Қазақстан • 02 Сәуір, 2018

«Таңсәрі» фильмі Мәскеу халықаралық кинофестивалінің басты байқауына қатысады

584 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген  «Таңсәрі» толықметрлі көркем фильмі 2018 жылы 19-26 сәуір аралығында Ресей астанасында өтетін ХХХХ Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурсына іріктеліп алынды. Бұл туралы бүгін «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Таңсәрі» фильмі Мәскеу халықаралық кинофестивалінің басты байқауына қатысады

Мәскеу халықаралық кинофестивалі – әлемдегі ең ескі фестивальдердің бірі. Оның негізі 1935 жылы қаланып, сол жылы Сергей Эйзенштейн қазылар алқасын басқарған. Бұл «А» санатындағы беделді фестиваль. МХКФ бағдарлама директоры мәдениеттанушы Кирилл Разлогов, іріктеу комиссиясын ресейлік режиссер Андрей Плахов басқарады. МХКФ президенті ресейлік режиссер, актер, Ресей Федерациясының Халық артисі Никита Михалков.

Осы жылдарда байқаудың қазылар алқасы құрамында  режиссер Шәкен Айманов (1963), режиссер Толомуш Океев (1973), жазушы Олжас Сүлейменов (1981), актриса Гүлнәр Дұсматова (2009), режиссер Ермек Шынарбаев (2011) болғанын атау парыз.

– Меніңше, бүгінгі әлемде болып жатқан дүниелерді мифологиялық ойлау арқылы ғана нақты түсіндіруге болады. Рационализмнің ендігі қажеті шамалы. Жаңа кинематографтың архетиптік күші – фольклор негізінде жатыр. Біздің Мәдениет министрлігі авторлық киноға қолдау көрсетіп отырғанына қуанамын, негізі солай болуға тиісті. Менің шығармашылығыма түсіністікпен қараған министрлікпен ынтымақтастықты жалғастыра бермекпін. Себебі фильмге цензуралық шектеу қойылған жоқ, – дейді фильм режиссері Әділхан Ержанов.

Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің басты конкурсына қазақстандық фильмнен басқа 14 фильм іріктелген, олар: «12-ші адам» (реж. Харальд Цварт, Норвегия), «Солдат естелігі» (реж. Ким Джэхан, Корея), «Гаспар тойға барады» (реж. Антони Кордье, Франция), «Ашу» (реж. Серхио Трефо, Португалия), «Леонның жылы» (реж. Мерседес Лаборде, Аргентина), «Адасқандар» (реж. Дастин Финели, Жаңа Зеландия), «Бүркеу астындағы Неаполь» (реж. Ферзан Оцпетек, Италия), «Офелия» (реж. Клер Маккарти, США), «Ричард тозаққа қарай бет алды» (реж. Роберта Торре, Италия), «Айтары бар адам» (реж. Янис Нордс, Латвия, Польша, Литва), «Табандылық» (реж. Рашид Маликов, Өзбекстан), «Халеф» (реж. Мұрат Дюзгюноглу, Түркия), «Патша-құс» (реж. Эдуард Новиков, Ресей), «Ню» (реж. Ян Гэ, Ресей).

Ал халықаралық байқаудың құрамына режиссёр Анна Меликян (Ресей), продюсер Паоло Дель Брокко (Италия), актёр Джон Сэвидж (АҚШ) және қытайлық режиссёр Лян Цяо кірді.

Сонымен қатар халықаралық фестивальдің «Шеберлер» бағдарламасында «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен режиссер Серік Апрымов түсірген «Әкеге қоңырау шалу» атты фильм көрсетілмек.

Ұлттық киностудия бұл картина Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде екі бірдей жүлдеге – «Үздік режиссер» және «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» (актер Ерболат Оспанқұловқа табысталды) қол жеткізді дейді. Және Ресейдің «Ника» атты киножүлдесіне үміткер болғандығын еске салады.

Айта кетелік, ХХХХ МХКФ «Оскар» жүлдесін үш мәрте иеленген Швед режиссері Ингмар Бергманның 100 жылдығына орай, оның шығармашылығына арналған үлкен ретроспектива өтеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында «50 жылға парапар екі апта» атты Канн секциясы фильмдерінің көрсетілімдері өтпек.

Мәскеу халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында режиссер Ферзан Оцпетектің «Бүркеу астындағы Неополь» атты триллері көрсетіледі деп жоспарлануда.

Біз үшін маңыздысы,  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әр жылдары түсірген Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі, 2012 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі, ал 2011 жылы режиссер Ғазиз Насыровтың «Гәкку» фильмі Мәскеу кинофестивалінде  байқаудан тыс көрсетілмек   Мысалы, 2016 жылы  Абай Қарпықовтың «Фара» фильмі қатысып,  Әмір Қарақұлов түсірген «Разлучница» фильмі 1991 жылы фестивальдің арнайы жүлдесіне иеленген.

Жолы болсын тілеген «Таңсәрі» картинасына келсек, басты кейіпкер – өзін таппай жүрген, әбден қажыған, бітпейтін аяздан шаршаған бас киімді ер адам. Кейіпкердің күндері үрейге толы. Қандай да бір құдай – мүмкін түн құдайы – оның және басқа әлеуметтің үстінен ұдайы бақылап тұрғандай көрінеді және мұндай сезімдерді ата-бабалары басынан өткерген деп пайымдайды. Бұның түбінде мистикалық негіз бар.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы