Бисолт Дециев. Даңқты балуан. Бұл енді кейіннен ғой. Ол кезде сарыүрпек бала. Күрес әліппесін Төле би ауданында бастаған жас балуан облыстық жарысқа келгенде қарсыластарын шетінен жыққан. Аз-кем техникасына құдай берген алапат күш қосылған. Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабылдағанда да қатарының алды болды. 1982 жылы Таллинде өткен халықаралық “Достық” турнирінде 9 кездесу өткізіп, 9-ында да жеңді.
Алайда, жасөспірімдер, жастар құрамасынан кейін ересектер бәсекесі бар. Шын тартыс сол жерде. Жастар арасында жүргенде шашасына шаң жұқпайтындардың ересектерге өткеннен кейін тауы шағылып, үлкен спортты мүлде тастап кететіндері де бар.
1986 жылы Бисолт бірінші рет ересектер арасында өткен КСРО чемпионатына қатысты. Жетінші орын алды. Намысқой бозбала сол күні күнделігіне “Мен қайтсем де КСРО чемпионы боламын” деп жазған. Сол жылы жазда Дециев КСРО халықтары спартакиадасында қола медаль алды. Үш айдан соң “Динамо” спорт қоғамы бойынша бірінші орынға шықты. Келер жылы КСРО Кубогінде алдына жан салмай, КСРО құрамасы сапына өтті. 1988 жылы Еуропа чемпионатында алтыннан олжа салды. 4 рет КСРО Кубогінің жеңімпазы болған чешеннің баһадүр жігіті берген сертінде тұрып, 2 рет КСРО чемпионы болды.
Бүгінде Шымкентте спорттық клуб ашып, жас түлектерін жарысқа салып, баулып жүретін Бисолт Дециевпен жиі кездесеміз. Кеудесі аяққаптай ақеділ жігіт қазақша жосыта жөнелгенде алдымда басқа ұлттың өкілі тұр-ау деп ойламайсың. Тахир Үзденов деген жайсаң жігіт және бар. Арғы аталары текті, дворян әулетінен. Куәландыратын сертификат та табыс етілген осы жігітке.
Жуырда Бисолт пен Тахир Чешен Республикасына барып қайтты. Бисолт жиі барып тұрады. Қанша дегенмен тарихи отаны, ата-бабасының кіндік қаны тамған атажұрт. Жолыққанбыз. Әсерлері ғажап, Әсіресе, алғаш барған Тахирдің. Чешен республикасы жыл өткен сайын ажарланып келеді, баяғы пайдасыз соғыстар салған жараның орны жазылып келеді, дейді.
– Қазақтарға деген ықылас ерекше, – дейді Тахир дос. – Пойыздан түскенде жергілікті таксистер Қазақстаннан екенімізді білгеннен кейін қызмет етуге ынтықты. Үйіне қонаққа шақырып жатқандары бар.
Енді түсінікті ғой. Сол жігіттердің біразы Қазақстанда дүниеге келген, көбінің туысқандары Қазақстанда тұрады.
– Біз Грозныйда тұратын ақын досымыз Омар Яричевтің жетпіс жылдық тойына барғанбыз. Омардың балалық шағы Оңтүстікте, Түлкібас стансасында өтті. Ол Оңтүстік Қазақстан облысын жанындай жақсы көреді, дейді Бисолт.
Бисолт пен Тахирдің айтатындайы бар. Сталиндік репрессия кезінде тау халықтарын, әсіресе чешендерді бір күнде мал таситын эшалондарға тоғытып, елінен аластаған. Жартысы жолай қырылып, қалжыраған жұрт пананы қазақтардан тапқан. Қонағын құдайындай сыйлайтын қазақ үйінің бір жағын босатып беріп, адал асының жартысын берген. Текті халық мұндайды ұмытпайды екен.
Грозныйдағы бір биіктеу тұсқа Чешен Республикасының Президенті Р.Қадыров, Ресей Президенті Д.Медведьев пен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың портреттері бекітілгенін көріпті жігіттер. Осының өзі бауырлас чешен халқының қазақтарға деген ықыласын аңғартқандай болады.
Чешен жұрты өзгерген. Ислам дінін ұстанатын, шариғатқа бағынатын елде арақ ішіп, бейсауат жүрген ешкім жоқ. Темекі тартатындары да жоққа тән. Қыздар әдепті. Ашық-шашық жүрмейді. Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар мұнда жақсы сақталады. Жаңарған, жасарған Грозныйдың бір кереметі – спорт кешендерінің көптеп ашылуы.
Жастар осында. Чешеннің сайыпқыран жігіттері ерте ме, кеш пе қорғасын оғын жұттыратын автоматтан гөрі биік мақсаттардың жалын ұстататын үлкен спортты қолай көріпті.
Бұл халыққа дос керек. Алып бәйтерегінің бір бұтағы Қазақстанда өсіп жатқан чешендердің тамыры қазақ халқымен бірге жасай береді. Соның бірі менің досым – Бисолт Дециев пен Тахир Үзденов. Оңтүстіктің жылуы кеудесінде маздап тұратын Омар Яричев.
Бұларда бір ғана тілеу бар. Адам адамға дос, бауыр!
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.