Ет, сүт комбинаттары гүжілдеп жұмыс істеп жатса да ет өнімдері, шұжық, сары май сияқты ағзаға аса қажет тағамдар еркін сатылмайтын. Тек барлық жерде танысың (жалпақ тіл «блат» дейтін) болса ғана дұрыс дүниеге қол жеткізетінсің. Жоспар орындау үшін тоқсанның, айдың, жылдың аяғында ғана ондай дүниелерді дүкендер бір-екі күн сата бастайтын. Оның өзінде қаптаған кезектен қол жеткізу оңай емес, бірақ әйтеуір сатылғанына мәз болатынсың. Орыстың бір сықақшысының «1999 жылдың 31 желтоқсанына дейін өлмей жетсем-ау, айдың аяғы, тоқсанның аяғы, жылдың аяғы, ғасырдың аяғы, мыңжылдықтың аяғы-әй, бір қарқ болар едім-ау тауарға» дейтін уытты әзілі өмір шындығы еді.
Ол кезде алған ақшаң нақты пұл емес, керек дүниеңді сатып ала алмайтын номиналды дүние-тін. Бірақ соның өзі де жете бермейді, көп ақша табу да оңай емес-ті: қосымша жұмыс істесең, ақылы қызмет көрсетсең, машинаң болып, қолың боста жолаушы тасысаң – «еңбексіз табыс табу» деген айып дайын тұратын. Адамның еркін қимылдауға қол-аяғы ғана емес, санасы, ақылы да құрсауда болды. Өздерінің салып берген сара жолынан сәл ауытқыған адамның бәрін «теріс пиғылды», «қауіпті» деген есепке алатын. Өткен ғасырдың 60- жылдарынан бастап қана ондайларды жойып жіберуді азайтып, түрмеге, жындыханаға қамады, оған дейін тек атып тастайтын.
Қуатты тамақ ішпегеннен қарапайым адамдардың саны екеуден аспайтын балалары құлағынан күн көрінетін арық, әлжуаз болатын еді. Қаладан қонаққа келген ондай балаларды ауылдың қарадомалақтары күрескенде оп-оңай бұрап тастайтын.
Әрине, киім, тамақ өндіретін барлық өндіріс орындары жұмыс істеп жатқанда бірінші кезектегі қажет дүниелер тапшы болмауға тиісті еді, бірақ социализмнің солақай саясаты бөліністі дұрыс ұйымдастыра алмады. Қалада тұратын партия-кеңес қызметкерлері, әсіресе номенклатураға енгендер дефицит дегенді білген жоқ. Оларға аптаның арнайы күнінде жабық дәмханалардан ет, сүт өнімдері, шетелдік сәнді киімдер, етіктер, тіпті таза арақ-шарап пен сапалы темекіге дейін сатылатын. Ал үлкен қызметтегілерге кез келген дүниені үйіне тапсырыспен жеткізіп беретін. Бұлардан басқа көп ақша табатын жазушылар мен ғалымдар, атағы бар әртістер мен әншілер, кәсіпорындар мен мекемелердің бастықтары жақсы тұрды. Өйткені ақшасы көп болған соң олар «түсіріп беретін» адамдарға артық ақша төлеп, бәрін де табатын. Сондықтан олар социализм идеологиясын жақтап, оның күшейе түсуіне қызмет етті.
Ал қарапайым халық барлық қиындықты көрді. «Социализм нағыз әділетті, барлық халықтың жоғын жоқтайтын құрылым» деген сөздер тек ауызбен ғана айтылатын жалған насихат екеніне көздері жетті. Әрине, білім алу мектепте де, жоғары оқу орындарында да тегін болды, алайда ондай мысалдарды капиталистік елдерден де келтіруге болады. Мысалы, капиталистік Францияда күні бүгінге дейін жоғары білім өз азаматтары түгіл шетелдіктерге де тегін беріледі. Социализмнің тегін емдеуімен де мақтануға болмайды. Сапалы дәрілердің бәрі дефицит, сондықтан қарапайым халықты сапасын тышқанға, итке сынағанымен адамға қаншалықты пайдалы болары тексерілмеген, жетілдірілмеген препараттармен емдейтін.
Осының бәрін жазып отырған себебіміз – кейбіреулердің КСРО-ны мақтап, бұрынғы насихаттың құрбаны болып жүргендіктерін көрген соң естеріне салып отырмыз. Оның үстіне тәуелсіздік жылдары туған жастар да көп нәрсені біле бермейді. «Социализм кезінде бәрі жақсы болып еді, әлеуметтік қолдаулар керемет болушы еді» деген кейбіреулердің әләуләйліміне еріп кетпей, ащы шындықты біле жүрсін деген ой да бар.
Құдайға шүкір, қазір қазақ қалаға батыл келіп, тегіс қоныстанып жатыр. Бұл ауылдағы өмірдің қиындығынан ғана емес, жақсы тұрмысқа жетуді, жайлы жайды (баласын дұрыс мектепте оқыту мақсаты да соның ішінде) аңсаған тілектен де болып жатқан ниет. Әрине, көшіп келіп жатқан халықтың бәріне Жиделі-Байсын жағдай туып жатқан жоқ. Халықтың көбі, әсіресе баспанадан қысылуда. Есесіне «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» дегендей дефицит деген жоқ, бәрі бар. Ақша тапсаң болды, дүкеннен бәрін кедергісіз алуға болады. Оның үстіне ауылда тұрып «қаланы шауып», Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинап, соның көмегімен үй алып, қоныстанып жатқандар да бар. Президенттің Үндеуінен кейін несие алудың жолдары тіпті жеңілдеп, тұрғын үйге қол жеткізу оңайлай түсері де сөзсіз. Осының бәрі қазақтың «мен қалада өмір сүре алмаймын» дегенін терістейді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»