Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Рухани жаңғырудың түпқазығы

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің даму деңгейі Қазақ­станның тек табиғи ресурстары, өндіріс-өнеркәсіп орындары ғана емес, алдымен кәсіби біліктілігі жоғары, жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын, қабілетті кадрлар даярлайтын біздің білім қуатымызға, ғылыми әлеуетімізге сенім артылып отыр.

Рухани жаңғырудың түпқазығы

Расында да біздің еліміз өзінің экономикалық жетістіктері мен саяси тұрақтылық, қоғам­дағы ішкі келісімнің өзіне ғана тән моделімен, басқа да жетіс­тік­тері­мен көзге түсті. Ал өзінің білім берудегі жеміс­тері мен ғылы­­ми табыстарынан үлгі көр­сете­тіндей кезеңге келдік деп айтуға әлі ерте. Біз білім беру саласын реформалау­ды толық жүзеге асырып болған жоқ­пыз. Бұл ұзақ мерзімді стра­те­гия­лық бағыт. Қазақстанда білім беру­­дегі мемлекеттік талап­тар­дың бірегейлігі, жоғары білім беру­дің көп деңгейлілігі, білім беру­дің сапасын арттыру мен әртарап­тандыру, білім жүйе­сін басқаруды демократияландыру, мемлекеттік жүйе мен жеке сектордың бәсекелестігі, ақы­лы білім беруді несиелеу, тағы басқа сипаттары негізінен бір жолға қойылды деп айтуға болады. Ал қазақстандық білім жүйесін әлемдік білім кеңіс­тігіне интеграциялауда, жоғары білім­ді ақпараттандыруға, білім ошақ­тарын жаппай компью­те­р­лен­діру іске асса да оны оқытудың жаңа технологияларын енгізуде әлі де орындалмаған міндеттер бар.

Бүгінде экономикалық, әлеу­мет­тік, мәдени және басқа маңыз­ды салаларда әлемдік деңгей­де алдыңғы қатардан көріну халқы­ның интеллектуалдық әлеуеті жоғары мемлекеттердің меншігін­де ғана екені «айдан да анық» болып отыр. Білімін әлемдік дең­гей­ге жеткізбей мемлекеттің дамы­ған елдер қатарынан орын ала алмайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындыққа айналды.

Кемел келешектің иелері, бүгінгі мамандарды дайындап жатқан оқу орындарына жүкте­ліп отырған жауапкершілік жүгі мол.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһан­дық көзқарасы бар қазақ­стан­дық біздің қоғамымыз­дың идеа­лына айналуға тиіс»  деген болатын.

Олай болса бұл мәселе  – еліміз­дегі жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруге бағытталған, адами капиталдың сапасын арттыру жолындағы мемлекеттік міндет.

Жастардың өз мамандығын шебер меңгеруіне жағдай жасап, патриоттыққа, жасампаздыққа, азамат болуға үйрету – ортақ парыз. Ал сапалы білім беру үшін, біріншіден, студенттің өзінің білімге деген құлшынысы, екіншіден, профессорлық-оқытушылық құрам деңгейінің жоғарылығы, үшіншіден, оқу-тәжірибелік, ғылыми зертханалар заман талабына сай жарақ­тандырылып, сонымен қатар тео­рия мен кәсіби тәжірибе қатар жүруі тиіс. Осы төртеу түгел болса, кадр тәрбиелеуде үлкен жетіс­тіктерге жетеріміз анық.

Әлемдік нарық жүйесінде бәсекелестікке түсе алатын, түр­лі, соның ішінде техникалық ма­ман­­дықтарды шебер меңгерген менед­жерлер дайындау арқылы, Қазақ­стан ұлттық менеджерлерінің имиджі әлемге танылуы тиіс.

Жоғары білімді кадрларды тек қалаған мамандығы бойынша оқытып қана қоймай, олардың шет тілдерді, соның ішінде ағылшын тілінде іскерлік қатынастарды, еліміздің адам ресурстарының сапасын арт­тыруға, мамандығын шебер мең­герген жан-жақты кадр дай­ын­дауға қол жеткізуіміз керек.

Сембіғали ЗӘКЕНОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор

Маңғыстау облысы