Қазақстан • 30 Наурыз, 2018

Жастар саясатының бағыт-бағдары айқын

2831 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жаңғыру арқылы жаңа әлем­ге бет түзеген тұста жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналуы тиіс. Жас буын ортақ мүддеге ұйысып, тың бас­тамалар мен стратегиялық шешімдерді жүзеге асыруда Елбасының сенімді тірегіне айналуы қажет. 

Жастар саясатының бағыт-бағдары айқын

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Өз кезегінде, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жастарға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Елдігіміз – еңселі, бағымыздың баянды болуы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуын басым бағыттардың алдына шығарды. Елбасы үшін жастар қауымы әр кезде стратегиялық әрі кадрлық ресурс санатынан тысқары болған емес. Осылай бола тұра бүгінгі білімді, озық технологиямен қаруланған, ойы азат жастар мемлекеттің қызметі мен қамқорлығын тек тұтынушы ретінде қабылдамауы керек. Әлемдік тәжірибеде жастар барлық өзгерістер мен жаңашылдықтар­дың қозғаушысы екендігі әлдеқашан мойындалған. Сондықтан жас буын Елбасының стратегиялық бастамаларын жоғары бағалап, қадірін түсініп, оларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерін жұмсауы тиіс. Осы ретте «Жас Отан» жастар қанаты жастардың басын қосып, игілікті іс­тер­дің ұйытқысына айналғаны жөн. Бұл мәселелер Президент Әкімшілігі­нің өкілдері, Парламент депутаттары, Үкімет басшысының орынбасарлары және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткен «Жас Отан» жастар қанатының кезекті съезінде тереңнен қозғалып, тебірене айтылды. 

Астана төрінде екі күнге созыл­ған съез­­дің гала-форумының ашылу сал­­та­на­тын­да Елбасы, «Нұр Отан» па­р­тия­сы­ның Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тық­тау сөзін Мем­лекет­тік хат­шы Гүл­ша­ра Әбдіқалықова оқып бер­ді. Онда «Жас Отан­ның» елін, жерін сүйе­тін, өз бо­ла­ша­ғын Қазақ­стан­ның ке­мел келе­ше­­гі­мен бай­ла­нысты­ра­тын, мың­­даған білім­ді де белсен­ді жастар­дың бастарын бірік­ті­ретін, Ел­ба­сының бар­лық бастамалары мен стра­те­гиялық жоспар­ларының сенім­ді тірегі бо­лып келе жатқан беделді ұйым екені айтылған.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндері­нен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Мен осынау еңбектің жеңісі мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді де өз пайдамызға қарай сәтті жүзеге асыруымыз керек. Сол үшін біз Қазақстанда саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруларды қолға алдық», делінген құттықтау хатта.

Сонымен қатар Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдары қарастырылғанына назар аударған.

«Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы, әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғастыруға тиіссіңдер! 

«Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңа­шылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендер­дің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!», делінген Елбасының құттықтауында.

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздегі жас­тар саясатын жаңғырту жайына ерекше көңіл бөлген болатын. Бұл «Жас Отанның» жаңа қарқынмен жұмыс іс­теуіне де тың серпін берді. Осы міндет­тердің үдесінен шығу жолында «Жас Отан» жастар қанаты мыңдаған жастың саяси және өмір мектебіне айналғанын жастар ұйымының төрағасы Данияр Сүндетбаев атап өтті. 

Бұдан соң кезектесіп сөз алған жас­тардың әр саладағы көшбасшылары Елбасы­ның, мемлекеттің қамқорлық­тарын, жылуын сезінгендегі ішкі толға­ныстары мен тебіреністерін жеткізді. 

Мәселен, «АрселорМиттал Темір­тау» акционерлік қоғамының жұмыс­шы­сы Елжас Қожахметов, Назарбаев Уни­верситеттің ассистенті Әсия Ермұхам­бетова, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Айбар Қасеналин, Қостанай қаласын­дағы №3 емхананың дәрігер-эндоскописі Эльвира Асадова, жеке кәсіпкер, «Ақай­дар» шаруа қожалығының басшысы Адамбек Баймырзаның сөзі жастар­дың қызу қолдауына ие болды. 

Ал осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қашаған» кен орнының алғашқы мұнайын «Қазақ­станның болашағы үшін» деп маңдайына жаққан Берік Уап қазір сол кен орнында жұмыс істейтін инженер-мұнайшы ретінде жүрекжарды пікірін білдірді. 

«Президентіміз еліміздің қазба бай­лық­тарын заманауи технологиялармен игеріп, әлем елдерімен терезесі тең қатынас жасау үшін әрбіріміз терең білімге ұмтылуымыз керектігін айтып жүреді. Мен де өз арманымның кілті осы терең білімде екенін түсіндім. Сол себепті, 2010 жылы Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейін үздік бітіріп, қиялыма қанат бітіп, Ұлыбритания еліндегі Манчестер университетінің оқу грантына ие болдым. Өз жерімнен шетте жүрген жылдары қазақстандық жастардың басын біріктіру мақсатында студенттік ұйымның қатарына еніп, кейін сол ұйымда жетекші атандым. Одан кейінгі жылдары білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында Ұлыбританияның ең үздік университеттерінің бірі Heriot-Watt-та оқып, мұнай-газ магистрі атандым», – деді жас мұнайшы. 

Беріктің замандасы Серік Есматов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Ол жастайынан бокс пен жүзу спортына ден қойып, алғашқы нәтижелерімен ата-анасы мен бапкерлерін қуанта бастаған кезінде жазатайым оқиғаның салдарынан екі аяғынан бірдей айырылып, армандары үзіле жаздап еді. Бірақ рухы биік, жігерлі Серік мойыған жоқ. Жасанды аяқпен жүріп қол-аяғы балғадай замандастарымен қатар қоғамдық өмірге белсене араласып кетті. Тіпті паралимпиадалық құраманың да белсенді спортшыларының қатарына қосылды. Серіктің: «Маған қарағанда сіздердің мүмкіндіктеріңіз мол. Бүгінде қол қусырып отыратын, енжарлық білді­ретін заман емес. Қолымыздан келетін, жүрегімізге жақын бастамаларды жүзеге асыруға белсене араласуымыз керек», деген сөздеріне съезге қатысушылар ерекше қолдау білдірді. 

Ал «Эйр Астана» әуекомпаниясының қызметін пайдаланатын жолаушылар қазақтың 21 жастағы егіз баласының басқаруындағы алып ұшақтарға мініп жүргендігін аңғармауы да мүмкін. «Жас Отан» жастар қанатының съезіне қатысқан Олег пен Жан Жақыповтар бала күндерінен ұшқыш болуды армандаған. 

«Бала кезінде көкті бағындыруды армандамайтын адам жоқ. Мен де солардың бірімін. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін бітіргеннен кейін мен «Ab-inito» пилоттарды даярлау бағдарламасына қабылдандым. Испанияның ұшқыштар мектебінде арнайы дайындықтан өттім. 19 жасымда бір моторлы ұшақпен алғаш рет әуеге көтерілдім. Содан «коммер­ция­лық ұшқыш» бағдарламасын сәтті аяқ­тап шықтым. 20 жаста мен екінші ұш­қыш ре­тінде өзімнің алғашқы рейсімді орын­да­дым. Қазір еліміздің ірі әуе компания­сын­да жұмыс істеймін», деді Олег Жақыпов. 

Олегтің сыңары Жан да пилоттарды даярлау бағдарламасы бойынша Ирландияда дайындықтан өткен. Бүгінде ол «Airbus-A320»-ның екінші ұшқышы болып жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 800 сағаттық ұшу тәжірибесі бар маман шетелде оқитын қазақстандықтарды көргенде қатты қуанатындығын айтты. «Осының өзі еркіндік, бәсекеге қабілеттілік, эконо­микалық тұрақтылықтың белгісі болса керек», дейді жас кәсіби ұшқыш. 
Съезде сөз алған Алматы қаласын­дағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Иван Крепак, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-нің өндірістік директорының орынбасары Данара Елеусізова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Шығыс Қазақстан облысы Усть-Таловка ауылын­дағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Валентин Алифанов, жастар әзіл шоуының бас директоры және резиденті Ақсұлтан Қалиев жастардың жігерін жанитын лебіздерін білдірді. Ал «Жас Отан» жастар қанаты «Сана» бағытының жетекшісі Әйгерім Серікжанова съездегі ұсыныстар бойынша жасотандықтардың алдағы бағыт-бағдарын айқындап берген жаңа ой-байламдарына тоқталды. 

– Жастардың компьютерлік сауатты­лығын арттыру мақсатында оқушыларға арналған тегін бағдарламалық курс­тар ашу, қазақ және ағылшын тіл­дерін дамыту мақсатында он әлемдік бест­­селлер мен бизнеске баулу тұр­ғы­­сы­н­дағы жүз мақаланы қазақ тіліне аудару, ауылдық жерлердегі оқушы­л­ар­ға ағылшын тілін терең үйре­туге шет­елдік және қазақстандық білік­ті мұ­ғалімдерді жұмылдыруды мін­деті­­мізге аламыз. Сонымен қатар қаза­қ­стан­дық жастардың бойында ең­бек­­сүйгіштік, қарапайымдылық, инабат­ты­лық сынды құндылықтарды қалып­тастырып, жетілдіру мақсатында жас қазақстандықтың Ар-намыс кодексін әзірлейміз, – деді Ә.Серікжанова. Енді ұсыныстар жинақталған құжатты іс жүзінде жүзеге асыру үшін Жол картасы жасақталады. 

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев съезді қорытындылай келе Мемлекет басшысының жастарға ұдайы қолдау білдіріп, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтып өтті. 

– Съезд кезінде ұтымды ойлар мен өзекті пікірлер айтылды. Жастарымыз белсенділік танытып, түрлі ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, креативті, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелі съезд өткіздік деп айтуға толық негіз бар. Біз жұдырықтай жұмылып, осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткізуге болатынын көрсеттік. Сол арқылы жасотандықтар ашықтықтың озық үлгісін танытты. Сондықтан бұл съезді «Жас Отан» жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрінісі ретінде қарастыруға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары биылғы съезд «Нұр Отан» партиясының, «Жас Отан» жастар қанатының бүгінгі бағыт-бағдарын, бет-бейнесін айқын көрсетіп бергенін тілге тиек етті.

– Біз осы съезд арқылы жаңа әлемге ұмтылып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Мақсатымыз – анық, бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдымызда Елбасы белгілеп берген абыройлы міндеттер тұр. Сол көздеген межеге қол жеткізу үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік! Біз берекелі тірліктің бастауы бірлікте ғана екенін батыл іс-әрекетімізбен дәлел­деуіміз керек. Осы жолда барша қазақ­стандық жастарға үлгі-өнеге көрсетуге тиіспіз, – деді.
Сонымен қатар М.Әшімбаев «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді.
Шын мәнінде бүгінгі жаһандану заманында ұлттық болмыстың бояуын кетірмей, сақтап қалудың маңызы зор. Оның үстіне Ел мен Елбасы «Рухани жаңғыру» аясындағы міндеттерді жұмыла көтерген «Нұр Отан» мен «Жас Отанға» үмітпен қарайды. Нағыз патриоттықтың өзі елдің дамуына белсене үлес қосудан құралатындығы белгілі. 

Съезд соңында барлық қатысушылар халқымызға танымал «Атамекен» әнін қосыла шырқап, естелік суретке түсті. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»