Сонымен бірге халқымыздың тұрмыстық дағдысына о бастан сіңіскен «бесік құда», яғни алдын ала атастырып қою дәстүрі де ажырасу дерегінің мейлінше аз болуына әсерін тигізген секілді. Отбасын бұзу дәстүрлі қазақ ортасында күнә саналған. Бұған жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған.
Бүгін ше? «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. Отау құрып, жас шаңырақтың уығын көтерген жастардың некелері неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» тұратын мемлекетіміздің мерейі де соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты өмір. Келісу де, керісу де, татулық та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббатың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес. Бұдан ешкім бас сауғалай алмайды.
Әлемдегі барлық елдердің тұрғындарына тән шаңырақтың шайқалуы мен некенің бұзылуына да осындай шынайы көзқарас тұрғысынан ой жүгірткеніміз жөн. Дегенмен отбасын құрған жастар мен ерлі-зайыптылардың арасында айырылысу деректерінің жиі кездесуі қынжылтпай қоймайды. Осындай жағымсыз жайт жиі орын алып жүрген өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Мемлекеттік мекемелерден алынған кейбір деректерге сүйенсек, 2016 жылы өңірде 6761 жұп заңды некеге тіркелсе, 2017 жылы 6693 жұп отбасын құрып, ерлі-зайыпты болуға ықылас танытқан. Сөз жоқ, бұл – игі нышан. Бас қосуға ниет білдірген жастардың өздеріне де, ата-аналарына да көл-көсір қуаныш сыйлайтын құтты қадам.
Осылай деп көңілдегі көрікті ойды әрі қарай жалғастырғың келеді-ақ. Әйтсе де олардың ажырасу көрсеткіші алдыңғы жағдайда – 2455, кейінгі жағдайда 2603-ті құрап отырғанын ескерсек, қайран көңіл су сепкендей басылады. Яғни бұл деректің өзі өңірдегі отбасын құруға ниет еткен әрбір үшінші жұп аз уақыт өтпей-ақ айырылысып үлгергенін көрсетеді. Мұның өзі айтуға да, жазуға да өте ауыр, көзге жас, көңілге мұң келтіретін статистика. Осы арада олардың дәм-тұздарының жараспауына жас отаудың іргесі бекімей жатып, жалп етіп құлап түсуіне әсер еткен басты себептер қандай деген сауалдар көлденеңдей береді.
Батыс Қазақстан медиация орталығының кәсіби медиаторлары мен психолог мамандардың және судьялардың пікірінше, бүгінгі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік сезімі төмен. Адамның ғұмыры оның дүниеге келуі, отбасын құруы және өмірден өтуі делінетін ең басты үш кезеңнен тұрады. Соның алдыңғысы мен соңғысы адамның өз еркінен тыс, табиғат-ананың құдіретінен болатын үрдіс. Тек бір жағдайда ғана жас адам еркін таңдау алады. Бұл оның жар таңдап, отбасын құру мәселесі. Өкінішке қарай бүгінгі жастар көп жағдайларда осы жалғыз мүмкіндіктің өзін жіберіп алады. Тіпті мұның өзі де ештеңе емес-ау, бірқатар жұптардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көргенде жүрегің қан жылайды. Сонда олар үшін ажыраса салу ойыншық болғаны ма, неке үшін күресу әрі оны сақтап қалу керек емес пе дейді кәсіби медиатор Елена Козлова.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халқымыз. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезде аяқты шалыс басу да адамзат баласының бәріне тән нәрсе болса керек. Мәселе сол қателіктерді дер кезінде ұғынып, сезіне білуде, өз қателігінен тиісті сабақ ала алуында емес пе?! Әлеуметтанушылар қазіргі жастардың бір бөлігінің бойында осындай қасиеттердің кемшін түсіп жүргенін алға тартады. Екінші бір дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан қарастырсақ, отбасын құру үшін үйленетін немесе тұрмысқа шығатын жұптарды қателесті деп кінә тағудың өзі қисынсыз секілді көрінеді.
Бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын байқауға болады. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да болады. БАҚ-тағы жарияланымдарға көз салсақ, қазіргі қоғамда әйелдер құқығы біршама нығайған. Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін қандай қиындыққа да көніп, қандай азапқа да төзіп, күйеулерінен айырылысып кетуді қош көрмейтін әйел бұл заманда өзі үшін де өмір сүруге болатынын түйсінген сыңайлы.
Бұл жағдайды дұрыс емес деп кешіп-пішіп айтуға бола ма? Өйткені ерлі-зайыптылардың белгілі бір уақыт өте келе бір-бірімен түсінісе алмау себептерін басқаша бір қырынан алып қарасақ, олардың ажырасуы – көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейтін, бір-бірімен тоғыспайтын екі адамға еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау болып шықпай ма? Бірқатар ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, олар ажырасқаннан кейін өкпе-реніш пен айқай-шудан құтылғандарын айтады. Жұптары жараспады деп сірә осындайда айтылса керек. Керісінше өмірде алғашқы некеде бір-бірімен дәм-тұздары жараспаған жұптардың екінші қайтара отбасын құрған кезде тәп-тәуір үйлесіп кететіні де белгілі болып отыр. Бұдан шығатын түйін, ажырасудың басты себебі екі жақтың бірін-бірі жете білмеуінен әрі түсінбеуінен, соның салдарынан асығыс шешім қабылдауынан болатынын болжай аламыз.
Талас жоқ, бүгінгі жастардың отбасын құруға әзір болуы өте қажетті мәселе. Олар үйленіп, тұрмысқа шықпас бұрын жақсылап ойлануы қажет. Солай дей тұрсақ та қыз-ғұмыр қызғалдақтың ғұмырындай өте қысқа екені де белгілі. Сондай-ақ «жігіттің жаманы жиырма бесінде тақасын қисайтады» деген сөз бар. Оның мағынасы жиырма бес жастан асқан соң бойдақтық дәурен алдан шығады деген ұғымға келеді. Сонымен бірге үйлену мен тұрмыс құрудың, ерлі-зайыпты атанудың әзір тұрған үлгісі жоқ екені де кей жағдайларда сәтсіздікке ұшыратуы әбден мүмкін.
Сонда не істеу керек? Отбасын құру – өмір заңдылығы. Соған бас иіп ерлі-зайыпты атанғандардың үштен бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай амал, қандай тосқауыл бар? Біз оны таба аламыз ба? Көрнекті жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев рухани ағасы, сырлас, сыйлас серігі, жазушы Несіпбек Дәутайұлына төмендегідей аманат айтыпты.
«...Қоштасар сәтте: «Аға –деген Рахымжан, – сізге бір аманат. Ол мынандай. Ерлі-зайыптылар ажырасады, араларында бір ақ күшік бар. Ажырасқандардың арасында әрлі-берлі жүгіреді де жүреді. Соны жазып көресіз бе, мен алып шыға алмадым. Қолайыма келмеді білем». Жаздым «Ақ күшікті», повесті. Көңілі ояу, көзі қарақтылар жабылып оқып жатыр. Классик жазушымыз Төлен Әбдіков айтса, бүгінгі әдебиетіміздегі үздік шығарманың бірі. Рахымжан болмаса оны мен қайдан алатын едім», дейді Н.Дәутайұлы.
Бәлкім, ажыраспақ немесе қайта қосылмақ ойлары бар ерлі-зайыптылар да «Ақ күшікті» оқып шыққаны жөн шығар.
Осы орайда ерлі-зайыптылардың ажырасуынан да қоғамға ауыр тиетін тағы бір әлеуметтік мәселе бар. Дүниеге келген бейкүнә сәбилер мен балалардың тағдыры, болашағы не болмақ? Тәжірибелі психолог Дильяра Темірбаеваның айтуынша, мұндай жағдайда ең ауыр зардап шегетін, ең ауыр соққы алатын сәбилер мен балалар көрінеді. Ол ажырасу туралы шешім қабылдау кезінде ерлі-зайыптылардың балаларының алдағы өмірі мен болашағы туралы ойлана бермейтінін қынжыла отырып жеткізді. Бұл ретте ер-азаматтардың өзінің кіндігінен өмірге келген перзенттерге алимент төлеуден бас тартуы әрі әйелдердің көп жағдайда психологиялық көмекке жүгінуге мәжбүр болуы – тағы бір тақырыптың еншісі.
Жалпы алғанда ажырасу көрсеткіштері мен деректерінің өсуі бірқатар факторларға байланысты екенін бағамдауға болады. Оның кейбір мысалдары жоғарыда айтылды да. Бұған қосарымыз ажырасу көріністері белгілі бір елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне байланысты екені де талас туғыза алмайды. Отбасын құрған жастар бірінші кезекте дербес баспанадан қиындық көретіні белгілі. Отағасы немесе шаңырақ иесі – отбасының асыраушысы. Ол уақытында белгілі бір жұмысқа орналасуға қол жеткізе алмаса, бұл жағдайдың өзі де шаңырақтың шайқалуына соқтыруы әбден мүмкін. Әйтсе де соңғы уақытта тұрғын үй құрылысына кең тыныс берілгені белгілі. Тұтастай ел аумағы алып құрылыс алаңына айналғаны аталған мәселенің оң шешілуіне үлкен сенім туғызады. Президенттің Үндеуінде қойылған бес бастама жас отбасылардың дербес баспанаға ие болуына, олардың арасында жұмыссыздық деңгейі әжептәуір төмендеуіне септігін тигізері анық.
Соның ішінде ажырасу дерегі көбірек тіркеліп отырған Ақтөбе аймағында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тоғыз жүз мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл шамамен 8000 пәтер деген сөз. Оның басты бөлігі жас отбасылардың үлесіне тиесілі болатынына сенім артқымыз келеді. Сонда өңірдегі ажырасу деректері де азая түсері хақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ