Аймақтар • 04 Сәуір, 2018

Енді балмұздақ сататын барлық нысандар тексеріледі

925 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кешегі күнге, 3 сәуірге дейін балмұздақ жеп улан­ған­дардың саны 188 адамға жеткен оқиғаға байланысты жүргізілген алғашқы тексеру-анықтау жұмыстарының нәти­желері жария етіле бас­тады.

Енді балмұздақ сататын барлық нысандар тексеріледі

Сейсенбі күнге дейін Шым­кент қалалық жұқпалы ауру­лар ауруханасына жіті ішек инфекциясымен 188 адам түскен. Олардың 101-і ересек, 39-ы балалар болса, 48-і жасөспірім. Ал 3 сәуір­де науқастардың 99-ы үй­леріне қайтарылған. Қал­ған науқастардың жағд­ай­лары орта дәрежеде. Ал­да­ғы күндері тағы 50-60 науқас ауру­ханадан шыға­рыл­мақ. Бұл деректерді Оңтүс­­тік Қазақ­стан облыс­тық денсау­лық сақтау басқар­масы­ның басшысы Мұқан Егізбаев арнайы брифингте мәлім етті. Бас­қарма басшысының ай­туынша, дер кезінде дәрі­герлердің көмегіне жүгінген науқастар басым. Дегенмен үйде өзінше емделгенінен нәтиже шықпай дәрігерге кеш келгендер де аз емес.

Шымкент қаласы тұрғын­дарының улануына, бұдан бұрын хабарлағанымыз­дай, «Южное» дәмханасына қарасты дүңгіршектен сатыл­ған құймалы балмұз­дақ себепкер болып отыр. Денсау­лық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ОҚО департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың мәлім­деуінше, аталмыш дәм­ханаға жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Сатылып жатқан өнімдердің сынамалары, жабдықтардың сүр­тінділері алынып, бірқатар кем­шіліктер анықталған. «Балмұздақ киоскісі елеусіз нысан ретін­де саналады. Яғни жоспарлы тексеруге жатпайды. Бірақ балмұздақ дүңгіршегінің иесі нысанды іске қосар алдында жергілікті басқармаларға хабарлама беруі тиіс еді. Ол хабарлама бермеген. Сондықтан қыз­мет­керлері, нысан тек­серіл­меген. Қазір осыған бай­ла­­нысты әкімшілік іс қоз­ғалды. Дүңгіршек жұмысы сот шешімі шыққанша тоқ­татылды. Осы оқиғадан кейін балмұздақ, тез бұзылатын өнімдер сататын сауда орындарымен тиісті жұмыстар облыс бойынша жүргізілуде», деді Н.Нышанов. Тұтыну­шы­ларын төсекке таңған бал­мұздақ үйде дайындалған екен. Департамент басшы­сы­ның айтуынша, үйде дайындалған өнім полиэтилен ыдыспен және жеке көлік­пен тасымалданған. Яғни ешқандай талап сақтал­маған. Сондай-ақ балмұздақ сататын нысандағы 5 қыз­меткердің біреуінің ғана ме­дициналық кітапшасы бар. Қысқасы, кәсіпкер өз ісіне жауапсыз және салғырт қараған. Бұл орайда ОҚО кәсіпкерлер пала­­тасының директоры Ас­қар Әбубәкіров қоғамдық тек­се­руді күшейту қажет деп есептейді.

Ал Оңтүстікте балмұз­дақ­тан уланған адамдардың жағ­дайына қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық ден­саулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин шағын және орта бизнес ны­сан­дары айтарлықтай емес эпидемиологиялық маңыз­дағы орындарға жататынын, олар тек халықтың шағы­мы түскен уақытта немесе қан­дай да бір төтенше жағ­дайлар туындағанда ғана тек­се­рілетінін айтып өтті. Алдағы уақытта еліміздегі жұмсақ балмұздақ сататын барлық нысандар тексерілетін болады. «Біріншіден, бұл нүкте жабылды. Екіншіден, материалдар тергеу органдарына тапсырылып, Оңтүстік Қазақ­стан облысының ішкі істер бас­қармасы тексе­ріс аяқ­­тал­ғаннан кейін осы орын­ды ашып, сапасыз өнімді сатқан жеке кәсіп­кер Ешмұратовтың кінәсі қаншалықты екенін анықтайтын болады», деді Ж.Бекшин журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетелік, Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауру­ханаға барып, жіті ішек ин­фек­­ция­сымен түскен нау­қастардың жағдайын білген болатын. Одан кейін жедел штаб отырысын өткізген облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ штаб отырысында болған оқиғаның себеп-сал­дары талқыланды. Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекциясы сани­тарлық эпидемиологиялық талаптар­дың сақталмауынан болған.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент