Қазақстан • 04 Сәуір, 2018

Жаратылыстану пәндері жаңа жүйемен оқытылуда

1720 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде мектептердің оқу бағдарламасын жаңартылған мазмұнға көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жаратылыстану пәндері жаңа жүйемен оқытылуда

Әсіресе қанатқақты жобалар негізінде қолға алынған мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа жүйенің жеткен жетістігі мен әлі де ақсап жатқан тұстарын саралаған мамандар Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясында  «Физика», «Химия», «Биология» пәндері бойынша ағылшын тілінде әзірленген оқу-әдістемелік кешендерді білім беру үрдісіне сәтті енгізу» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинарда бас қосты.

Қатысушылар жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу аясында XXI ғасыр оқушысының дағдыларын дамыту, ағылшын тілін жетік білетін білікті пән мұға­лімдерін даярлау сынды өзекті мә­се­лелерді талқылады. Еліміздің әр өңірінен келген білікті ұстаздар фи­зика, химия, биология пәндері бойын­ша ағылшын тілінде көрнекті сабақтар өткізді. Жаңартылған бі­лім мазмұнына сәйкес ғылыми ба­ғыт­тағы пәндерді ағылшын тілін­де оқытудың әдістемелік базасын әрі қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Семинар жұ­мысына арнайы келген Express Publishing баспасының CLIL әдіс­темесінің кеңесші-сарапшысы, Кем­бридж университетінің халық­аралық емтихан кеңесінің сарапшысы Боб Обидың сөзінше, ағылшын тілін үйретуді пәндік білім беру бары­сында қолданудың тиімді тұстары көп. «Мен оқушыларға тіл үйретуге арналған көптеген мето­дикалық кітаптар жаздым.

Мұға­лімдермен пікір алмасып, тілді тез әрі жеңіл үйренуге қатысты өз тәжірибеммен бөлістім. Мен үйрет­кен оқу бағдарламасы бойынша мек­т­еп оқытушылары ағылшын тілін меңгерудің В1 деңгейіне же­туі тиіс. Франция, Испания, Ита­л­ия сияқты көптеген елдердің мұ­ғалімдері де осы деңгейді мең­гер­ген. В1 деңгейі ағылшын тілінде анық сөйлеу арқылы  жеке пәндерді иге­руге толықтай жеткілікті», дейді ол. Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламаларын әзірлеген маман өз сөзінде қазақ­стан­дық мұғалімдердің ішінде,  әсіресе  жас мамандардың тіл игеруге деген талпынысы жоғары екенін ай­­тады. Шара аясында жеке пәндер бойынша зертханаларға бөлінген білікті мұғалімдер оқытудың интер­активті әдістерін пайдалана отырып, өз білім-білігін ортаға салды.

Алматы қалалық білім басқар­масы мамандарының айтуынша, ағым­дағы жылдың қазан айында қала мектептері арасында «Жеті жұрт­тың тілін біл» атты байқау ұйым­дастырылады. Байқауға әр мектептен жоғары сыныпта оқитын бір оқушы ғана қатыса алады. Конкурс нәтижесінде нағыз мық­тылар сараланып, үш тілді жетік меңгерген шәкірттер анықталмақ. Бұл жоба  мектеп оқушыларының тіл игеруге деген құлшынысын арт­тыруға бағытталған.

– Өткен жылдың қыркүйек айы­нан бастап бірқатар қала мек­тептерінде физика, химия, информатика, биология пәндері ағыл­шын тілінде жүргізіліп келеді. Оның нәтижесі қандай, проблема­ларын қалай шешу керек деген сауалдарға жауап алу үшін, сондай-ақ осы уақытқа дейін өткі­зілген іс-шаралардың нәтижесін қорытындылап, тәжірибе алмасу мақсатында жиналып отырмыз. Алматы қаласында барлығы 202 мектеп болса, оның 27-сі осы қанатқақты жобаға кіріп отыр. Кейбір мектептерде тек физика немесе химия пәндері, ал кейбір оқу ошақтарында барлық сегізінші сыныптар жобаға кірген. Өткізілген семинарлар мен мұғалімдердің сабақтарына қатысу нәтижесін саралай келе, үштілділік бойынша осы пәндерді ағылшын тілінде жоғары сыныптарда да жүргізуге болатынына көз жеткіздік. Бала­лар тілді тек құрал ретінде қолда­нады деген қорытындыға келдік. Әзірге нәтиже жаман емес. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар алдағы уақыт­та да жалғасын табатын  болады, – дейді Алматы қалалық бі­лім басқармасының орта білім бөлі­мінің бас маманы Қарлығаш Әб­діманапова.

Семинар Білім және ғылым ми­нис­трлігі мен «EduStream» білім беру компаниясы және Express Publishing баспасының қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған іс-шара ұстаздар қауымы үшін тәжірибе алмасудың озық алаңына айналды деуге болады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ