Президент • 04 Сәуір, 2018

Мемлекеттік мәселе: Елбасы жарлығымен Алматы облысының аумағынан жаңа аудан құрылды

596 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының аумағынан жаңа аудан құру туралы Жарлыққа қол қойып, ел тарихындағы елеулі оқиғаны жария етті.

Мемлекеттік мәселе: Елбасы жарлығымен Алматы облысының аумағынан жаңа аудан құрылды

Бұл – Жетісу жұртының ғана емес, жалпақ ұлттың көптен күткен жаңалығы еді. Ал облыстың шалғайдағы ауданын мекен еткен жергілікті тұрғындар Елбасының Жарлығын ыстық ықыласпен қабыл алып, ақсарбас айтып жатыр.

Жалпы, Алматы облысының құрамындағы он жетінші аудан болып есепке кірген әкімшілік басқару аумағы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы оңтайландыру салдарынан жабылып қалған Нарынқол өңірінің негізінде ашылды. Нарынқол аумағы Жетісудың Қытай Халық Республикасымен шектесетін, отанымыздың оңтүстік-шығысындағы шекаралық қақпа болып саналады. Сол жылдарда Нарынқол және Кеген аудандары біріктіріліп, Райымбек ауданы болып қайта құрылған болатын. 1997 жылы оңтайланған ауданның орталығы Кеген ауы­лына көшіріліп, бұрынғы Нарынқол ауылының орталық ретіндегі орны ескерілмей қалған-ды. Енді арада ширек ғасырға жуық уақыттан кейін еліміздің гео­саяси картасында маңызды орын алатын шекаралық елді мекеннің мәртебесі Президент Жарлығымен айқындалып отыр.

Осылайша, облыстағы жер көлемі жағынан іргелі ауданның бірі болып келген Райымбек ауданы екіге бөлініп, орталығы Кеген ауылы болатын – Кеген ауданы және орталығы Нарынқол селосы болатын – Райымбек ауданы болып қайта құрылып жатыр. Бұған дейін Райымбек ауданының аумағы 14,2 мың шаршы шақырымға жететін. Жиырма үш ауылдық округке қарасты 54 елді мекенде сексен екі мыңға жуық тұрғын мекен ететін. Ал мұның ішіндегі 11 ауылдық округке кіретін 20 елді мекен кеше ғана Президент Жарлығымен аудан мәртебесін иеленген Нарынқол өңірінің аумағында еді. Яғни бір ғана Нарынқол өңірінде 43,6 мың тұрғын мекен етіп, өмір сүруде. 

Нарынқол демекші, жаңа ауданның орталығына айналған байырғы ауыл қазақ-қытай шекарасының бойында орналасқан. Мұнан бөлек аудандағы 14 елді мекен де осы шекара сызығын бойлай жатыр. Демек, Қазақстан картасында бейнеленетін жаңа ауданның аумағы отанымыздың қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие болып табылады.

Айтпақшы, ел қуанышын еселеп отырған маңызды шешімнің қабылдануына бас басылым – «Егемен Қазақстан» да елеулі үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Осыдан бір жылдан аса мерзім бұрын газет бетінде «Шекаралық аудандар: бірі озып, бірі тозып тұр...» деген тақырыппен мақала жарияланып, көтерілген мәселе бойынша Үкімет деңгейінде зерделеу жұмысы жүргізілген еді. Нәтижесінде Елбасы Жарлығымен Алматы облысында он жетінші әкімшілік басқару нысаны – орталығы Нарынқол ауылы болатын Райымбек ауданы құрылып отыр. Басылым еліміздің шекаралық өңірлеріндегі жағдайды басты назарда ұстап, барлық облыстардағы аудандардың әлеуеті жайында сараптамалар беруді жалғастырып келеді. «Егеменнің» ел ішіндегі оқырмандары тарапынан қызу қолдау тапқан шалғай ауылдардың мәселесі біз үшін өзекті тақырып болып қала бермек.

ЛЕБІЗДЕР ЛЕГІ

Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі:

– Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен облысымызда жаңа аудан құрылды. Елбасының бұл көреген шешімін Жетісу жұрты шынайы қуанышпен қабылдады Қазір Нарынқол ауылында әкімшілік басқарудың қызметке кірісуіне толық мүмкіндік бар. Осы жұмада ауданға арнайы комиссия барып, ауқымды жұмыстың алғышарттарын қолға аламыз. Орталықтың ашылуы өңірге жаңа серпіліс әкеліп, ел дамуына өз үлесін қосады. Облыс тарапынан қажетті жағдай жасалып, барлық қолдау көрсетілетін болады. Бұл шекаралық аудан болғандықтан ондағы халықтың әлеуетін ескеруіміз қажет. Жаңа аудан ауылға жастардың қайтып келуіне ұйытқы болмақ. Себебі мұнда бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылайша шекара шебіндегі елдің қарасы көбеймек.

Диқан КЕНЕБАЕВА, зейнеткер, Райымбек ауданының Құрметті азаматы:

– Қазақ еліне құтты болсын айтамын. Бұл – үлкен қуаныш болып отыр. Өйткені, шекарадағы ауданның қайта құрылуы еліміздің қауіпсіздігі мен болашағы үшін маңызды. Осы үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына аналық алғысымды білдіремін. Өзім ұзақ жыл қызмет еткен Нарынқол өңірінің ескерусіз қалуы жүрегімді ауыртатын еді. Жастар ауылдан кетіп, жер бос қалғандай көрінетін. Енді аудан ашылды, ойдағы-қырдағы елжанды азаматтар туған жеріне оралса деймін. Елімізде шынымен Рухани жаңғыру жүріп жатыр. Туған елдің түтіні түзу ұшсын!

Елжан БЕСТІБАЕВ, Сүмбе ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты:

– Райымбек ауданы бөлініп, орталықтың Нарынқол ауылы болғандығы біз сияқты егін егіп, мал баққан жандар үшін өте тиімді. Бұрын ауданға, одан әрі облысқа жету мұң еді. Ауданның ашылуымен өңірдің дамуына қажетті құрылымдар да келетіні сөзсіз. Әсіресе, банк, салық жүйесі, басқа да халыққа қызмет көрсететін орталықтардың қызметіне зәру едік. Өндірген өнімді де алысқа таситынбыз. Орталықтың келуі шаруалардың жұмысын жандандыратыны анық. Біздің Сүмбе ауылы – Қазақстанның ең шеткі елді мекені. Қол созым жерде Қытай тұр. Ендеше Елбасының жарлығын «Ғасыр шешімі» деуге болатын шығар. Ауылдағы шаруаларға әрдайым қолдау білдіріп отыратын облыс басшысы Амандық Ғаббасұлына да ризамыз. Жаңа ауданның дамуына, арысы елдің өркендуіне еңбек етеміз. Бір түп картопты артық еккеніміздің өзі үлкен жеңіс қой.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы