Ресейдің Иваново қаласында дүниеге келген Ольганың қазаққа әу бастан еш жаттығы жоқ. Бәлкім, анасы Вера Батыс Қазақстанда туып-өскендіктен де болар. Кейін Ольга өзінің де тағдырын қазақ жұртымен байланыстырып, қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Қазақтың келіні атанады.
– Менің Анам Батыс Қазақстанның тумасы. 18 жасында Иваново қаласына оқуға барып, сол жерде тұрмыс құрып, қалып қояды. Он жасқа толған кезімде менің Оралда қалған әжем ауырып, сол себепті, біз отбасымызбен Батыс Қазақстанның Ақ жайық ауданындағы М.Шолохов елді-мекеніне қоныс аудардық.
Ауылға көшіп келген күннің ертесінде-ақ, мен қазақ балаларымен танысып, достаса бастадым. Олар маған тіл үйретті. Кейін қазақ ұлтының әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, оның ішінде қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға деген қызығушылығым арта түсті. Осының әсері болар, мектепте оқып жүргенде құрбым Анарға еріп, домбыра үйірмесіне бардым. Уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық аспабының тереңдігіне қаныға түстім. Бұл менің өнер жолына бет бұрған алғашқы қадамым болатын. 1987 жылы Алматыдағы Республика сарайында өткен ақындар айтысында халық термесін орындадым. Көп ұзамай «Тамаша» ойын-сауық отауына шақырды.
Бір күні Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры Дүйсен Қасеиновты кездестіріп қалдым. Ол маған: «Домбыра курсы бойынша жоғары білім алғың келе ме?», деп сұрады. Әрине, ол менің көкейімде жүрген ізгі арманым-тұғын. Осылайша, 1989 жылы консерваторияның екі жылдық дайындық курсына түсіп, 1996 жылы атақты күйші Біләл Ысқақов ағаның класынан консерваторияны тәмамдадым.
Консерваторияның 5-ші курсының аяғында таныс музыканттардың шақыруымен Қорғаныс министрлігіне қарасты «Сарбаздар» ұлт-аспаптар ансамбліне жұмысқа орналастым. Осы ансамбльде жүріп, Маратпен таныстым. Мен Мараттың отбасын өте жақсы көремін. Біздің Жанел, Жаннамария және Данел деген үш әдемі қызымыз бар.
2000-шы жылы Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаевтың арнайы шақыртуымен, Семей қаласына қоныс аудардық. Жолдасым Марат – осы жердегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы. Мен сол оркестрдегі ұлт аспаптар ансамблінде жеке орындаушы және әнші болып қызмет етемін. Отбасымызда көбіне қазақша сөйлеуге тырысамыз. Сол арқылы өз балаларымызға үлгі көрсеткіміз келеді. Биылғы жылы «Қазақстан ханымы – 2011» байқауына қатысқан себебім де осы. Қыздарыма үлгі болу. Болашақта олар да маған қарап бой түзеп, жоғары жетістіктерге жетсе деп армандаймын.
Ольга САҒЫНДЫҚОВА.
Семей.