Үкімет • 03 Сәуір, 2018

Былтыр 70 мың мұғалім жаңартылған оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті – Е. Сағадиев

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2017 жылы Қазақстан Республикасы білім беруді мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

Былтыр 70 мың мұғалім жаңартылған оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті – Е. Сағадиев

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылы 64,4 мың орынға 849 мектепке дейінгі мекеме ашылды, оның 717-сі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға кезектілігі өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балабақшалардың орта есеппен 15%-і инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.

Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасуда. 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа жүйеге көшірілді. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10–11 сыныптарда жаратылыстану бағытының «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» 4 пәнін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде.

ТжКБ саласында оның сапасын, қолжетімділігін және тартымдылығын арттырудың жаңа тәсілдері әзірленді. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 260 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізіле бастады, онда мамандықтың 3 біліктілігін игеру қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 583 колледжде «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы іске асырылуда. 100,8 мың адамға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 21 мыңы — Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша.

Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 ЖОО кірді.

«Ғылым саласында ғылым мен экономиканың шынайы секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерциаландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды», — деді Е. Сағадиев.

Мемлекеттік бағдарламаны орындау мониторингінің нәтижелері туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, 2017 жылы Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 мақсатты индикаторының 7-і орындалды, Мембағдарламаның 51 көрсеткішінен – 45-і орындалды. 2017 жылы жоспарланған 166 шараның 161-і іске асырылды.

Сонымен қатар, білім беру саласына салынған инвестициялар 23%-ке өскен. Инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге МЖӘ жобаларын белсенді түрде іске асыру ықпал етті. 2017 жылы білім беру саласында жалпы соммасы 31,2 млрд теңге көлемінде 101 жобаға келісім жасалды. Ал 2015–2016 жылдары аталған бағыт бойынша 4,3 млрд теңге соммасына 8 келісім жасалған болатын.

Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметовтың, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаевтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгіновтың баяндамалары тыңдалды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінде Жолдауды және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға байланысты білім беру жүйесіне өте маңызды міндеттер жүктелгенін атап өтті.

Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне Мемлекеттік бағдарламаны жандандыру бойынша жұмыстарды жеделдету және жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайларын жақсарту бойынша Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Елбасы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев белгіленген стандарттарға сәйкес мемлекеттік бағдарлама индикаторларының орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.