Аймақтар • 04 Сәуір, 2018

Шу өңірінде де туризмді дамытуға болар еді...

1172 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемде туризм саласын жан-жақты дамытып, табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер аз емес. Басқаларды былай қойғанда, соңғы жылдары «жоқтан бар жасап отырған» көршілес Қырғыз елінің Ыстықкөл жағалауы жасарып, түлеп келе жатқандай көрінеді. 

Шу өңірінде де туризмді дамытуға болар еді...

Ал Бішкектен Тоқмақ қаласы бағыты күре жолындағы он шақты шақырым қашықтықта бой көтерген «Гавай аралдары» кереметтей демалыс орындарына айналып, өзіміздің Астанадан да қыдырып келетін жас­тар көптеп кездесіп жатады... 

Киелі Шу өңірі табиғатының көркем, даласы дархан да шуақты шапағатымен ел-жұртына бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен екендігі ел-жұртқа белгілі. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала үстіртті даласы алып жатыр. Жыл санауымыздың бас кезінде сақтардың орнын Қаңлы мен Үйсін тайпалық одақтарының басқаны белгілі. Ал бесінші ғасырдың орта тұсында Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Орта ғасырда өмір сүрген арабтардың ұлы ғалымының бірі – әл-Максиди өзінің бір еңбегінде Шу өзенінің қапталына орналасқан Баласағұн қаласы жайлы көп мағлұмат береді. Бүгінде ЮНЕСКО шеңберінде Баласағұн орны, яғни Ақтөбе қалашығы жүйелі түрде зерттеліп, аспан асты мұражайы құрылыстары жүргізілуде. Әсіресе Шу өңірінің есімі әлемге әйгілі Зұлқарнайынның өзін айлакерлігімен бітімге келуге мәжбүр еткен атақты Шу батыр есімімен тығыз байланысты. Сондықтан бұрынғы Ходжент өзені қаған Шу есімімен аталады. 

Жайсан даласындағы археологиялық ескер­ткіш­тер ғылымға жаңадан еніп және зерттеліп жат­қан­дықтан, алдағы уақытта түркі тайпаларының көне тарихын оқып білуде маңызды орынға ие. 2001 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Жайсан ғибадатханасында 37 культтік-мемориалды кешен мен петроглифтер шоғыры анықталып, зерттелді. Көп жылғы археологиялық қазбалар барысында табылған құнды деректерді зерделеп талдағанда Жайсан даласындағы көне түркі ғұрыптық ескерткіштері қазақ және түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылады. Бұл ескерткіштердің хронологиялық шеңбері зерттеуші-ғалым Айман Досымбаеваның болжамы бойынша VI-VIII ғасырларды қамтиды...

Уақыт өте келе Шу өңірінің еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының құрылуына тұспа-тұс келеді. Осы туралы тарқатып айтсам. 1428 жылы Барақ хан өлген соң Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілхайыр ханға көшеді. Яғни 1457 жылы жаздың соңында Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға қарай көшеді. Тарихи аңыз бойынша көшуге Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығып 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды (Б.Қойшыбаевтың дерегіне жүгінсек, бұл ұлы оқиға 1456 жылы жүзеге асқан).

Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Мойынқұм ауданының Хантауы екендігі шындық. Өйткені сол аймақта «Хан тақтары», «Хан қорасы», «Ханның жолы» сияқты жерлердің барлығымен қоса, таудың Хантауы аталуының өзі растап тұрған жоқ па?! 
2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Шу ауданынан бірқатар тарихшы ұстаздармен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкімдігінің қолдауымен автокеруен ұйымдастырғанбыз. Сапар барысында Хантау стансасынан 20-25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үлкен Хантағы», «Кіші Хантағы» және «Бала Тағымен» танысып, даңқты шопан, Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал мен жол көрсетуші Ғалым Құрманғалиұлының айтуы бойынша «Хан Тағылардың» ұшар басында Хандар жан-жақтарын шолып, ақылгөй кеңесшілерімен ақылдасып, мінбер ретінде пайдаланып көпшілікпен жиын өткізіп тұратын болуы керектігін білдік. Шу ауданының Далақайнар ауылынан 10 шақырымдай жерде 4-5 қарауыл төбелер орын тепкен және солтүстік бағыттағы 50 шақырымдай жерде Хантауының түстігіндегі Сұңқар маңында 5 төбешік анық көрінеді. Жау әскерлері көріне бастағаннан-ақ, алғашқы қарауыл төбелерден от жағып белгі берілгеннен кейін Сұңқардағы төбелерден жағылған оттармен 30 шақырымдай қашықтықтағы Хан тағындағылар қарулы жасақтарын дайындай бастағаны анық. 

Аңыз дерегі бойынша Жошы баласының өліміне байланысты «Ақсақ құлан» күйінің шығуына себепкер болған ордың да ізі сайрап жатыр. Жошы хан да көп тұрақтамай терістікке бет алып, кейінірек арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене де тұрғызылғаны бесенеден белгілі. Оншақты айтулы ғалымдардың редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих Ата Қазақ хандығы» кітабының 20-бетінде: «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген», деп тайға таңба басқандай анық жазылған. 1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келді десе, оны растағандай марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал көрікті жерлердің бірі – Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің бойына алғашқы қазақ ханының жерленгендігін айтып кетіп еді. 

Биыл «Мерке-Бурылбайтал» халықаралық автожолының құрылысы басталмақшы. Осы күрежол «Хан тақтарынан» небәрі 7-8 шақырым, ал «Хан қорасынан» 15 шақырымдай қашықтықтан ғана өтетінін ескерсек, табиғатымыздың өзі тарту ете бізге сыйлаған баға жетпес құнды дүниелерді қазақстандықтар тұрмақ, шетелдік қонақтардың тамашалауына да мүмкіндік туғызған болар едік. Әрине халқымыздың мәртебесін көтеретін мұндай игі шараны облыс әкімі А.Мырзахметов те қолдап, еліміздегі киелі орындардың қатарына енуге атсалысатын шығар деген үміттемін. 

Мәкен УАҚТЕГІ,
Шу ауданының құрметті азаматы

Жамбыл облысы