Бұл күндері елімізде «Нұр Отан» ХДП-ның басшылық жасауымен жемқорлыққа жол бермеу жөнінде қарсы форумдар өткізілуде. Аталған қарсылық форумы 20 қазан – 20 қараша айлары аралығын қамтып отыр. Жемқорлыққа тосқауыл қою – бұл Елбасының саясаты. Осы саясаттан туындаған жемқорлыққа қарсы барлық тапсырмалар мен шаралар өңірлерде қалай жүзеге асырылуда деген мақсатпен облыс орталығына осы қарсылық форумына қатысуға «Нұр Отан» ХДП партиясының жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, сенатор Оралбай Әбдікәрімов келді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық болса тыйылмай тұр. Еліміздің байлығы әркімнің қолында кетпес үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті «Нұр Отан» ХДП өз қолына алып, жандандыра бастады. Жиынға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жемқорлықтың облыс ішінде жасалып, қолға алатын жұмыстарына бөгет жасайтыны да назар аудартады. Тендер ұтып алдық деп облыс жағдайын білмейтіндер келіп, құрылысқа, жол салуға, су мәселесіне араласпақ болады. Осындай жайлар облыста бір емес, бірнеше рет кездесті.
Облыс орталығында өткен қарсылық форумына облыстағы барлық мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері, партияның облыстық филиал мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орындары өкілдері қатысты. Онда сыбайлас жемқорлыққа бірігіп қарсы тұру мақсатында мемлекеттік органдардың, қоғамдық азаматтық институттардың және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен маңызы қаралды. Облыс прокуроры Д.Сартаев, облыстық қаржы полициясы бастығы М.Сабаншиев, тәртіптік кеңес төрағасы Н.Рамазанов сөз сөйлеп, жемқорлықпен күрес барысында атқарып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл індеттің жолы азая бастаған. Мәліметтерге қарағанда, парамен ұсталғандардың басым бөлігі салық комитеті, халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау саласында кездескен. Жыл басынан бері жемқорлыққа қатысы бар 43 іс қозғалған. Олардың 12-сі пара алып жатқан жерлерінен ұсталған. Жалпы шығын мөлшері 18 миллион теңге көрінеді. Жемқорлық туралы мәлімет берген азаматтардың құқы өз деңгейінде қорғалуы керек, бұл болашақта қаралатын жұмыс болуы керек, деді өз сөзінде Оралбай Әбдікәрімов. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес құрып, құқық қорғау органдарымен бірге белсенді түрде жұмыс атқаруда. Бұдан басқа да түрлі комиссиялар жұмыс жасайды. Қазір облыс орталығындағы көптеген орындарында партиялық бақылау постылары құрылған. Сондықтан біздер бұл кеселге біртұтас қоғам болып шыққан жалпыхалықтық күресті, қарсылықты қолдаймыз, – дейді «Нұр Отан» ХДП жергілікті филиалы мүшелері.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар.