Салтанатты жиынға Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Конституциялық Кеңес мүшесі Унзила Шапаққызы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова қатысты.
Кездесуде алғысөзді алған Қайрат Мәми Конституцияның маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруіне күш салатынын айта келіп, бұл жолда білімді жастардың орны ерекше екенін еске салды.
Конкурс Конституцияның кемелді қуаттылығын нығайту, оны кеңінен насихаттау, сондай-ақ жастардың құқық саласындағы білімін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Тұтастай алғанда республиканың түкпір-түкпірінен бас-аяғы 429 жұмыс түсіпті. Оның 283-ін студенттерден келсе, қалған 146 эссені елордалық оқушылар жазған.
Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов мұндай ауқымды іс-шара алғаш рет өтіп отырғанын айта келіп, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру маңызды екенін жеткізді.
Байқаудың қорытындысы бойынша студенттер арасында 1-орын алған Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті Дастан Қастай ата-бабамыздың заңға бұрыннан жақын екенін айтып, ойымен бөлісті.
– Тарихқа көз жүгіртер болсақ, түркі халқының дала заңдар жинағы болған. Одан кейін Шыңғыс ханды алайық, «Жасақ» заңдар жинағы көпшілікке белгілі. Сол сияқты Абайдың көпшілік біле бермейтін 74 баптан тұратын «Қарамолла» ережесі бар. Міне осыған қарап-ақ бабаларымыз тәртіпті сол кезде орнатып үлгергенін байқауға болады. Ал Еуропа ол кезде әлі феодалдық құрсауда жатқан еді, – дейді өреніміз.
Ал оқушылар арасында 1-орынды иеленген Астана қаласы №48 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айбибі Ержанқызы болашақта заң саласында қызмет етуді армандайтынын айта келіп, мұндай жарыстар алдағы уақытта көбірек ұйымдастырылса екен деген тілегін жеткізді.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін Унзила Шапаққызы Конституциялық Кеңестің қызметі туралы баяндама жасады. Ал журналистерге берген пікірінде ол ел үмітін ақтайтын, Конституцияны құрметтейтін патриот жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанына сенімділік білдірді. Сонымен қатар оқушылар арасындағы эссе жарысы республика көлемінде ұйымдастыру жоспарда барын жасырып қалмады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»