Аймақтар • 04 Сәуір, 2018

Тереңкөлдегі Шағала аралын білесіз бе?

663 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шағала аралы». Бұл – Тереңкөл ауылында. Біз Қайыңдыны айтқанда ал­қызыл қызғалдағын қосып айта­мыз. 

Тереңкөлдегі Шағала аралын білесіз бе?

«Қайыңдының қыз­ғал­да­ғы» деген атауды облыс жұрт­шы­лығы жақсы біледі десек, артық айт­қандық болмас. Енді Нұрсай ауылына (Тереңкөл ауылдық округі) «Шағалалы Тереңкөл» деп атау беруге болатын сияқты. Мұны білмей жүріппіз. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз: – «Жұмыр-Қылыш зираты жатқан жерден алыс емес сордың ортасында шағын арал бар. Ал сол жерді жаз айында тек құстардан ша­ғала ғана мекендейді. Көктем айында бара қалсаң, ұя басып жатқан немесе ұшып жүрген шағала құсынан көз сүрінеді. Сол жерді білесіңдер ме?»  – деп сұрағанда білмейтінімізге ыңғай­сызданып та қалдық.

Түсірілген суретті көргенде таңғалдық. Теледидардан көріп жүр­геніміздей, «Жануарлар әлемі» бағ­дарламасындағы мұхит жаға­лау­ындағы көріністер сияқты. Осы суретті Уәлиолла ағамыз Ресейдің «Фото-страна» сайтына салып, 1000 лайк жинапты. Сонымен қатар шағалалар жұмыртқалаған кезде кейбір адамдар барып, шелек-шелек жұмыртқа жинап алатын көрінеді. Жалпы, шағала көлдерде көп кездесіп жатады ғой. Бірақ мынандай бір жерде шоғырлануы және сол жерді мекен етуі қызықты жайт.

Осы «Шағала аралы» туралы Уәлиолла ағамыздың мұғалім келіні Лузия Ищанова экология тақы­ры­бында арнайы жоба да әзірлепті. Міне, туған жеріміздің кейбір құ­пия­­ларын әлі игере алмай жатырмыз. Ал енді суреттегі Жұмыр-Қы­лыш­қа арналып қойылған белгі туралы айтар болсақ, тарихи деректер бойынша Жұмыр Исатай – Махамбеттің үзеңгілес серігі болған батыр. Жұмыр мен Қылыш екі бөлек адам. Махамбет «Жұмыр-Қылыш» күйін шығарған. Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төкен елді мекенінің қасындағы он бес шақырым жерде орналасқан. Енді мынандай мәселе туындайды. Бірлік ауылдық округіне қарасты Жұмыр деген жер (тоған) бар. Жоғарыда жазғанымыздай Терең­көл ауылдық округіне қарасты осы жерде Жұмыр-Қылыш жерленген деп тағы белгі қойылған (суретте көріп тұрғандарыңыздай). Сонда бұл жерде Жұмыр батыр жерленген бе, әлде Қылыш батыр ма? Оны анықтауды тарихшылардың үлесіне қалдырайық. Жалпы, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына орай ауданымыздың тереңде жатқан тарихынан сыр шертетін көптеген мәліметтер бар екеніне көзіміз жетіп отыр.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы