Астана-Алматы бағытындағы пойызға асығыс билет алып, гөй-гөймен өткен құрылтайға шыққан бетім. Жолда оқырмын деп алған екі кітаптың бірі – «Амал деген айыңыз...». Кейде сапар үстінде көңіліңді түсіретін ажарсыз көріністерден қашып, кітап оқығың келеді. Кейде «тұрмыстың ауыр тасы» – киім толған дорбасын, я қуырған балығын көтеріп вагоннан вагонды аралап, сүт-нанын айырып жүрген аналарға ұзақ, үнсіз қарағың келеді... Тіршіліктің табы әжім торлаған жүздерін қарайтқан. Бұл қараю күнге күю емес. Қыстың өзінде ағармайтын өң. Ақша күйдірген, сірә... Өздері де соған әбден көндігіп, әркіммен бір жақын танысындай сөйлесе кететін болыпты. Оларға қарағанда не табасың...
Менің купемде үш әйел. Біреуі егде тартқан әже екен. Астанада тұратын жалғыз ұлына барып, қазақша сөйлей алмайтын келінінің қолында тұра алмай, Алматыға – қызына қайтып барады. Кеткенше асығыпты. Күйеу баласы, жиендері жаны қалмай күтеді екен. «Жаман шынын айтам деп, сырын айтыпты» дегендей болды ғой» деп қойып, шалақазақ құдаларының жанына батқан қылықтарын айтып, жылап алады. Екеуі тыңдайды. Жұбатады. «Қайтем, балам аман болсын» дейді тағы. Пойыздағы сапар – танымайтын адамдарға шеріңді, жақыныңа деген өкпеңді тарқатып, жеңілдеп қалатын «жолдасың сияқты». Кейін қайта ауырлағанда тағы бір сапарға шығуға тура келетіндей...
Бір кезде жылы-жұмсағын тосып, мені де шәйға шақырды. Әңгімесіне қарасам, кезінде қойшы болған, біраз ақын-жазушыларды көрген, қонақ қылған. «Мына жаман апаң, оқымаса да, қазақтың біраз мықтыларын күткен, дастарқандас болған. Одақтың алдында Жарасқан тұрушы еді шашын сипап, түу, сұлу болатын» деп тамсанады. Кейін қалаға көшіп келген сияқты. «Ана оқып отырған кітабың не?» дейді. «Есенғали» деймін. Қолына алып, бірінші өлеңін оқиды. «Календарьға түзету»:
Бірінші қаңтар – жаңа жыл емес,
Жаңа жыл емес наурыз да,
Жаңа жыл күзден басталу керек, меніңше.
Несі таң екен аспаннан ақ қар төгілсе,
Несі таң екен қылтиып көк шөп көрінсе?
Жаңа жыл күзден басталу керек, меніңше.
Күл мейлің,
Несі таң дерсің бұзылып кенет нілдей күн,
Еңсені басса зілдей мұң.
Жаңа жыл күзден басталу керек, алайда,
Ал неге күзден басталу керек?!
Білмеймін.
Апам басын шайқады. Жаңа жылдың күзден басталуына келіскен жоқ. «Қайтсін, күзді жақсы көреді ғой!» деді алайда.
***
Бізді Есенғали әлемімен қауыштырған Қайсар Қауымбек деген ақын досымыз-тұғын. «Періштелер мен құстар» кітабын көтеріп жүретін.
«Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса», – деп, «Еркек» дейтін өлеңін оқимыз. Батырша тұрып, ақынша отырғымыз келетін кез. «Бауырым, сен «бастығым мисыз» дейсің. Дұрыс. Бұрын себебі ол тауық еді» деген «Еркін дүние-айын» біреуге қарата айтқымыз келетін шақ. Есенғали поэзиясы бізді – жастарды, бәлкім, ең алдымен осындай сарказмға құрылған өлеңдерімен баурады. «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма?» дегені де жастардың амбициясына, мүмкін, сахнада өлең оқу кезегі тимей қап, өкпелеген кездеріне тура келген болар. Өлеңнен гөрі публицистикалық бояуы басым осы жырлары жас талаптардың арасында көп айтылатын. Кейін ортамен араласа келе, көп дүниеге қанықтық.
«Қартайдым деп, жастықтан жырақпын деп,
Ой, қайтесің біреуді сыбап күндеп...
Кетіп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесің. Бірақ кім боп?» дегенін күлмей оқитын кезге келдік. Өмірден өткен қанша қаламгер ортамызға оралғанда (оралмағандары да бар!) біздің оларға қалай қарағанымыз (асылы, ол біздің емес, уақытың көзқарасы) маңызды болса, келер ұрпақтың Есенғалиды қалай қарсы алатыны ойландыратынын ұқтық. Және осы сөз көпке (!) қатысты деп білдік. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүргенде бір-екі рет телефон арқылы «тілдескеніміз» болмаса, дидарласпаған жанбыз. Әлбетте, мен оған жақпай қалдым... Есенғалиға іні боп жүрген достарымнан естимін: «Есенғали – жақсы адам». Және мықты ақын. «..Басым жерге жеткенше Өлеңге шынайы болып өтемін. Өлеңге әртістік жүрмейді. Ал өмірде «вариациялар» жасалуы әбден мүмкін, жасадым да әкесін танытып талай рет, оны мойындаймын» депті бір сұхбатында. Бірақ «вариациялар» күлуге ғана жақсы...
«Планета боп Есенин айналып жүр,
Есенғали ауылда қой бағып жүр.
Есенғали ауылда қой бағып жүр,
Есениндей болсам деп ойланып жүр» деген әйгілі өлеңі бүгін оған жараспайды. «Амал деген айыңыздағы...» Есенғали «...қара өлең, сен де кәрі, мен де кәрі, Мағлұм-дүр сырымыздың елге бәрі. Дариға-ай, не басталмақ, мен білмеймін, екеуіміз опат болған жерден әрі» деген қарт ақын. Немесе: «Біздің қыздар қайда, қайсы жақта жүр, Қайда ән-жыр, қайда күлкі, шақпа әзіл. Шулап шыға келмес пе екен шайтандар, алдымдағы айналмадан тап қазір» деп, дәуренін аңсап отырған тарлан. (Әлгі мойындауы да жасы келгеннен кейін. Жас болса, «мойындаймын» демес еді).
Дүниенің кең пейілінен көңілі су ішіп, адамдардың тар пиғылынан көңілі лайланған ақынның мінезін біреу түсінер, біреу түсінбес. Ең бастысы өзі не айтып, не қойғанын жақсы білсе – жетеді. Оның болмысынан сезілетін көпте кездесе қоймайтын мінез біреу үшін жасандылық, өзі үшін – тәсіл. Жақтырмағанын, менсінбей тұрғанын, жек көретінін солай білдірсе керек. Ал пейілі құлаған тамырына – көңілі дария. Кім біледі, ақын деген жұртты ерекше әспеттеп, құрметтеп жатқанымен, солардың бәрінен бірдей халық күткендей сөз шығып, ел күткендей аңыз тарамайды. Кейбірінің жас айта жүрер өлеңі жоқ. Ал Есенғали ақынның аңызы да, өлеңі де жеткілікті. Ананы былай мазақтапты, мынаны былай кекетіпті, анау жасқа хабарласыпты деген сөздің өзі Алматыны желдей кезіп жүреді. Есенғали өлеңді де, өмірде де керемет меңгерген адам. Бұл, асылы, ақылды адамның ғана қолынан келетін шаруа болса керек.
Ана бір жылы Сағи ағасы туралы «Жұмсақ» деген керемет мақала жазды (Айта кету керек, Раушановтың мақалалары да өзіндік ерекшелігімен баурап, арасында айтып қалатын оқыс ойларымен қызықтыратын. Қуандық Шаңғытбаев, Тоқаш Бердияров туралы жазғандары да неше қайтара оқыған дүниелеріміз. «Құстар біздің досымыз» кітабы да тұтас байламдарымен, ғылыми дәлдіктермен, эстетикалық сұлулығымен қалың оқырманын тамсандырған). Сол мақаласында: «Үш өлең жаздым. Қызық болсын деп. Үшеуiнiң де аты – «Мысық», яки үшеуi де мысық туралы. Әуелгiсiн Қадыр Мырзалиев «болып», екiншiсiн Тұманбай Молдағалиевтiң, соңғысын Сағи Жиенбаевтың үлгiсiмен жаздым» деп, үш өлеңін келтіретін. Бұл жәй ғана қызық үшін болуы да мүмкін. Бәлкім, ағаларына деген еркелігі. Ағалардың алақанын көрген жастар ерке, еркін келеді ғой. Бірақ менің жаман ойым айтты. Бұл – мақтан. Мен қалай жазсам да мықты жазам деген сөз. Дегенмен, бұлай ғана түсінуге болмайды. Бұл деген әркім өзінше жазғанда, өзіндік қолтаңбасы, дара стилі болғанда ғана ақын! Біреуше жазсаң, солардың бір түрі ғана болып қаласың деген де ескерту. Қалай қабылдасаңыз да еркіңіз. Өзінің бағасын да, шамасын да білетін ақын ғана осылай сенімді сөйлесе керек:
Өлең тізген болам кейде қырық құрап,
Жан-жағына шеген салып, мықтылап,
Оның – бәрі құр далбаса, бос шату
(Соны-дағы жаза алмайды жұрт бірақ).
***
Ф. Тютчевтің шығармалар жинағына Фет:
Муза, правду соблюдая,
Глядит и на весах у ней
Вот это книжка небольшая,
Томов премногих тяжелей, деп бір шумақ жазыпты. Табиғаттың ғажайып жыршысы болған Тютчевтің әдеби мұрасы да бір-ақ том. Есенғали: «Менің замандастарым мықты. 12, 16 том өлеңдер жинағын шығарды. Ал менің жазғаным бір-ақ том. Көп жаза алмадым» дейді. Феттің сөзі – Раушанов шығармашылығына да келетін баға. Қазақта бір том өлеңмен қалған қаншама ақын бар. Төлеген, Жұматай, Нұрлан... Шындап кіріссе, жаңағы 12, 16 том шығарған ақын ағаларымыздан да сығып, жақсы бір том ғана шығаруға болады. Бұл – бөлек әңгіме...
«Амал деген айыңыз...» – Есенғали Раушановтың деңгейі бұрын да өзі межелеп қойған деңгейден бір пәс төмендемегенін көрсеткен кітап. Жоғарылап кетті деп те айта алмаймыз. Сол Есенғали. Бұл ақын үшін үлкен жетістік. Өйткені жас күнінде мықты шығып, кейін жоғалып кеткен ақын көп. Жоғалмаса да, алғашқы межесіне қанша секірсе де жете алмай жүрген, өз биігінен құлаған ақындар аз ба бізде. (Сірә, құлаған ақындар деген де жаңа бір мақалаға сұранып-ақ тұрған тақырып). Өзіңіз іштей санаңыз. Анау бір ағаңыз сол жинағынан бері дұрыс бір кітап шығарған емес. Мына ағаңыз алғашқы мақтауды естігеннен бері өлең жаза алмай-ақ қойды. Ендігі кісіңіз жылда кітап шығарып жатады. Жас күніндегі нәзік лирикасын жоғалтып алғалы қашан... Бірдей өлеңді балапанша топырлататын ақыныңызды ендігі оқығыңыз да келмейді. Осылай тізіліп кете береді. Бәлкім, жас күндегідей өлең жаза алмау табиғи құбылыс шығар. Кім біліпті... Қартайған шағында тамаша лирикалық өлеңдер жазған Темірше Сарыбаев сияқты ақындарымыз көп емес. Әлемнің өзінен ондай ақындарды сирек кездестіруіңіз мүмкін. Ақындық, асылы, жастыққа тән. Есенғалидің бұл жақсы өлеңдері – қартайғысы келмейтін көңілінің көрінісі...
Көк жасыл дүние-ай, ырзамын дедім, ырзамын,
Бір жағым – шатқал, қайыңды тоғай – бір жағым.
Балғынына әлі орақ тимеген ойпаңым,
Шалғынына әлі шалғы түспеген гүлзарым.
Таңдайым суын жұтқыза берген таңсығым,
Өзімнен қашсам саған келемін, бар шыным.
Өзімдікі деп иемденемін мен сені,
Елікке сырттай ен салған есер аңшымын...
Бұл кітабында шығармашылық әлемінің, нақтырақ айтқанда өлең көкжиегінің палитрасын кедейлендірмей, поэтикалық байланысын, тұтастығын сақтаған. Поэтикалық мәтіндердің байланысы әртүрлі болады. Поэзияда бұл байланыс прозаға қарағанда қиынырақ. Қара сөзде сөйлемдер үздіксіз жалғасып кете беретін болса, өлеңде бір тармақтан соң, тіпті, бірнеше шумақтан соң болады. Ал тұтас өлеңдер циклі, я тақырыптың байланыстар арқылы поэтиканы сақтау ақын үшін қиын болса керек. Себебі тақырып қайталанса, ой жүдейді. Бір тақырыпты жаңаша қырынан келіп, шиырлап барып, шеңберден шығу да шеберлікке тән. Есенғали Раушановтың «Қазақ ауылы» циклы мен «Аспанға көшіп кеткен ел» микро-поэмасының арасындағы байланыс тақырып қана. Ал ондағы соңғы шешім басқа. «Қазақ ауылында» ақ пен қызылға бірдей жем болған, соңында жол көрсетуші қойшы ауылдың малшысын басын қап кигізіп сабап ап, артынан өздерінің шарасыздығынан істеген қылықтарына аңтарылып қалған қайғылы әрі күлкілі оқиға бар. Екі шығармадағы қасіреттің бояуы қалың. Қазағымыздың қаралы тарихы. Ендігі микро-поэмада ақ пен қызыл тек қана қазақ ауылын қырған жоқ. Қазақтың қасиетін жойды. Ананың қанын емес, қасиетті сүтін төкті. Болмысын жоғалтты. Аспанға көшкен ел емес – қасиет. Енді ондай қазақ жоқ. Қараой құшағына жасырған сыр – күллі қазақ даласына ортақ мұң.
О, қазақ даласы! Кешегі мәрт, жомарт иеңнен айырылып, жетпіс жыл бойы темірқұрсаулы тордың табаны болғаныңа әлі өкінесің бе? Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан асқан уақыт өткенде, аспанға көшкен еліңді есіңе алып, енді қайтып айналып соғар деп үміттенесің бе?..
Қолдан жасалған қасіретті қапысыз кешкен қайран жұрт! Қапыда кеткен есеңді енді қайырар ма екенсің? Ежелгі қала Аркайымның, ең алғашқы доңғалықты күйменің, соңғы зілдердің бірінің жұрнағы қазақ байтағынан табылуы бекер емес көрінеді. Әр нәрсенің қайыры бар. Алып жеріміздің құйқалы пұшпағы мол, әлі ашылмаған сыры да, жұмбағы да көл-көсір дейді. Егемендік алған ендігі ғұмырымызда ырысымызды шашпай, берекемізді қашырмай, несібемізді өзімізге бұйырта гөр, Тәңірім! Ақынның жүрегін солқ еткізген гөй-гөйінің түбінде осындай перзенттік ақеділ дұға жатқанына сенесің. Оның қыңырлығы – өтірік. Оның жазбайтыны – жалған. Есенғали әдейі өссін деп – сынап, жақсы дүниелер ғана жазсын деп – сирек жариялайтындай. Кім біледі, әйтеуір ескі заманның қамырықты сазын құлағыңа әкелген осындай дүниелерді оқыған кезде, неге көп жазылмайды деген «қанағатсыздық» шығар біздікі.
«Амал деген айыңыз...» өзге замандастарыма басқа, бәлкім, жаңа Есенғали болып көрініпті. Маған олай сезілмегенін айттым. Себебі, ақын шығармашылығында бұрынғыша қазақтың қара өлеңінің, шығыс шайырларының эстетикалық қуаты, мақамы еседі. Есенғали Раушановтың айтқыштығы да, драмалық күйді бір өлеңге сыйдырып жіберетін қасиеті де көптен бері айтылып келеді. Мәселен, «Тоғыз қайық» деген өлеңін алыңыз. Балықшылардың тағдыры туралы жазылған шығарма аз ба? Небір романдар, әңгімелер жазылды. Сонда Раушановтың жаңалығы не дерсіз? Бұл бір шағын картина. Бәлкім, суретші қаламы салуға тиіс. Репиннің бурлактарды салғаны секілді неге бір картина Есенғали өлеңімен салынбайды. Ондағы тоғыз қайықтың аңызы бөлек, ақиқаты басқа. Және шұбатып түсіндіріп тұрмайды. Балықшылардың ауыр тұрмыстары, мұз үстіндегі тағдырлары қыл үстінде тұрғандай азап шегетіндері бар. Ал өлеңді қазақы түсінікпен қорытады. Бұндайда қазақ: «Ажал ғой, бәріміз баратын жер» дер еді.
Кәрі Каспий. Түн қандай.
Теңіз жаққа асығамын, Қау маңдай,
Толқын қуған тоғыз қайық болдырып,
Жағаға кеп мені күтіп тұрғандай.
Осы бір қасиеттер оның өлеңдерінде әу бастан бар. Қазақ поэзиясына жаңаша поэтика әкелген үш ақынның бірі ретінде ерекше айтылатын ақынның ұстаздары – шығыс шайырлары. Ол өзбек, парсы поэзиясының білгірі. Бәлкім, оның арғы ұстаздарын сол жақтан іздеу керек шығар.
«Амал деген айыңыз...» – дүниені шарлаған (әлем қалаларынан көз тастайтын жырлары), қазақтың жанын да, өзінің ішкі сезімдерін де әбден білген, зерттеген, көп нәрсеге көзі жеткен адамның көзқарасы. Есенғали өлеңдеріне форма іздеп, я ерекше сөз іздеп те әуре болмайды. Тек аз сөзге көп мағына сыйдыруды ойлайды. Оның поэманы да көп жаза бермейтіні сондықтан болар. Ал лирикасы ше? Ол да бір бөлекше сән. Ақын шығармашылығының оқырмандары қызыға, құмарлана іздейтін төтенше ажарлы, шұрайлы бұрышы.
Раушановтан махаббат лирикасын көп кездестіре қоймассыз. Бұл жоқ деген де сөз емес. Есентай деген өзеннің бойында Есентай деген жігіт бола жүріп, жоғалтып алған ғашығын жылдар өткенде қандай сезімдермен еске алғанын оқығанда адам тек сезініп қана қоятын қимастық бар. Нәзік, айтуға мүлде келмейтін сырды ақын өлеңге айналдырады. «Амал деген айыңыз...» кітап, көзқарас қана емес – сырлас серік. Бәлкім, ақын жалғыздығының – қағазға түскен бейнесі, анығы – ақынның өзі. Бұл бір – тылсым метамарфоза. Амал деген ай емес – Есенғали.
Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл,
Жаңбырлы ай бұл – жылаулы тағдырдай бір.
Мен риза жылаулы тағдырыма,
Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір...
Жаңбырлы айдай, жылаулы тағдырдай бір күй, көңілсіз хәл кітапта анық сезіледі. Тағдырына риза ақынның бұл кітабында көз жасын төккен өлеңі көп. Бәлкім, жинақ аты да сондықтан жаңбырлы айдың атымен шығар. Оны мен білмеймін. Өзінше айтқанда, оны бір білсе – Есенғали біледі.
Егер әдебиетті жақсы көретін, поэзияны сүйіп оқитын қай оқырманнан сұраса да, оның сүйікті ақындарының бірі Есенғали болып шығар еді. Егер қазіргі классиктердің қатарын ата десеңіз, онда да Раушановтың тегі жүрер еді. Бәлкім, болашақ құшақ жая қарсы алатын ақындардың тап ортасында Есағаң бара жатар еді.
Байқаймын бұл жинағында өмір туралы да жиі толғаныпты. Кімді толғандырмайтын, кімді толқытпайтын арна дейсің. Пайғамбар жасына таяп қалған ақынның қаламы суымасын дейсің.
Құлағыма үн келеді, ақырғы үн.
Жаңбыр сіңбей көлкіп жатқан тақырмын.
...Қайтып келем бейіттен,
Бәлкім, бара жатырмын
P.S.
Шуға ма екен, келіп тоқтадық. Перронға шықсам, әдеттегідей қалың әйел жолаушыларға оны-мұнысын ұсынып, жанталасып бағуда. Халықаралық әйелдер мейрамының өткені кеше ғана. Бір кезде анадай жерде зілдей қара сөмкені сүйреп бара жатқан орта бойлы әйел балық сатып жүргендерге қарап, күлімсірей: «Қыздар, мейрамдарыңмен!» деді «менің жүрегімді солқ еткізіп». Сол кезде жолсеріктің де даусы шыққан. Жұрт жамырай вагонға кірді.
«Асықтым, мен де, міне, елден бөлек, шешіліп қалатындай пердем кенет»...
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»