Білім • 30 Наурыз, 2018

Жастарға – алаңсыз білім

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Н.Ә.Назарбаев Парламент палаталарының бір­лес­кен отырысында сөз сөйлеп, Қазақстан халқына 5 әлеуметтік бастаманы жария еткені белгілі. Бұл жаңа бастамалар елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламаларға жаңа серпін беретініне күмән жоқ.

 

Жастарға – алаңсыз білім

Әсіресе, бірінші бастама – қарапайым халықтың тұрғын үй алу мүмкіндігін күрт өсіретін өзгеріс қазірдің өзінде ел-жұрттың көңілінен шығып жатыр. Сөзім дәлелді болуы үшін нақты мысал келтірейін. Мәселен, күні бүгін Орал қаласында 303 мыңнан астам тұрғын бар, солардың 18 мыңдайы тұрғын үй алу кезегінде тұр. Солардың ішінде 2016 жылы – 833, 2017 жылы 612 тұрғын қоныс тойын тойлаған екен. Ал жаңа бағдарлама бойынша банкілер жылдық пайыздық мөлшерді 7%-дан асырмаса, алғашқы салым ретінде үй құнының 20%-ын ғана жинақтап, өз үйіне кіре алса және несиені қайтару мерзімі 25 жылға созылса, үйсіз жүрген тұрғындарға баспаналы болуға зор мүмкіндік туғызатыны айдан анық. Енді тек осы бастаманы өміршең қылу, соны жүзеге асыру жолдарын тезірек қолданысқа енгізу қажет. 

Жастардың жоғары білім алуына қосымша 20 мың грант бөлу ұсынысын да ерекше ынтамен қабыл алдық. Олардың 11 мыңнан астамын техникалық мамандарды даярлауға бағыттау, елімізде төртінші өнеркәсіптік революцияны өміршең қылатын мамандар әзірлеуге толық мүм­кін­дік ашатыны – қуантарлық жайт. Ал 2020 жылға дейін жоғары оқу орындары мен колледждерге сту­денттік жатақхана салу туралы Елбасы тапсырмасы қазіргі күн­дегі өзекті мәселенің бірінің ше­ші­мін табуына үлкен серпін берер еді. 

Орал қаласында жоғары оқу орын­дарында жатақханаға сұраныс жоғары. Тіпті колледж­дер­дің көпшілігінде жатақхана жоқ, барының сыйымдылығы төмен. Биыл облыс аумағындағы 38 кол­леджде – 19,5 мың студент білім алып жатыр. Ал олар­дың жатақханамен қамтылу деңгейі – 47,3%. Орал қаласында бұл көр­сеткіш – 39,2% ғана. Соңғы кезде мемлекет тарапынан басым­дық беріліп отырған жұмысшы ма­мандықтарына даярлайтын арнау­лы оқу орындарына – Орал газ және салалық технология­лар, индустриялды және политех­ни­калық колледждеріне жатақ­хана өте қажет. Осы мәселе шешімін тапса, қанша жас буын өкілдері алаңсыз оқуға мүмкіндік алар еді.

Елбасымыздың бес бастамасы да халқымыздың әл-ауқатының артуына, экономикамыздың алға серпінді дамуына толық жағдай жасайтынына кәміл сенеміз.

Мәлік ҚҰЛШАР,
Батыс Қазақстан облыстық 
мәслихатының хатшысы

ОРАЛ