Ж.Қасымбектің айтуынша, бағдарламаны ойдағыдай іске асырудың нәтижесінде 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,1 пайызға жеткен. «Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы 1,5 трлн теңге қаржыға 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл жыл соңына дейін 1 трлн теңге қаржыға 150 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда шамамен 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», деді Ж.Қасымбек.
Еліміздің көптеген азаматтары үшін тұрғын үй өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді. Министрдің сөзінше, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 млн шаршы метрден асқан. Ол 2016 жылға қарағанда 6,2 пайызға жоғары.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2030 жылы халықты жан басына шаққанда 30 шаршы метрден келетіндей тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру механизмдерін қайта қарап жатырмыз. Тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс пен ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша жұмыс жүргіземіз. 2030 жылға қарай тұрғын үй көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында осы айда жаңа «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді Үкіметке таныстырамыз. Қысқаша айтқанда, жаңа бағдарламада несиенің пайыздық үстемесі жылына 7 пайызға дейін төмендетіледі. Ал бастапқы жарна 20 пайыздан аспайды. Ай сайынғы төлем жүктемесін азайту үшін несие мерзімі 25 жылға дейін ұзартылады. Осы механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады», деді ол.
Сонымен қатар Инвестициялар және даму министрі ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен жабдықтауды 59 пайызға, ал қалаларда 94 пайызға жеткізу жоспарланып жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі.
«Сондықтан «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы айрықша бақылауда. Өткен жылы бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Олардың ішінде Алматы-Шу учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы, Құрық портында автомобиль-паромдық кешенінің бірінші кезеңі аяқталды. Астана қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы әуежайында жаңа жолаушылар терминалы, «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Республикалық маңыздағы 4,4 мың шақырым автожолға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өңірішілік мобильділікті арттыру мақсатында Мемлекет басшысы жергілікті жол желісін жөндеп, қайта жаңарту үшін қаржыландыру көлемін ұлғайтуды тапсырды. Биыл қаржыландыру көлемі 85 млрд теңгені құрады. 2018 жылғы бюджетті нақтылау кезінде министрлік қосымша 30 млрд теңге бөлді. Облыс әкімдіктері де жергілікті бюджеттен қаржы қарастырды. Алдағы жылдары қаржыландыру сомасы 150 млрд теңгеге дейін жеткізіледі. Ол қаржыға жыл сайын шамамен 5 мың шақырым жол жөнделеді. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 4,2 мың шақырым республикалық маңызы бар автожолдар және 3 мың шақырым жергілікті желілер реконструкцияланады. Қабылданған шаралар алдағы жеті жылда жергілікті жолдардың 85 пайызын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз автожолдарды салуға бөлінген қаражаттың тиімділігі мен ашықтығын бақылауды күшейтеміз. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген барлық тапсырма айрықша бақылауда болады және дер кезінде орындалады», деді Ж.Қасымбек.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»