Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапармен Солтүстік Қазақстанда болды

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қызылжар өңіріне жұмыс сапармен келіп, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралады. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінен туындайтын міндеттерді түсіндірді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапармен Солтүстік Қазақстанда болды

Мәжіліс спикері алдымен С.Киров атындағы зауытта болып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысымен, озық технологиялардың  өндіріске енгізілу жайымен танысты. Әлеуетті өндіріс ошақтары арасында С. Киров атындағы зауыт жетекші орынға ие. Мұнда Индустрияландыру бағдарламасы табысты жүргізіліп келеді.  Заманауи инновациялар кеңінен қолданылады. Цехтарды жаңа қондырғылармен жабдықтаудың арқасында еңбек өнімділігі, өнімдердің саны да, сапасы да артты. Металл шкафтар өндірісі жолға қойылды.  

Ұжым  мүшелерімен әңгіме барысында барысында Н. Нығматулин өндірісті жаңғыртудың маңыздылығына айрықша тоқталып, Президент инновациялық индустрияландыруды жаңа технологиялардың көшбасшысына айналдыру міндетін қойғанын атап көрсетті.  Жұртшылық назарына ұсынылған әлеуметтік бастамалар, баспаналы болудың, салықты азайтып, жалақыны көбейтудің, жаңа табыс көздерін ашудың жаңа мүмкіндіктеріне бастайтынын әңгімеледі.

Мәжіліс төрағасы өз сөзіне отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында баспана сатып алуға  қарастырылған арзан ресурстар тетігі, салық жүктемесін азайту есебінен жалақысы төмен жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысын көбейту мәселелерін кеңінене баяндады.  Мемлекет Басшысы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында нақты шаралар ұсынды. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант қосылып отыр. Оның жартысынан астамы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім алуға бағытталады. Мұның өзі халықаралық стандарттарға лайықталған білім сапасын орнықтырумен қатар төртінші революция жағдайындағы зор сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз етуге ынталандырады. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамту тапшылығы да шешіледі. Елбасының тапсырмасымен Үкімет арнайы Жол картасын әзірлеп, бастамаларды жүзеге асырудың нақты қадамдары белгіленді. Соған сәйкес орындау тетіктері мен мерзімі айқындалып, жауапты  министрліктер мен құрылымдар нақты бекітілді, дей келіп мәжіліс спикері сапалы құқықтық- нормативтік базасын құру осы сессия жұмысының негізгі басымдығына айналатынын, 15 шақты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, олардың қатарында Азаматтық, Бюджеттік, Салық кодекстері, банк, төлем туралы заңнамалық құжаттар барын мәлімдеді.

Спикер Қызылжар ауданына қарасты «Петерфельд-Агро» ЖШС-де болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.  Серіктестік 2011 жылдан бері ірі қара малын өсірумен айналысып келеді. Сүт фермаларына шетелдік қондырғылар орнатылған. Барлық жұмыс процесі компьютер арқылы атқарылады. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие. Осында ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен өткен жүздесуде Елбасының әлеуметтік бастамалары негізгі әңгіме өзегіне айналып, спикер де, сөйлеушілер де атап көрсеткендей шағын несие беруді көбейту арқылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті өрістетуге, жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өз ісін ашатындарға  жан-жақты мүмкіндіктер жасалады. Шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге ұлғайып, несие алатындардың саны 14 мың адамға жететін болады. Аталған әлеуметтік жоба ауылдықтар үшін өте маңызды. Жиында ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны енгізу, астық өндірісін дамыту, өнімділікті арттыру жайы да кеңінен сөз болды.

Н.Нығматулин Елбасының әлеуметтік бастамалары әрбір өңірге тың серпін беретінін, халықтың әл-ауқатын көтеруге зор ықпал ететін атап өтті.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы