Қоғам • 02 Сәуір, 2018

Қарамыз қашан қалыңдайды?..

447 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Көп қорқытады, терең батырады», «Жүзден  жүйрік, мыңнан тұл­пар шығады» дейді қазақ. Бұл айтыл­ғандардың бәрі егер қандай да болмасын халық саны жағынан неғұрлым көбірек болса, одан оның ұтылмайтынын, керісінше оның өзі сол ұлттың белгілі бір дәрежеде табысқа жетуіне ықпал ететінін білдіреді. 

Қарамыз қашан қалыңдайды?..

Әсіресе шапса аттың тұяғы қайырылатын, ұшса қыранның қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз барда біздің қарамыздың қалың болуы жан-жағымызға жалтақтамай алаңсыз өмір сүру үшін аса бір қажеттілік болып табылады. Сол сияқты күндердің күнінде санның сапаға айналатынын ескерсек, ел экономикасын өрге бастыратын білім­д­і де білікті азаматтардың көптің ішінен шығатыны да ежелден белгілі жайт. Сондықтан Қазақстанда тұратын халық санының артуына деген мүдделілік еш­қашан бәсеңсуі тиіс емес.

Олай болса дәл қазіргі таңдағы жағдай қандай?

Ұлттық экономика министрлігі Статис­тика комитетінің мәліметтері бойынша үстіміздегі 2018 жылдың қаңтарында Қа­зақ­стандағы халық саны 18 177,7 мың адамды құраған. Осылайша республика халқының саны 2017 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1,3 пайызға көбейген. Бұл жағдай, яғни ел тұрғындары санының 18 миллионнан асуы және аз да болса өсім көрсетуі көңіл көншітерлік көрініс сияқты. Бірақ осы көрсеткіштерді әрі қарай қазбалай түссең, алаңдатарлық ахуалдың бар екенін де аңғарасың. Ол қандай ахуал?

Өткен жылы елімізге 1497 адам көшіп келген болса, сыртқа қоныс аударғандар саны 1674 адамды құрған. Айырма – 177 адам. Ал биыл 1360 адам Қазақстанға келсе, өзге елдерге көшкендер саны 2258 адамға жеткен. Яғни кеткендер саны келгендерге қарағанда 898 адамға артық болып отыр. Егер жылдың жаңа ғана басталғанын ескерсек, бұл өте үлкен көрсеткіш. Сыртқа кеткендердің 1471-і ТМД елдерін қаласа, қалған 203-і өздері үшін алыс шетелдерде өмір сүруді қолай көрген. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар» деген мәтел де осындайда еске оралады. «Алаңдатарлық ахуал бар» деуіміздің де бір ұшы осында жатыр.

Абырой болғанда, елдегі бала туу көр­сет­кіші оң сипатымен ерекшеленіп тұр. Мәселен, 2018 жылдың қаңтар айында дүниеге келген сәбилер саны 33,3 мың адам болған. Бұл алдындағы 2017 жылдың қаңтар айындағы жағдайға қарағанда 4,4 пайызға көп. Соның арқасында республика халқының табиғи өсімі 2018 жылдың қаңтарында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 мың адамға немесе 13,1 пайызға артып, 21,5 мың адамды құраған. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,83 адамды құрап отырғанын да айта кеткен жөн.

Ал қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 11,8 мың адам болған. Бұл 2017 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштен 8,4 пайызға аз.

Сонымен бірге соңғы жылы нәрестелер өлімінің көбейе түсуі де тіркеліп отыр. Айталық, 2018 жылдың қаңтарында 1 жасқа дейінгі 317 нәресте өлімі тіркелсе, мұның өзі 2017 жылдың қаңтарындағы көрсеткіштен 7,1 пайызға көп. Ең өкініштісі, нәрестелердің өлім-жітіміне негізінен перинаталдық жағдайлар себеп болады екен. Мұның өзі медицина жетілген, перзентханалар заманауи техникамен мүмкіндігінше қамтамасыз етілген ХХІ ғасырда да әйелді аман-есен босандырып алу, жаңа туған шақалақтың дұрыс жетіліп кетуіне тиісті жағдай туғызу мәселесі толық шешімін тапқан жоқ дегенді білдіретін сияқты.

Елдегі демографиялық жағдай туралы сөз қозғай отырып, мынадай бір назар аударарлық деректерді келтіре кетудің де қисыны келіп тұр. Қазақстанды мекен еткен халықтың саны қазіргі таңда, жоғарыда келтіргеніміздей, 18 177, 7 мың адамды құраса, соның 48,4 пайызы ерлер де, 51,6 па­йызы әйелдер екен. Ал ауыл тұрғындарының саны 42,6 пайызды құраса, қалалықтар 57,4 пайызға жетіп отыр. Яғни ауыл халқының азайып бара жатқандығы айқын аңғарылады.

Бұл да нақа қуанарлықтай құбылыс емес. Өйткені қай заманда да ұлттың демографиялық өсімі ауыл халқы есебінен болып келген. Оны ауыл халқы қала халқынан әлдеқайда көп болған кеңестік замандағы халық санағының қорытындыларынан да анық байқауға болады. Егер болашақта да ауылда тұратындар саны қысқара берер болса, халық санының біз күткендей өсетініне деген сенім де азая түспек.

Сөз орайында мынадай бір жайтты да айта кету артық болмайды. Кейбіреулердің өзге ұлт өкілдері өздерінің отандарына оралып жатқан шығар, соған бола түйме­дейді түйедей етудің қажеті жоқ деп ойлауы мүмкін. Бұл әрине, қате пікір. Егер Қазақстанның халқы көбейсін десек, біз ұлтқа бөлуді, жалпы бөлінуді ұмытуымыз керек. Өйткені қазіргі бар қазақты екі еселегеннің өзінде (олай болуы әрине, екіталай) жүз миллион адам еркін сыятындай кең-байтақ территорияға ие еліміз үшін ол халықтың өзі аздық етеді. Оның сыртында, жүздеген жылдар бойы қоян-қолтық қатар өмір сүріп, бір-бірімізге бойларымыз үйреніп, әбден сыралғы болып кеткен халықтар сыртқа кетер болса, олардың орнын іс-әрекеттері біз үшін мүлде жат бейтаныс біреулердің баспасына кім кепіл?..

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»