Батыс Еуропа мен мұхиттың арғы жағындағы қуатты елдер қоғамның экономикалық ойлауы мен бәсекелестік қабілетін қалыптастырудағы мектептің қандай рөлі бар екендігін өткен 20-ғасырдың басында түсінген еді. Міне, енді осы шаруаны өз елімізде де атқару қажет болды. Алғашында оқу-әдістемелік құралдардың тек орыс тілінде ғана болғандығынан 1993 жылдан бастап орыс мектептерінде қолданбалы экономика пәні жүре бастады. Ал 1998 жылы Білім және ғылым министрлігі жалпы білім беретін орта мектептерде экономикалық білім беру негіздері пәндерін факультатив ретінде, ал 2000 жылы 1-11 сынып аралықтарында «Достижение молодых- Jinior Achievement» қорының бағдарламаларын енгізу жөніндегі бұйрығының негізінде барлық мектептерде экономика пәнін жүргізуді қолға алды. Біздің облысымызда құрылған қоғамдық қор 1995 жылдан бастап, экономикалық білім негіздері бағытында әдіскер жаттықтырушылар дайындап, республика көлемінде мұғалімдердің білімін жетілдіруге арналған тренинг-семинарларын жүргізіп, оны күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Солардың қатарында мен де қызмет етудемін.
2000 жылы Маңғыстау облысында «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры қызметін белсенді атқара бастады. Облыстық білім басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, мұғалімдердің білімін жетілдіруге бағытталған тренинг-семинарлар, оқушылардың экономикалық білімге құштарлығын арттыру үшін олимпиадалар, жазғы «Жас кәсіпкер» лагерлері, жас кәсіпкерлер жәрмеңкелері, бос вакансиялар жәрмеңкесі, экономика менеджментін модельдеу, компьютерлік сайыс ойындары, тағы да басқа жобаларды жүзеге асырдық. 2004 жылдан бастап ішкі саясат басқармасымен қарым-қатынасымыз да жолға қойыла бастады.
2005 жылы Қазақстанның ІІ Азаматтық форумының алдында республика көлемінде Азаматтық альянс құру жөнінде шешім қабылданды. Солардың алғашқылары болып 2005 жылдың қыркүйек айында азаматтық қоғамды дамыту мақсатында «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі өз қызметін бастады. Облыстың белсенді ҮЕҰ-лар қонференциясында бірлестіктің президенті қызметіне мені сайлады. 2000 жылдан бері әкімдікпен және бизнес компаниялармен серіктес болған тәжірибең бар, жассың деп қоштап жіберген соң облыстық ұйымның басшысы болып шыға келдім. Бәрі оңай жүрді, бәрі үкіметтік емес ұйымдардың саясатын бірден түсінді деп айтсам ол өтірік болады. Талай қызық жайттарды, жеңістер мен жеңілістерге толы жылдарды басымыздан өткердік. 2005-жылдардан бастап, ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдау бағдарламалары болғанымен, мемлекеттік органдар бұл туралы көп біле бермейтін. 2006 жылдан бастап, ҮЕҰ жетекшілері мен жергілікті атқарушы билік органдары жетекшілерінің басын қосып семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізе бастадық. Тек облыс көлемінде ғана емес аудан-ауылдық жерлерді аралап, облыс тұрғындарымен кездесу жүргізіп, азаматтық қоғамды дамытудың мән-мақсатын түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы кезеңде облыстық ішкі саясат басқармасының ҮЕҰ-ларды қолдау бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы есебінен үшінші секторға бюджеттен қаржы бөлінуі аз да болса қоғамдық бірлестіктердің белсенділігін арттыруға көмегін тигізді. Нақты жобаларды жүзеге асыратын, әлеуметтік тапсырмаларды орындайтын ҮЕҰ-лар саны молая бастады. Ұрымтал тұсты пайдаланып, түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер өткізуді жиілете түстік.
Жергілікті атқарушы билік тарапынан да тек түсіністік қана емес, пікірлес серіктестер деңгейіне жеттік. Облыстағы әр бағыттағы ҮЕҰ-ның да жұмысы жанданып, қоғамдық ұйымдардың көшбасшы тұлғалары қалыптасты. Билікпен, бизнеспен бірлесіп, атқарылған жұмыстардың бәрінің нәтижесін біз бүгін көріп те отырмыз. Қазір тек облыстық емес, аудан -ауылдық жергілікті билікпен ынтымақтаса отырып, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіріп, ортаға салып талқылап, оңтайлы тұстарын облыс әкімдігіне ұсыну тәжірибесі қалыптасты. Қоғамдық бірлестіктер облысымыздың аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарында бой көтере бастады. Олар аймақтың қоғамдық саяси өміріне белсене араласуда. Бүгінде «Мұнайлы аудандық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі ауданның ширыққан әлеуметтік мәселелері кезеңдерінде билік пен халық арасындағы дәнекерлік қызметін ойдағыдай атқарса, «Маңғыстау аудандық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің жастар мәселесі және азаматтардың белсенділігін арттыру бағытындағы істері үлкен өнеге болып отыр. «Түпқараған аудандық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына үлес қосса, «Қарақия аудандық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шараларына жастарды, ауыл тұрғындарын тартып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. «Жаңаөзен қалалық азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі 2010 жылдан бері 15-тен астам әр саладағы ҮЕҰ ашылуына ықпал етіп, азаматтық қоғам институттарының кең қанат жаюына қолдау көрсетті. «Бейнеу ауданының азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі де Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында мәдени шараларда белсенділік танытуда.
Қоғам болған соң қайшылықсыз болмайды, аймағымыздың жетістігі де, өткір өзекті мәселесі де бар. Бәрі бір күнде шешімін таппайтыны айтпаса да түсінікті, әрбір азамат қоғам өміріне араласып, жауапкершілікті бірге сезіну қажет деп есептеймін.
Жақсыгүл МАХАНБЕТОВА, «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы.
Ақтау.