Қазақстан • 04 Сәуір, 2018

Д.Абаев Қазақстанда Telegram желісін бұғаттау ықтималдығына қатысты пікір білдірді

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанда Telegram желісінің бұғатталу ықтималдылығына қатысты пікір білдірді.

Д.Абаев Қазақстанда Telegram желісін бұғаттау ықтималдығына қатысты пікір білдірді

«Бұғаттау - бұл құқыққа қарсы контенттің таратылуымен күрес жүргізуде мемлекеттің ең соңғы (ақырғы) шарасы екенін түсіну керек. Алайда, бұл тек мессенджердің әкімшілігі біздің ескертуімізді елемеген жағдайда ғана іске асырылады. Сонымен қатар, дәл қазірдің өзінде Telegram әкімшілігінің тарапы біздің талаптарға түсіністікпен қарайтынын көріп отырмыз. Жекелеген парақшалар жойылып жатыр. Сондықтан, мессенджерді бұғаттау туралы БАҚ-тағы шулы ақпараттар шындықтан алыстау», - деді Дәурен Абаев. 

Бұған дейін Дәурен Абаев Telegram мессенджері каналдары «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысының тыйым салынған материалдарын өшіру туралы сот өкімін орындамаса, Қазақстан билігі мемлекет территориясында аталған мессенджерді бұғаттайтынын айтқан болатын.

Астана қаласы Есіл аудандық соты наурыз айында ҚДТ тіркелмеген қоғамдық қозғалысын экстремистік деп танып, оның мемлекет аумағында жұмысын жалғастыруына тыйым салды. Аталған ұйымға бұрынғы банкир және шенеунік Мұхтар Әблязов төрағалық етеді.

Министр Telegram месенджерінің мекенжайына ресми хабарлама жіберілгенін айтты. Аталған хабарламада жіберуші тарап Қазақстан территориясында ҚДТ материалдарын көрсетуге тыйым салу және оларды жоюға қатысты шаралар қолдануды сұраған.

 

«Бүгінгі таңда жіберген ескерту қағазымызды Telegram әкімшілігі қарастырып жатыр. Сондай-ақ, сот шешімі орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамасына сәйкес министрлік мессенджерді ел территориясында толықтай бұғаттауға мәжбүр болады», — деді Абаев.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Павлодар қаласының тұрғыны өзінің келісімінсіз Telegram желісіндегі Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауы тобына қосылып кеткені туралы министрліктің блогына шағым білдірген болатын. «Менің ойымша, экстремистік ұйымның басшысы Қазақстан Республикасының азаматтарын жаппай қылмыстық жауапкершілікке тартқысы келетін секілді. Бұдан кейін «Telegram» мессенджерінің әкімшілігі менің келісімімсіз әр түрлі тыйым салынған топтарға енгізіп жібермейтіндей немесе аталған топты бұғаттайтындай шара қабылдау мәселесін қарастырса дейміз», - деп жазды павлодарлық тұрғын.