Тарих • 04 Сәуір, 2018

Қазақтың Жанна д’Аркі

1038 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел газеті «Егеменнің» өткен 8 нау­­рыз күнгі санында «Су­воров­ты сан соқтырған Сапу­ра»­ атты шағын жазба жарияланды. Мақаланы оқырман көпшілік жылы қабылдағаны сөзсіз. Өйт­кені ұлтымыздың батыр қызы, «Қа­зақтың Жанна д’ Аркі» (Нәйла Бекмаханова) атанған Сапура Мәтен­қызы қазіргі тәуелсіздік дә­уі­рінде ұлықтауға татитын бір­ден-бір тұлға.

Қазақтың Жанна д’Аркі

Осы орайда, жоғарыдағы ма­қаланы толықтыру мақсатында ой қосып, пікір бөліскенді құп көрдік. Қазақ даласында Сапура сияқты батыр қыздар көп болған. Мысалы 1742 жылы Есет батыр Көкіұлы сарбаздарымен Үстірт жақта жорықта жүргенде, Жемнің бойында жатқан бейбіт елді  қалмақтар шапқан.  Осы кезде елдегі қару ұстауға жарайтын бала-шаға, шалдардың бастарын біріктіріп, қалмақтың қолын бастап келген Қоңды батырға бұғалық салып аттан құлатқан Есет батырдың 16 жасар Ботагөз деген қызы екен (Қ.Құттымұратов. Ақтөбе, 2014 ж. 48-б).

Сол сияқты ел басына қиындық түскенде қолаң шашын түйіп, басына дулыға киіп, қыпша беліне қылыш байлап, егеулі найзаны қолға алып, тұлпарға мініп, ту ұстап қалың қолды бастаған батыр қыздардың бірі  22 жастағы Сапура Мәтенқызы.

1773-1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне Кіші жүз қазақтары қосылып, оларды ел арасында «Көрінбейтін Көктемір» деген атпен белгілі Сапура бастайды. Бұл туралы газеттегі мақалада жақсы айтылған екен.  Жоғарыдағы көтерілісті жазалау мақсатында Ресей патшалығының болашақ ге­нералиссимусы  А.Суворов бас­та­ған отряд атқа қонады.

1775-1776 жылдары Суворов басқарған патша жасағына қарсы шыққан Сапура Мәтенқызы қа­рауындағы 1500-ге жуық адамымен күтпеген жерден, мезгілсіз уа­қытта шабуыл жасап, жазалаушы отрядты көп шығынға ұшыратады. Мылтықпен, зеңбірекпен қаруланған жазалаушы отряд­қа қарсы Сапура жасағы түн қараңғылығын пайдаланып, жер жағдайының ерекшелігін өздерінің қо­лайына тиімді қолданып, орысөтардың  қазақ жеріне бойлай кіруіне үлкен кедергі жасайды.

Көтерілісшілер жаса­ғы­ның ізіне түскен жазалаушы отряд күндіз таба алмайды, түнде ізіне түсіп қуа алмайды. Ат-көліктерінен, азық-түліктерінен айырылып, адам шығыны көп болғандықтан олар соғысты тоқтатып, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бұл, біле біл­сек, Қазақ елін отарлау­дан құтқарған жеңістің ба­сы еді.

Е.Пугачев көтерілісінің қайта­лануы­нан қорыққан Орынбор губер­наторы И.Рейн­дорф Нұралы ханға хат жазып, Сапура Мәтен­қызын ұстап бе­р­гендерге қа­зы­надан аса көп мөлшерде сыйлық берілетіндігі жайлы хабарлайды.Тіпті губернатор «Көрінбес Көктемір» туралы әңгімелердің анық-қанығын анықтау үшін 1776 жылдың наурыз айында арнайы тыңшыларын жібереді. Тыңшылық тапсырмамен Қобда бойындағы Досалы ауылына келген Ғұбайдолла Ағдамов пен Райымқұл Ыбраев «Көрінбейтін адам­­ның» 22 жасар Сапура Мәтенқызы екендігін анық­тап, оның жас кезінен тыс күштермен байланысы болғандығын хабарлайды.

Өлкені біраз уақыт көте­ріс­шілердің қысымында ұстаған, қазақ жеріне жазалау және отарлау экспедициясының ендеп кіруін тоқтатқан Сапура Мәтенқызы бастаған халық қозғалысы 1776 жылдың жазында тоқтайды. Халық батыр қызын жазалаушы топқа көрсетпейді. Сапура Мәтенқызы өз ауылымен Қобда өзені бойынан Қиыл өзенінің жағалауына көшіп кетеді. «Көрінбейтін адам» немесе «Көктемір» деген атпен отарлық езгіге қарсы қол бастап шыққан табын руының жас қызы – Сапура қозғалысы Е.Пугачев көтерілісінің қазақ даласындағы соңғы ұшқыны болып табылатындығы сөзсіз («Қазақ ру-тайпаларының тарихы». Алматы, «Алаш», 2006 ж. 11-б).

Француз халқы батыр қызы Жанна д’Аркті қалай дәріптесе, біздер де сондай дәрежеге Сапура Мәтенқызының атын көтеруге тиіспіз. Ол біздің азаматтық мін­детіміз.

СУРЕТТЕ: Көрінбес – Көктемір туралы мәлімет  жинау үшін жіберілген Сеит слободасының сау­дагер татарлары, походной есаул Ғұбайдолла Ағдамов пен Райымқұл Ыбраевтың губернатор кеңсесіне 1776 жылы 13 сәуірде жолдаған хаты (құжат иесі жас зерттеуші Жәнібек Исмурзин).

Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,

өлкетанушы