Бокс • 04 Сәуір, 2018

Бекзат Саттарханов: «Ел намысы – менің намысым»

2812 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2000 жылы бокстан Сид­ней Олимпиадасының ақ­тық сынына төрт қазақ жігіті шықты. Гүрзі жұды­рық­тар гүрсілінен жер шай­қалғандай сұрапыл айқас­та екеуі жеңіс тұғы­ры­ның ең биігіне көтерілді.

Бекзат Саттарханов: «Ел намысы – менің намысым»

Алып мұхит әлдилеген Аустралия жерінде өткен әлемдік дода қазақ бокс тарихын дүниежүзілік жылнамаға алтын әріптермен жазғызды. Көкөрім Бекзаттың жеңісі тарихи оқиға болды. Күтпеген сый десеңіз де болады. Сол 2000 жылдары мемлекеттік жат­тықтырушы болған Серік Әбден­әлиев ағамыз «Бапкерлер кеңесі Ермахан, Мұхтархан және Болат жүлдеге таласады деп үміт артты. Ал құрамаға жаңадан қосылған Бекзат Саттарханов пен Олжас Оразалиев бір-екі жекпе-жек өткізіп, тәжірибе жинақтаса болады» деп шешті» дейді.

Айтқандай, Ибрайымов, Діл­дәбеков және Жұмаділов фи­нал­ға дейін тізгін тартқан жоқ. Олар­дың қатарына қабырғадан ат ойнатып Бекзат қосылды.
Қалғанын жұрт біледі. Мың жазылды. Мың айтылды. Құй­рықты жұлдыздай жарқ еткен Бекзат қапияда мынау әлемді тәрк етіп тастап кетті. Бекзат көзі тірісінде «неге қазақ жігіттерінен екі, үш Олим­пия ойындарының жеңімпазы жоқ. Бұл белестен мен өтемін. Құдай бұйыртса, мен үш дүр­кін Олимпия ойындарының жеңім­пазы боламын» деп бірнеше рет сұхбат берді.

Көпшілік «мұның қалай, ар­тық айттың-ау» деген жоқ. Іш­тей тілектес болғанымен «Жас ба­ла ғой әлі. Бұларға ірі сөйлеу жарасады. Олимпиаданың алтындары жолда шашылып жатқан жоқ» деп қоятын. 
Расында, шетелдіктер өнеріне «фантастика» деп таңдай қаққан Серік Қонақбаевтың өзі алтын ала ал­маған Олимпиаданың жолы қан­шалықты ауыр екен­дігін дүйім жұрт біледі.

Бекзаттың әкесі Сейілхан аға­мызбен жақсы сыйласпыз. Әр сөзіне жауапкершілікпен қарай­тын Бекзат жел сөздің адамы емес еді. Үш рет Олимп биігін ба­ғындырамын дегенді неге сүйеніп айтты. Бір кездескенде соның себебін сұрадық.

– Бекзаттың Олимпиададан кейін уақыты болмай кетті. Жаңа­­ғы ойын біз де естіп жүрдік. Біз де оңашада ұлымыздан Сид­нейде «қай жекпе-жек аса ауыр тиді?» деп сұрадық, – дейді Сейілхан аға.

Ширек финалдағы Рамаз Па­лиа­нимен өткізген жекпе-жегін айтты.

– Әке, Рамаз Палиани – Еу­ро­паның чемпионы. Халықаралық жарыстардан шаппай бәйге алып жүрген жігіт. Жасы жиыр­ма жетіден асқан сақа бокс­шы. Қолдары балғадай. Екі-үш таза соққы өткізіп алғанда байқа­дым, тиген жерін уатып жібере жаз­дайды. Шынымды айтсам, ба­лаңыз­дың шыбын жанын көзіне көрсет­ті. Жылдамдығымның арқа­сында ғана шалдырмай кет­тім. Әке, сондай боксшыны жең­ген сіздің ұлыңыз да жай жігіт емес қой.
Ал үш дүркін Олимпия ойын­дарының жеңімпазы туралы айтқан сөзіме жауап берейін.

Сиднейде менің жасым жиыр­мада болды. Дене мүшелерім әлі толық жетілмеген. Отызға жақындаған Рамаздың бұлшық еттері білеудей, күші сыймай сыртқа ұрып тұр. Соққылары тиген заматта опырып жібере жаздайды. Ал менің білегім онымен салыстырғанда тым жіңішке. Көресіз, келесі Олимпиада да менің де білегім, бұлшық етім толады. Физикалық жағынан мықты боламын. Алла берген жылдамдығыма толысқан күшті қоссаңыз неге мен үш дүркін жеңімпаз бола алмаймын. Мен мұны көкірек керген мақтаныш, елдің көңілін аудару үшін айт­қан жоқпын. Көзім жетіп тұр. Ой­ланып барып айттым, деді. Ұлының аз ғана уақытта тез есейіп, халықтың баласына айналып үлгергеніне сүйсінген Сейілхан әке пайымына көңілі толып, құшағына тартып мейірлене маңдайынан иіскеген екен.

Алайда арманы асқақ ұл­ды ажал­дан арашалап қала алмағанына іші оттай жанады. Бәрі де күндізгідей көз алдында. 2001 жылдың жаңа күніне са­наулы-ақ сағаттар қалған. Түр­кіс­тан алаңы. Бекзат Саттарханов «Жыл адамы». Қарақұрым ха­лық. Сәкең биік сахнада тұрған ұлы­на жете алмай жүр. Жастар Бек­зат­ты қоршап алған, қолтаңба алуда. Сәкең сахна түбіндегі бас­қыш­қа жақындады. «Осы жерден күтіп аламын. Үйге алып ке­те­мін. Жаңа жылды бірге тойлай­мыз. Енді бос жүрісті доғар, бокс­қа орал деп айтамын», деп ойлаған.

Бекзатты ақыры таба алмады. Жұрт алдын бөгей берген соң сахнаның арт жағынан секі­­ріп кетіпті. Барып шешесін, бауыр­ларын құттықтаған. Шымкент­ке жол жүруі керек. Дос­тары күтіп отыр. Қой-қойға қара­май шығып кеткен. Желден жүй­рік машина сынаптай сыр­ғып, жұлдыздай ағып келеді. Алыс­тан Шымкенттің оттары жымың­даған. Таспа жолдың қоянжон­дан­ған жерінде машинаның ру­ліне ие бола алмай қалыпты...
Боздақ Бекзат осылайша бү­кіл халықты опынтып кетті. Ой­лы жігіт еді. «Үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы боламын» деп еді-ау. «Ел намысы – менің намысым» деді. Финалға ырым көріп Ермахан ағасының майкасын арт жағынан бір буып, киіп шыққан бозбаланың асқақ армандары орындалмай қалды. Әттең, опасыз дүние...

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»