Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қолдауымен «Самұрық» Ұлттар театры белгілі қазақ жазушысы, драматург Дулат Исабековтің пьесасы негізінде сахналанған «Бақыт құсы» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Спектакльдің режиссері Нұрқанат Жақыпбаев. Қойылымға Әуезов атындағы, Лермонтов атындағы, Н.Сац атындағы өнер ордаларының, сондай-ақ ұйғыр, корей театрларының танымал әртістері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының студенттері қатысты.
«Бақыт құсы» бұл қазіргі заманның өзекті мәселелерін терең философиялық тұрғыдан қарастыратын лирикалық драма. Туған жерін сүйіп, бағалай білетін, бір-бірінен көмегін аямайтын ауылдастардың өмірін суреттейді. Қойылымда тілдері бөлек түрлі ұлт өкілдері өзара махаббат пен келісім тілінде түсініседі. Онда көрерменді еріксіз күлкіге тартатын оқиғалар да баршылық.
Рухани дәстүрлерді дамытып, адамдарға ізгілік сыйлауды алдына мақсат етіп алған «Самұрық» Ұлттар театрының көркемдік жетекшісі Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы екенін де айта кеткен жөн.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Астана.