Б.Сағынтаев 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша облыстың жобалық бақылау жұмыстарының жүйесі және Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру мәселелері бойынша өңір активімен, аудан әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуде Елбасының өсімнің жаңа моделін қалыптастыру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Осы мақсатта экономиканың барлық маңызды бағыттары бойынша жобалық басқару жүйесі енгізілгені мәлім. Бұл – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялар тарту, индустрияландыру, АӨК, өнімді жұмыспен қамту, цифрландыру, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу. Әрбір жоба бойынша мақсатты көрсеткіштер де белгіленген болатын.
Үкімет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев денсаулық сақтау, білім беру, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа да салаларда жүзеге асып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында Қызылорда облысы бойынша құны 29 млрд теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда 10 жоба бойынша МЖӘ келісімшарты жасалды. Сөз ыңғайында айта кетсек, кәсіпкерлер салған төрт жүзге жуық балабақша бар.
Жиын барысында Қызылорда облысы экономикасының құрылымдық трансформациясын және сапалы әрі теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ішкі қорларын анықтау және пайдалану жоспарлары да қаралды. Осы мәселеге қатысты өздері жауапты бағыттар бойынша Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев сөз сөйледі.
Талқылауға бизнес өкілдері де қатысты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиев жобалық басқару міндеттерін іске асыруға бизнесті тартудың басымдықты бағыттары туралы айтып берді.
Премьер-Министр кәсіпкерлікті дамыту Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Бұл – еліміздің экономикалық өсімінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. Осыған орай Үкімет кәсіпкерлік ахуалын жақсарту және ШОБ субъектілерінің іскерлік белсенділігін ынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бизнеске қолайлы жағдайлар жасау мен қайта реттеуге бағытталған заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына қойылатын 30-дан астам ескірген санитарлық ережелер жойылады. Салықтық тексерістер саны 40%-ға азаяды.
Отандық бизнесті дамытуға қолдау көрсету мақсатында Мемлекет басшысы «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасын жария етті. Бұл мақсатқа қосымша 20 млрд теңге бөлінеді (ауылдық жерлерде несие беруге – 14 млрд теңге, қалаларда несие беру үшін – 6 млрд теңге).
Президенттің тапсырмасына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен халықтың экономикалық белсенді емес топтарын экономиканы дамытуға тарту жөніндегі міндеттерді орындауға, сондай-ақ цифрландыру мен автоматтандыруды ескере отырып мамандарды даярлау және қайта даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Талқылауды қорытындылай отырып, Бақытжан Сағынтаев Үкімет бизнесті дамытуға не кедергі келтіретінін, шешімін табудың қандай жолдары бар екенін және қалай көмектесуге болатынын білуі қажет екенін айтты.
Үкімет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелері бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамалары аясында берілетін жаңа мүмкіндіктер: қолжетімді баспана, салық салуды төмендету, студенттерге арналған жаңа пакет – қосымша гранттар мен жатақханалар, шағын несие беруді көбейту, тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа газ құбырларын тарту және өңірлерде бизнесті дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту және саланы ырықтандыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев берілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық іс-шаралар 2022 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта олардың орындалу тетіктері толықтай пысықталуда – наурыз айының соңына дейін қажетті заңнамалық өзгерістер жасалады.
Кездесуде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Әлтаев, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Елбасы бастамаларынан туындайтын өз салаларына қатысты мәселелер жөнінде кеңірек тоқталды.
Талқылау барысында «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Б.Досманбетов, жырау А.Алматов, облыстық медицина орталығының дәрігер-хирургі Н.Амитов, облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Хусейн пікір білдірді.
Сапар аясында Премьер-Министр Б.Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық стансасына барып, Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» аясында «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты.
Қараөзек стансасы Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу – Бозой – Шымкент газ магистральды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыттың өнімділігі жылына 10 млрд текше метрді құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Биылғы шілде айында «Қараөзек» компрессорлық стансасынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында 2,7 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталады.
Бақытжан Сағынтаев Арал ауданында «Аралтұз» цехтары мен Арал қаласындағы балық өңдеу зауытының мысалдары негізінде балық және азық-түлік өнеркәсібінің даму қарқынымен танысты. Сондай-ақ Арал өңірінің жұртшылығымен және аудан активімен Солтүстік Аралды дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Кездесу барысында Солтүстік Арал жобаларын іске асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде суармалы жерлерді жақсарту мәселелері талқыланды.
Бүгінде аудан экономикасын дамыту бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Арал ауданының бюджеті жеті есеге ұлғайтылды, соның арқасында жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Аралды құтқарудың халықаралық қорына 25 жыл толды. Бұл шешім Арал маңы тұрғындары үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды. Аралдың қазақстандық секторы қайта қалпына келді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы