Мен ел тәуелсіздігінің арқасында ат жалын тартып мінген азамат кезімде атамекенге келіп, еңбекке араласқан қарапайым қазақтың бірімін. 1999 жылы оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі құрылғанда, соның төрағасы болып сайландым.
![011211-30](http://old.egemen.kz/2011img/011211-30.jpg)
2000-жылдардан бастап шеттен келген ағайындардың әлеуметтік мәселелері аса күрделене түскені белгілі. Үкіметке осы мәселелерді екіжақты тиімді шешудің жолдарын ұсындық. Өкінішке орай, ол кезеңде біздің бұл ұсыныстарымыз қолдау таппады. 2001 жылы Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысында нақтылы ойларымызды депутаттарға жеткіздік. Қоныс аударған ағайындардың барлығын мемлекеттен баспаналы болдыру, жұмыспен қамту мүмкін емес. Және оның зиян жақтары да бар. Дайын асқа тік қасық болғысы келгендердің қатары көбейіп, ол адамдарды бір жағынан масылдыққа тәрбиелейді. Сондықтан, оларға баспана салуға, фермерлік шаруашылықтар жүргізуге жер телімдерін беру және жеңілдікті несие жүйесін жасау арқылы олардың өз мәселелерін өздері шешуіне мүмкіндік жасау қажет деген мәселе көтерген болатынбыз.
Біз осы жобаның бастамасы ретінде Алматы қаласынан жұмыс ұйымдастыруға ықпал етуді ұсындық. Ұсыныстарымыз Елбасының және депутаттардың тарапынан қолдау тауып, 2001 жылы Алматы қаласынан Байбесік ауылының іргетасын қалауға мүмкіндік алдық.
Қазір, бұл ауылда 200-ден астам отбасы баспаналы болумен қатар жаңадан көшіп келушілерге, шетелден келетін ағайындарға табан тірейтін жайлы мекенге айналды. Бұл жоба мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасының жасалуына үлкен тәжірибе болғанын Елбасы белгілеген болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылғы 13 қарашада республикалық телеарналар бойынша өткен тікелей желідегі сұхбаты барысында оңтүстіктегі Асар ауылы, Алматының түбіндегі Байбесік ауылы және Солтүстік Қазақстандағы жаңадан құрылып жатқан оралмандар ауылына тоқтала келе, ондай нысандардың дұрыс дамитындығына сенім білдіріп, осы секілді елді мекендердің Қазақстанда әлі де бой көтеретінін атап өтті.
Қазіргі таңда бұл жоба Алматы, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын табуда.
Елордамыз Астана қаласында «Нұрбесік» тұрғын үй кешенінің жобасы бекітіліп, іргетасы қалана бастады. Бұл атқарылған істер ел тәуелсіздігінің, еркін мемлекеттік саясаттың жемісі.
Өз қандастарының атамекенге оралуын мемлекеттік саясат деңгейінде қарап отырған әлемдегі 3 мемлекеттің бірі ретінде Қазақ елінің жинақтаған тәжірибелері, қол жеткізген жетістіктері мақтанышпен айтарлықтай.
Алайда, мемлекеттің мүмкіншіліктері мен қажеттіліктерін салалай келсек, жіберген олқылықтар да аз емес. Әсіресе, Елбасының көшіп келу квотасының санын жылына 20 мың отбасына дейін көбейту туралы шешімі орындалмай, оған мемлекеттен бөлінген қыруар қаржы игерілмей жатқаны өкінішті-ақ. Бұған көші-қон саласының құқықтық тетіктері мен басқару жүйесінің дәрменсіздігі басты себепкер. Мысалы, Астана қаласынан бой көтергелі отырған «Нұрбесік» тұрғын үй кешеніне мемлекеттік тұрғын бағдарламасы шеңберінде қолдау табуға тиісті мекемелерге 3 жылдан бері ұсыныс кіргізсек те нәтижесіз, болуда. Ал, квота орындалмайды, қаржы игерілмейді. Сол, бөлінген қаржыны игерудің нақты тетіктерін жасау арқылы қайтарымды түрдегі несие жүйесіне келтірсе мемлекетке де келген ағайынға да тиімді емес пе!?
Еліміздің егемен болғанына дәл сырттағы қазақтай қуанған аз болған шығар. Шүкіршілік, Отанымызға келіп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтіп жатқанымызға Жаратушы иеге тәубемізді айтамыз.
Қайрат БОДАУХАН, оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.