Шараны Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев ашты. Ол Мемлекет басшысының 2017 жылы сәуірде берген тапсырмасына сәйкес, Астананы отандық негізгі өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларын басқа аймақтардан тұрақты жеткізу мақсатында еліміздің Үкіметі «2017-2018 жылдарға арналған Астана қаласында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасын» бекіткенін еске салды.
Дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы жетекшісінің орынбасары Сырым Бошпанов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Агроөнеркәсіп және азық-түлік өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев, Картоп және көкөніс өсірушілер одағының президенті Қайрат Бисетаев, Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел отырысында елордаға азық-түлікті үздіксіз жеткізуге арналған жағдайды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері көтерілді.
Баяндамашылар аграрлық сала өндірісінің оң қарқынын атап өтіп, өнім жеткізушілердің Астана базарларына кіруіне, коммуналдық базарлар мен сақтау қоймаларының жұмысына байланысты бірқатар мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды. Бөлшек сауданың елеулі бөлігін иемденіп кететін делдалдардың әрекеті өнім өндірушілерді ерекше алаңдатып отыр. Азық-түлік өнімдерін өндірістен тұтынушыға дейін жеткізудің оңтайлы жолдары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысы үшін жағдай жасай отырып, отандық компаниялардың әлемдік нарықтарға шығуына мүмкіндік туғызуы тиіс.
Шараны қорытындылаған Ж.Нұрғалиев салалық министрліктер мен әкімдіктерді жағдайды тұрақты назарда ұстай отырып, туындайтын өзекті мәселелерге орай уақытында әрі тиімді әрекет ету үшін сала ахуалына мониторинг жүргізуге шақырды.