Кітаптардың мазмұнымен таныстыруға арналған дөңгелек үстел басында өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Мұқан жаңа жинақтардың ерекшелігі мен ғылыми салмағына тоқталды. Кітаптардың бәрі де Білім және ғылым министрлігінің арнайы бөлген гранттарының қаржысына шағын баспа табақпен шығарылған.
«Искусство казахов в аспекте общетюркских культурных традиций» атты ұжымдық монографияда қазақтардың бейнелеу өнері, музыка, театр өнерінде көркем бейнелер мен символдардың даралығы мен әмбебаптық дәстүр жалғастығы, көркемөнердегі жалпытүркілік ортақ әлемінің көркем келбеті, бірлігі мен өзіндік ерекшеліктері айқындалады. А.Мұқанның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Қазақ сахнасының шеберлері: Шығармашылық портреттер» жинағында қазақ мәдениетінің маңызды саласы театр және кино өнеріндегі танымал тұлғалардың өнері жан-жақты зерделеніп, олардың отандық мәдениеттегі алатын орны, өзіндік суреткерлік ерекшелігі ашып көрсетіледі. Көрерменнің көңілін жаулаған талантты актерлер мен режиссерлердің шығармашылығын дәріптеп, ұрпақ жадында сақтауға ықпал ету – кітаптың басты мақсаты.
Ал «ХХІ ғасырдағы қазақ театры: дәстүр және инновация» атты кітапта Қазақстан театрларындағы жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар, сахна өнерінің бүгінгі келбетін ашатын стилистикалық даму бағыт-бағдары мен ерекшеліктері, жетістіктерін әлемдік өркениетке жанасатын көркемдік келбеті қарастыралады. Құрастырушы А.Мұқанның айтуынша, сахнадағы әр спектакль – инновация. Режиссер мен драматургтың өнерде жасаған жаңашылдығы, еңбегі. Тәуелсіз Қазақстанның театр сахналарында соны әлемдік озық тәжірибені енгізген сахналық қойылымдары, көрерменнің көңілінен шыққан драма, қуыршақ, опера және балет өнеріндегі инновациялық ізденістер сарапталады.
Өнертану кандидаты Анар Еркебайдың жетекшілігімен шыққан «Мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығындағы өнердің рөлі мен орны» монографиясы Қазақстан өнеріндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылығына арналған. Мұнда авторлар арбада отырып шығармашылықпен айналысқан азаматтардың өнерге әкелген жаңалықтары, жетістіктері, өзіндік өзекті мәселелеріне назар аудартады. Бесінші жинақ – «Қазақстанның заманауи театр үдерісіндегі фестивальдің халықаралық байланыс ретіндегі рөлі» атты ғалымдар еңбегі қазақ театрын шетелдерге танытатын, сахна өнерінің дамуына ерекше үлес қосатын халықаралық, республикалық деңгейдегі театр фестивальдарының тарихы мен қалыптасуын, басты бағыттары мен ізденіс жолдарын, бағдары мен театр өнерін дамытуға тигізетін әсерін айқындауға арналған.
Дөңгелек үстелдегі әңгімеге белгілі өнер зерттеушілері, театр сыншылары, жас ғалымдар қатысып, жаңа жинақтар туралы пайымдарын білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ