Білім • 04 Сәуір, 2018

Жаңа­тұрмыс ауылының орта мектебі наурыз мейрамын ерекше тойлады

763 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тіршілік түгел түрленіп, күн мен түн теңелетін тұста еліміздегі ерекше тағдырлы мектептің табалдырығын аттаудың сәті түсті. Бұл Наурыз мерекесін атап өтіп жатқан Алматы қаласының іргесіндегі Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының орта мектебі болатын. 

Бұл ауылдың адамдары да, тір­шілігі де, тұрғындары да өзгеше. Түрлі саясаттың тал­қысына түсіп, өздерінің туған өлкесі, атажұртынан жы­рақтаған ұлттар мен ұлыстар же­терлік. 

Сонымен біз келген Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жаңа­тұрмыс ауылының орта мектебі бір кісідей жұмы­лып,­ Наурыз тойын тойлап жат­қанының ортасынан түс­тік. Ең қызығы, 500-ге тарта оқушысы бар мектептің оқушылары түгел талғаммен қазақша киінген. Әр сыныптың оқушылары өздерінше бөлек жасаныпты. Әдетте мұндай ұлттық мерекелерде би билеп, өлең айтатын балалар болмаса, түгел қазақ­тың ұлттық сәнді киіміне жарасымды малынған мектепті бұ­рын-соңды көріп тұрғанымыз да осы. Таңданысымызды да жа­сырған жоқпыз. Өйткені бұл мектепте бір сыныпта 28 бала оқитын болса, әрі кетсе оның үшеуі ғана қазақ, қал­ғаны – түрік, күрд, ұйғыр хал­қының ұл-қыздары болып келеді. 

Қысқасы, түгел дерлік өзге ұлт өкіл­дерінен тұратын мектеп түгел дерлік қа­зақша сөйлейді, түсінеді. Әйтпесе, әу бас­та 1967 жы­лы таза орыс мектебі, сосын толық қазақ мектебі болған орта білім беру мекемесі соңғы үш жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Яғни ата-аналардың өтінішімен 3 жылдан бері бас­тауыш орыс сыныптары ашылған. Жоғары сыныптар қазақ тілінде білім алады. Осының бәрін ескерсек, мектептің ізгі ниеті құптауға тұрарлық.

Әрі мектептің биылғы Нау­рыз мереке­сіне Алматыдан ар­­­найы  БАҚ өкілдерін шақы­­руын­да да осындай мән жатыр. Мемлекеттің ұлттық ме­ре­кесі мен тіліне деген құрмет-қошеметін паш ету мақ­сатында ұйымдастырылған шара шынында да шынайылыққа толы болды. Бастапқыда «Тәйірі, Нау­рыз мерекесі барлық жерде атап өтіледі. Мектептің мере­кесі ғой» деп кежегеміз кейін тартқандай болғанымен, соңы­нан шалғайдағы мектепке кел­ге­німізге қуанбасақ, өкінген жоқ­пыз. Осы мектепке директор болып таға­йын­­далғанына бар бол­ға­ны жыл ғана толған Нағима Қа­сымова да ата-аналардың ауыз­­бірлігіне, ауылдың тату­лы­ғы­на таң­данысын жасырмай­ды. 

– Бұл мектептің бірнеше ерек­шелігі бар. Мен осы мектепке басшы болып келгенде бірінші таңданғаным, мұнда ұрыс-керіс, кикілжің деген атымен жоқ. Оқушылар мұғалімсіз-ақ мерекелерді өткізе бере­ді. Балалар сыныптың көшбас­шыларын тыңдайды. Үлгілі ба­лаларға бағынады. Бала мен бала болып төбелесіп жат­қандарын көрмейсің, – деп ағы­нан ақтарылды. 

Мектеп директоры биыл ата-аналарға Наурыз мерекесіне қазақша ұлттық сәнді киімдер тіккізейік дегенде, бір адам да қарсы шықпай, бірауыздан және барынша балаларына сәнді киімдерді санаулы күндерде-ақ тіккізіп бергенде тағы да риза болғанын айтады. Дегенмен, мектеп басшысы мектептің бір мәселесі білім сапасында екенін бүк­пейді. Өйткені қазір мектеп орыс тілінде білім береді. Ауыл адамдары қазақша сөй­лейді. Үйде үл­­кен кісілер өз тілдерінде не­месе орыс тілінде қарым-қа­­­тынас жасайды. Оның үс­тіне мектеп қаладан қашық ор­наласқандықтан, жақсы мұ­ғалімдер Жаңатұрмысқа келіп дәріс беруге де аса құлшынысты емес. Сондықтан да мұның бар­лығы балалардың  білім са­пасына әсер етеді. ҰБТ ке­зінде түлектер орташа немесе ор­тадан төмен балл жинайды және жо­ғары оқу орындары­на түсуге талап қыла бер­­мей­тін көрінеді. Өйткені бұ­лар­дың әке-шешелерінің бар­лығы дерлік шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Мал бағады, дәмхана ашады, сауда-саттықта жүр. 

Ендігі жерде жаңа ғимараты 2002 жы­лы пайдалануға берілген мектептің білім сапасын көтеру де өзекті жайттың бірі. Осындай түйткілді мәселелерге қатысты қазір ұжым бірқатар бастамаларды қолға алған.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,
Қарасай ауданы