«Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады» деген Андрей Битовтың сөзі бар. Әдебиетші қауымға жаттанды және ешкімге жаңалық бола алмайтын цитат. Бірақ, бұрын болжам, ескерту есебінде айтылса, бүгін дәлелденген, ақиқатқа айналған. Біздің елде (мүмкін бүкіл жер шарында) әдебиет қадірсіз. Сосын сықырлаған қару мен сылдырлаған тиын үстемдік құрып тұр. Ал мұндай қоғамда «әдебиет – ардың ісі» десең кім сенеді? Қадірсіз дүние әркімге бір қолжаулық. Екі сөздің басын құрағаны ақын болғысы келеді. Қатардағы жазарман өзін ұлы жазушы санайды. «Жарлысы мен байы тең» дегендей, бүгінгі күннің классигі мен халтурщигі тең. Неге? Себебі халтураның пиары күшті. Күшіктей кішік, мысықтай пысық. Жыл сайын бір кітап. Пәлен елге тәржіма, түген елде тұсаукесер. Ал классик классик қалпында. Елде. Елеусіз... Былтыр бір айтқыш досымыз, «Әдебиет – пиардың ісі» деп күлдірген. Етіміз өліп кеткендік қой, әйтпесе, жылайтын-ақ дүние...
Баяғыда Евней Бөкетовтің Канадаға барған жолсапар очеркін оқығаным бар. Бұл «Канада сапары» жетпісінші жылдардың аяғы, сексенінші жылдардың басы болса керек. Сол мақалада автор кітап дүкенінде болғанын және сол дүкенде классикалық әдебиет сөренің соңында, шаң басып жатқанын айтады. Ал сөренің бетінде тұрған детектив пен жылтыр мұқабалы кітаптар канадалықтардың рухани азығына айналыпты деп қынжылады. 20-30 жылдан кейін бізге де арзанқол, жылтыр мұқабалы кітаптардың келерін Евней көкеміз сезді ме екен? Сезсе де сенбеген шығар...
Өткенде белгілі сыншы Жансая Жарылғап ағаммен жолығып, жөпелдемеде әдебиет жайлы бірер ауыз сөз алмасып үлгерген едік. «Біз қалалық әдебиет жасай алмадық. Сосын жастарымыз шетелдің туындыларын оқиды» деп еді. Қалалық әдебиет деген не? Жалпы өзі қалада әдебиет деген бар ма? Бар болса ол қандай әдебиет? Сол кездесуден бері осы туралы ойланып жүрмін. Бірақ, миым жетер емес… Орыстардың алпысыншы жылғы ақындары жата ма қалалық әдебиетке? Жоқ, жатпай ма? Меніңше қалалық әдебиет бәрібір қалыптаспайды. Ол тууы мүмкін. Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «батырды ситуация жасайды». Әдебиетті де.
Дүниедегі не жақсының бәрі қанша ғасыр өтсе де, шаң мен саз балшықта қанша жатса да кезі келгенде жарқырап шығады. Құдды миллион жыл жер астында жатқан алмас секілді. Құдды жертөледе ондаған жылдар сақталып, бапталып шыққан шарап секілді. Құдды ондаған ғасыр елеусіз жатып, жарыққа шыққан Күлтегіннің бітіктасы секілді. Мысырдың «Адам уақыттан қорқады. Уақыт пирамидалардан» деген мақалындағыдай уақыттың өзі қорқатын әдебиетке баға жете ме?..
Ақ өлеңнің аты жат
Бір-біріне ұқсамайтын ақындардың көп болғаны жақсы, әрине. Бірақ мен ешкімге ұқсамауым керек деп алағайлап адасу барып тұрған ақымақтық, меніңше. Мақсатты түрде басқа форма іздеу, теңеуге басқалай телу, басқаша ойлау – поэзияда жаңалық аша алмайды. Өйткені мұны сенің адамдық болмысың, санаң жасады. Поэзия – бейсаналы, тылсым дүние. Мысалға, Жүкел Хамай ағам «ақынның өлең жазып отырғандағы буынан жанында тұрған әйел жүкті болып қалуы мүмкін» деп жазды бірде. Мен осыған құлай сендім. Өйткені өлең жазып отырған сәттегі бусанған халді бұдан артық әспеттеп, жеткізе алмас едім өз басым. Нағыз өлең қалаған формаңа түспейді. Түссе – түсік!
Әрине өлеңді қолдан құрайтындар бар. Хош, құрасын. Бірақ, музыкасын қайтесің? Музыкасы жоқ өлең кемтар дүние. Оның үстіне қазір өлең құрауға қабілеттілер көп. Соның бәрі ақын ба? Мысалы ол, бір оқиғаны өлеңдетіп құрап берді делік. Ол поэзия ма? Өз түсінігімде ел сенсіз де білетін дүниені өлеңге салып (айтыскерлер секілді) айту поэзия емес. Керісінше, ел сезбегенді сезіп, ел айтпаған ұшқыр ойды қара сөзбен айтудың өзі поэзия!
Ешкімге ұқсамау дегеннен шығады. Қазір біздің қатарластардың дені ақ өлеңге әуес. Ешкімге ұқсағысы келмейді. «о, ағаш» деп қойып, өмірден баз кешкенін ағашқа айтады ақ өлеңмен. Мұқағалидың «жас қайыңынан» кейін оған қалай сүйсінесің? Оның үстіне ежігейдей езілген, екпінсіз, ұзақсонар бір ыңыл. Осындай сәтте ақ өлеңге ішкі қарсылық пайда болады. Ашып айтайық, бүгінгі ақ өлеңге ішкі қарсылық. Әйтпесе ақ өлеңнің түп атасы саналатын түркінің қуатты жырын бір кісідей сүйеміз. Мысалға, «Күндіз отырмадым,түн ұйықтамадым» деген Күлтегін жырынан бастап, жыраулар поэзиясындағы ақ өлеңде мін жоқ. Бірақ біздің буын жазып жүрген ақ өлең екеуінің арасы жер мен көктей. Бабаларымыздың жырын балталап бұза алмайсың. Мысалға Қазтуғанның мына өлеңін қараңыз:
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар.
Арқамнан қосым қалар деп,
Ақ дария толқын күшейтер.
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп
Доспамбетке қараңыз:
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес.
Өлең бе? Өлең! Поэзия ма? Поэзия! Ақ өлең осындай болса алалап неміз бар?
«Алпысыншы жылдары да ақ өлең жазғандар көп болыпты ғой, солар неге оқылмайды бүгін? Қазір ақ өлең жазып жүргендерде кейін жоқ болып кете ме?» деген ақын інім алаң көңілмен. Доспамбет, Қазтуғандардай болса мәңгі оқылады ғой. Алпысыншы жылдарды қайдам, біздің замандастардың ақ өлеңінде қуат жоқ. Керісінше бітпейтін бір мұң.
Ақ өлең атауының өзі келімсек, кірме екен. Бұрын бұны ақ өлең деп алаламапты. Өлең деп қана атаған. (Өйткені ол шынымен Өлең болған). Ақ өлең деген атау ағылшынның blank (ұйқасты өшіру, жоғалту) деген сөзін француздардың blanch (ақтау) деп аударуынан кеткен жаңсақтық екен. Осы қате тәржіма француздан орысқа, орыстан қазаққа жеткен. Және еуропаша ақ өлеңдету пайда болды бізде.
Испан ақыны Хорхе Падрон айтыпты, біз ұйқастан әлдеқашан өтіп кеткенбіз деп. Сөйтсек еуропалық ақын біткен ақ өлең жазады екен де, ТМД елдері ғана ұйқасқа ұйып отыр екен. Бұған бола намыстанайық па? Жоқ. Жапондар хайкуін дәріптегендей қара өлеңді сақтап, ақ өлеңді баптау керек. Егер өлеңнің музыкасын, екпінін сақтай алсаң ұйқасты «өлтіруге», «жоюға» болады. Күлтегін, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Бұқар… Жұмекен, Темірхан, Жүкел ағаларымызша.
Білгішсінді демеңіз, түйсік танымымыз осылай сөйлеп тұрған соң ақ қағазға ақтарылдық.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ
Қарағанды