көрсету, оқырмандарға жеткізу «Егемен Қазақ­стан» алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Елдікті, тәуелсіздігімізді баянды ету, көп ұлтты Қазақстан халқының келісім мен жарастығын, саяси тұрақтылықты орнықтыру республиканың бас газетіне зор жауапкершіліктер жүктейтінін айта кеткім келеді. Газет редакциясының ұжымын, оның сан мыңдаған оқыр­мандары мен жанашырларын «Егемен Қазақстанның» шыға бастағанына 75 жыл толуымен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақыт тілеймін.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының  Президенті.