Бұл ауылдың адамдары да, тіршілігі де, тұрғындары да өзгеше. Түрлі саясаттың талқысына түсіп, өздерінің туған өлкесі, атажұртынан жырақтаған ұлттар мен ұлыстар жетерлік.
Сонымен біз келген Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының орта мектебі бір кісідей жұмылып, Наурыз тойын тойлап жатқанының ортасынан түстік. Ең қызығы, 500-ге тарта оқушысы бар мектептің оқушылары түгел талғаммен қазақша киінген. Әр сыныптың оқушылары өздерінше бөлек жасаныпты. Әдетте мұндай ұлттық мерекелерде би билеп, өлең айтатын балалар болмаса, түгел қазақтың ұлттық сәнді киіміне жарасымды малынған мектепті бұрын-соңды көріп тұрғанымыз да осы. Таңданысымызды да жасырған жоқпыз. Өйткені бұл мектепте бір сыныпта 28 бала оқитын болса, әрі кетсе оның үшеуі ғана қазақ, қалғаны – түрік, күрд, ұйғыр халқының ұл-қыздары болып келеді.
Қысқасы, түгел дерлік өзге ұлт өкілдерінен тұратын мектеп түгел дерлік қазақша сөйлейді, түсінеді. Әйтпесе, әу баста 1967 жылы таза орыс мектебі, сосын толық қазақ мектебі болған орта білім беру мекемесі соңғы үш жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Яғни ата-аналардың өтінішімен 3 жылдан бері бастауыш орыс сыныптары ашылған. Жоғары сыныптар қазақ тілінде білім алады. Осының бәрін ескерсек, мектептің ізгі ниеті құптауға тұрарлық.
Әрі мектептің биылғы Наурыз мерекесіне Алматыдан арнайы БАҚ өкілдерін шақыруында да осындай мән жатыр. Мемлекеттің ұлттық мерекесі мен тіліне деген құрмет-қошеметін паш ету мақсатында ұйымдастырылған шара шынында да шынайылыққа толы болды. Бастапқыда «Тәйірі, Наурыз мерекесі барлық жерде атап өтіледі. Мектептің мерекесі ғой» деп кежегеміз кейін тартқандай болғанымен, соңынан шалғайдағы мектепке келгенімізге қуанбасақ, өкінген жоқпыз. Осы мектепке директор болып тағайындалғанына бар болғаны жыл ғана толған Нағима Қасымова да ата-аналардың ауызбірлігіне, ауылдың татулығына таңданысын жасырмайды.
– Бұл мектептің бірнеше ерекшелігі бар. Мен осы мектепке басшы болып келгенде бірінші таңданғаным, мұнда ұрыс-керіс, кикілжің деген атымен жоқ. Оқушылар мұғалімсіз-ақ мерекелерді өткізе береді. Балалар сыныптың көшбасшыларын тыңдайды. Үлгілі балаларға бағынады. Бала мен бала болып төбелесіп жатқандарын көрмейсің, – деп ағынан ақтарылды.
Мектеп директоры биыл ата-аналарға Наурыз мерекесіне қазақша ұлттық сәнді киімдер тіккізейік дегенде, бір адам да қарсы шықпай, бірауыздан және барынша балаларына сәнді киімдерді санаулы күндерде-ақ тіккізіп бергенде тағы да риза болғанын айтады. Дегенмен, мектеп басшысы мектептің бір мәселесі білім сапасында екенін бүкпейді. Өйткені қазір мектеп орыс тілінде білім береді. Ауыл адамдары қазақша сөйлейді. Үйде үлкен кісілер өз тілдерінде немесе орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Оның үстіне мектеп қаладан қашық орналасқандықтан, жақсы мұғалімдер Жаңатұрмысқа келіп дәріс беруге де аса құлшынысты емес. Сондықтан да мұның барлығы балалардың білім сапасына әсер етеді. ҰБТ кезінде түлектер орташа немесе ортадан төмен балл жинайды және жоғары оқу орындарына түсуге талап қыла бермейтін көрінеді. Өйткені бұлардың әке-шешелерінің барлығы дерлік шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Мал бағады, дәмхана ашады, сауда-саттықта жүр.
Ендігі жерде жаңа ғимараты 2002 жылы пайдалануға берілген мектептің білім сапасын көтеру де өзекті жайттың бірі. Осындай түйткілді мәселелерге қатысты қазір ұжым бірқатар бастамаларды қолға алған.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Қарасай ауданы