Қазақстан елшілігінің бастамасымен Мәскеудің мемлекеттік лингвистикалық университетіндегі (ММЛУ) «Өңіртанушы» мамандығы бойынша білім алып жүрген бесінші курс студенттері арасында қазақ тіліне байланысты өзара пікір алысу қазақ тілінде ұйымдастырылды. Бұған Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері, ММЛУ-дің басқа да оқытушылары мен студенттері, аталған оқу орнында тағылымдамадан өтіп жүрген қазақстандық магистранттар қатысты.
Оқырман тарапынан осы ретте «неге бұл оқу орнында» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Оның мәнісі мынада. Кезінде Қазақстанның Ресейдегі жылы аясында аталған университетте Елбасымыздың қолдауымен, елшіліктің көмегімен Қазақ тілі және мәдениеті орталығы ашылған болатын. Орталықтың ұйымдастырылуына Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы елеулі көмек көрсеткен еді. Екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы сол кезден басталған ынтымақтастық жылдан жылға жемісті жалғасып келеді. ММЛУ-де қазақ тілін оқыту үдерісі аталған орталықтың ашылуымен бірге басталды.
Әдетте ММЛУ студенттердің кемінде үш тілді, әлемде кең қолданылатын танымал тілдерді мінсіз меңгеруіне айрықша мән беріп, соларды негізгі пән ретінде оқытады. Ал Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылғаннан бері студенттер қазақ тілін екінші тіл ретінде оқып келеді. «Екінші тілді үйретуге бөлінген сағат саны бірінші тілден кем емес, – дейді университетте Ресей студенттеріне ана тілімізді үйретіп жүрген ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Мұсабекова.
Жалпы қазақ тілін оқыту, бір жағынан ресейліктердің біздің тілімізге көрсеткен құрметі десек те, екінші жағынан ММЛУ басшылығының дұрыс бетбұрысын – бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің тілін оқып-үйрену де қажет екендігін дер кезінде ұғынуын аңғартар еді. Соған сәйкес, қазір университетте қазақтардан басқа, қырғыз, әзербайжан, армян тілдері орталықтары да құрылған, осы тілдер де оқып үйретілуде. Ал қазақ тілін үйренушілерге келсек, бұдан бұрын бір топ оқып бітірген болса, енді екінші топ аяқтағалы отыр. Міне: «Қазақ тілі маған не үшін қажет?» деген сауал осы түлектер арасында сарапқа түсті. Олар – Максим Комиссаров, Елена Розе, Александр Панов, Евгения Лаврентьева, Виктория Наумова, Виктор Шульга, Ольга Брусникина, Алена Гудкова, Данила Шелухин. Бұлар қазақ тілін жүрек қалауымен екінші тіл ретінде оқып шыққан жастар. Әрине, нақты тілдік орта жоқ Ресей астанасында қазақ тілін меңгеру оңай емес. Соған қарамастан, ресейлік жастардың көрші елдің мемлекеттік тілін саналы түрде оқып үйренуге бет бұрғаны қуантпай қоймайды. Мұндай жағдайда оларға жан-жақты көмек беріп, қамқорлық жасау, қолдау көрсету – қазақпын дейтін азаматқа сын екендігі белгілі. Сол себепті Қазақстан елшілігі өзі ұйымдастыратын, қазақ қоғамдық ұйымдары өткізетін барлық мәдени-көпшілік іс-шараларына аталған студенттердің тұрақты қатысуына кең жол ашты.
Ресейлік жастар бірер жыл қазақ тілі бойынша Астанада өткен ұлты басқа студенттер арасындағы байқауда жүлделі орынға ие болды. Бұл жетістіктің студенттердің тіл үйренуге деген ықылас-ниетімен бірге, оқытушы Ұлжан Мұсабекованың қазақ тілі пәнін шәкірттерінің жүрегіне қазақ мәдениеті, ұлт тарихы, тәуелсіз Қазақстан туралы тағылымды деректермен қоса сіңірген елеулі еңбегімен де келгені сөзсіз. ҚазҰУ оқытушыларымен, басқа да авторлармен бірге әзірленген, оқулық-хрестоматия-әдістемелік құрал үлгісіндегі үш кітаптан тұратын “Практический курс казахского языка” оқу-әдістемелік кешені жалпы ММЛУ-дегі қазақ тілін оқыту үдерісін негізге ала отырып әзірленді. Қазақ тіліне байланысты пікір алмасу барысында студент Максим Комиссаров бұл оқу құралдарының өз мүмкіншіліктеріне, жалпы, тіл оқытудың жеделдігіне сәйкес келетінін атап көрсетті.
Осы басқосу үстінде студент Евгения Лаврентьева өз ойын былай білдірді: «Біз белгілі университетте ерекше тілді үйреніп жүрміз. Болашақта екі шет (ағылшын және қазақ) тілін меңгерген мамандар боламыз. Бұл тілдер бір-біріне мүлде ұқсамайды, олар әр түрлі тілдік топқа жатады. Қазақ тілі – бүкіл түркі әлеміне есік ашатын тіл. Қазақ тілінің арқасында біз түркі тектес халықтардың бәрімен тіл табыса аламыз. Егер сіз Қазақстанды жақсы білсеңіз, онда басқа да түркі тектес жұрттың жүрегіне жол таба аласыз». Ал оның курстасы Виктория Наумова: «Болашақта қазақ тілінің бізге шынайы пайдасы бола ма және өз білімімізді қажетке жарата аламыз ба?» деп ойланатынын айтты. Студент Алена Гудкова болашақта мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді. «Біздің басқа құрбыларымыздан бір артықшылығымыз – қазақ тілін білетіндігіміз» дейді ол.
Қорыта келгенде, еліміздегі қазақ тілін әлі қажетіне жарата алмай жүрген кейбір отандастарымызға ресейлік студенттердің – өзге жұрттың баласының өз тіліңде осылайша сайрап тұрғаны ой салса дейміз.
Серікқали БАЙМЕНШЕ – Мәскеуден.