«Ақ Жайық» баспасынан жарық көрген аудиокітапқа қаламгердің «Мона Лиза», «Соңғы спектакль», «Қыр мозаикалары», «Айна», «Жалғыздық», «Аспандағы ақ көбелектер», «Алтын балық» сынды шығармалары енген.
Қазақ көркемсөзінің табиғатына терең бойлаған Рахымжан Отарбаевтың «Аспандағы ақ көбелектеріндегі» Дәуреннің типі – болашақтың бейнесі. Оқырманды өз өзінен көз жазып қалмауға үйрететін жұмбақ тұлға. Мұнда мазмұннан бұрын кескін, кейіп-кеспір көрінеді. «Алтын балық» әңгімесінде түрмелік тәртіпті бұзған, қамалған санадағы өмір – аквариумдағы алтын шабақтың Жайықтың толқынына секіретін тұсын көреміз де ойланып қаламыз.
Қазақтың қара сөзін қиыстыра отырып түрлі бейнелерді өмірге әкелген жазушының шығармашылық айдыны бүгінде қазақ прозасының айтарлықтай белесі болып қалыптасты. Қаламгер оралымды, ырғақты тілімен, айшықты бояуларымен оқырманын бейжай қалдырмайды.
Дүниеден озғанына қырық күн толған жазушының аудиокітабының тұсаукесеріне отбасы мүшелері, қаламдас әріптестері мен оқырмандар қауым қатысты. Қытай Халық Республикасынан жазушы Акбар Мәжит, Моңғолиядан ақын Сұраған Рахметұлы келіп, қайраткер жазушының қаламгерлік болмысына, шығармашылық әлеміне ой-пікір айтып, арнау жырларын оқыды. «Қытайда әлемнің үздік жазушыларының жақсы кітаптары шықса, бір ай көлемінде аударып, басып жатады. Жыл сайын мыңдаған жазушының шығармалары миллиондаған оқырманның қолына жетеді. Солардың арасында Рахымжан Отарбаевтың да шығармалары тәржімаланып, оқырмандар тарапынан өте жылы қабылданды. Қазіргі замандағы қазақ жазушыларының ішінде Рахымжандай өз оқырмандарын әлемнен тапқан қаламгерлер сирек» деді жазушы Акбар Мәжит.
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқамбетқали жүргізген жиында оқырман сүйікті жазушысын тағы бір рет есіне алып, қаламгер шығармалары өз жүрегінен өшпейтінін тағы бір мәрте паш еткендей.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»