Әдебиет • 30 Наурыз, 2018

«Кар­деш калемлер» журна­лының кезекті саны Мағжанға арналды

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл атындағы Ха­лық­аралық сый­лық­тың иегері, жазушы Якуп Омароғлы төр­аға­лық ететін Еу­разия Жа­­зушылар қау­ым­дас­ты­ғына қарасты «Кар­деш калемлер» журна­лы қазақ әдебиеті мен мә­дениетіне ұдайы кө­ңіл бөліп келеді. 

«Кар­деш калемлер» журна­лының кезекті саны Мағжанға арналды

Ан­кара қаласында жа­рық көретін басылым осыған дейін Сү­йін­бай, Жамбыл, Берд­­­і­бек Соқпақбаев, Шер­­хан Мұртаза, Ол­­жас Сүлейменов, Рахымжан Отар­баев, Нұр­лан Ора­за­лин, Есен­­құл Жақыпбектің шы­ғар­­машылығын наси­хаттау мақсатында арнайы нөмір шығарса, кезекті санын Алаш қозғалысының қайраткері, көрнекті ақын, публицист Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арнап отыр. 

Редакция алқасы Халық­аралық Түркі академиясы мен ТҮРКСОЙ ұйымы жариялаған «Мағжан Жұмабаев жылына» өз үлестерін осылайша қосуды жөн санапты. Сондай-ақ «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп өз  өлеңдерінде түркі тақырыбын ту еткен  ақынның  ату жазасына кесілгеніне 80 жыл толғанын да еске ала кетіпті.  

Алғашқы беттерге «Кардеш калемлер» журналының бас редакторы, түрік жұртының танымал ақыны Әли Акбаш аударған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер топтамасы берілген. Әрі қарай ақынның ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ әр жылдары табылған қолжазбалары мен тұтынған жәдігерлері орын алған. Ұлыстың ұлы күніне орай­ластырылған Мағжан Жұма­баевтың «Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай уақытта, қай халықта болса да жаңа жыл сол халықтың, сол уақыттың шаруа жағдайына қарай белгіленген. Еуропа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл 1 қаңтар, бір жерінде – 1 қыр­күйек, тағы осындайлар. Азия­­да жаңа жыл – жазғытұрым, Қазақ елінде – наурыздың 22-сі.

Қай елдің жаңа жылын алсақ та, негізінде шаруашылық жағ­дай болады. Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» дейді. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжау жасайды. Жаңа жыл күні қазақ əдетінше əр үйде қазан-қазан көже пісіріледі» деген тағылымдық мақала да енген. Орыс жазушысы Мамин-Сибиряктан аударылған «Ақбоз ат» əңгімесін де көруге болады. 
Сонымен қатар Еуразия Жа­зушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің, әде­биеттанушы-ғалымдар Ке­мел Оспанов, Ферхат Тамир, Ай­гүл Ісмақова, Жарасбай Сүлейменов, Орхан Сөйлемез, Сәуле Мәлікова, Серікқазы Қорабай, Зарқын Тайшыбай, Қайырбек Кемеңгер, Ербол Тілешов және басқалардың зерттеу еңбектері топтастырылған. Анкара қаласында Мағжан Жұмабаевтың 125 жасқа толуына орай Гази университетінде өткен халықаралық конферен­ция барысынан да мәлі­мет­тер келтірілген. Онда Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Рес­публикасы президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хүсейін Яайман, Гази университетінің рек­торы Ибрахим Услан, Ке­чи­өрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ахмет Ясауи уни­верситетінің Өкілетті ке­ңес төрағасы Мұса Йылдыз, ТҮ­Р­КИ­ЯТ институтының директоры Хулия Касапоғлу Ченгел және басқа зиялы қауым өкілдерінің ақын шығармашылығы жайлы ортаға салған орамды ойлары оқырман назарына ұсы­ныл­ған. Естеріңізге сала кетсек, журнал Түркияның барлық ай­мақтарымен қатар, түркітілдес ел­­дердің шығармашылық ор­та­лықтарына тарайды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»