Жабық футбол манежі
Жасыратыны жоқ, кемі алты ай бойы ақ көрпесін айқара жамылатын теріскейде жауынды-шашынды жаз айларында да жергілікті аяқдоп шеберлерінің тыңғылықты жаттығуларына кедергілер аз кездеспейтін. Биыл құрылғанына жарты ғасыр толып отырған клуб жуырда үлкен қуанышқа бөленді. «Жастар» стадионында аумағы екі мың шаршы метрді құрайтын жабық футбол манежі пайдалануға берілді.
Нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, тұрғындар арасында саламатты өмір салтын нығайтып, спорттың бұқаралығын арттыруда спорт инфрақұрылымдарын көптеп салудың маңыздылығын атап өтті.
Футбол орталығының жетекшісі Вячеслав Колоданың айтуына қарағанда, халықаралық талаптарға сай тұрғызылған жабық манежде 200-ге жуық жас футболшылар да, жеңіл атлетшілер де жаттыға алады. Оларды 14 бапкер шыңдайды.
Былтыр облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің аулалары мен мектептер жанында 9 шағын футбол алаңы бой көтерген болатын.
Шалғайдағы спорт кешені
Уәлиханов ауданында бес мыңға жуық адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл мақсат үшін 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Жуырда мұнда денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Оның ашылуына қатысқан денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин аймақ басшысы атынан 400 мың теңгенің сертификаты мен боксқа арналған рингті тарту етті. Аудан әкімі Медет Оспанов 33 үйірмеге 400-ден астам жеткіншектің тартылғанын, ережесіз жекпе-жек секциясы құрылғанын, арнайы маман баспанамен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
1,5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешеннің құрылысына облыстық қазынадан 183 миллион теңге жұмсалды. Оның бірінші қабатында футбол, волейбол, күрес, бокспен айналысуға, екінші қабатында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнауға барлық жағдай жасалған. Душ, сауна жұмыс істейді.
Алматы қаласында «Clinik Dr. Vovk» орталығына жетекшілік ететін Виктор Вовк та қуанышқа ортақтасып, сый-сияпат жасады. Ол жерлестеріне жүйелі түрде қаржылық қолдау көрсетіп тұрады. Футбол алаңын ашуға, құрал-жабдықтар алуға жәрдемдесті. Жас хоккейшілерге 2 миллион теңгенің киімдерін сатып әперді. Бірқатар турнирлерді ұйымдастыруға ұйытқы болды.
Түрлі байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген сайыпқыран спортшылар ауданда аз емес. Солардың бірі еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Санат Қайыргелдин Минск қаласында оқушылар арасында өткен жарыста жүлделі үшінші орынды иеленіп, Түркияда ұйымдастырылатын біріншілікке әзірленуде. Бұған дейін колледжде дайындалып келген едік. Жаңа залда шеберлігімізді жетілдіре түсетін боламыз, дейді болашағынан үлкен үміт күттіретін балғын балуан.
Паралимпиадашылар марапатталды
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ХІІ қысқы паралимпиада ойындарында еліміздің намысын алты спортшы қорғаса, үшеуі Қызылжар өңірінен болды. Олардың арасында Александр Герлиц шаңғы жарысынан төртінші орынға тұрақтап, Қазақстан командасының жалпы есепте 20-орынға орнығуына үлкен үлес қосты.
Жерлестеріміз талай әлемдік жарыстарда Қазақстанның атағын шартарапқа танытып жүр. Ал мүгедек спортшылардың жетістіктері үлкен ерлікпен парапар, деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов паралимпиадашыларды арнайы қабылдаған жиында.
Биатлон және шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Герлицке құрмет грамотасы мен 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Өзге спортшылар жарты миллион теңге мөлшерінде сыйақыға, жаттықтырушылар алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жоғары санаттағы бапкерлер Мария және Иван Дробязколар өңірімізде мүгедектер спортының дамуына айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы