Сондықтан да индустриялық аймақ құруға жауапты мекемелер әуелі аймақтарға кәсіпкерлерді тарту, кәсіпкерлердің сұранысқа ие өнім түрлерін шығару мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ оларды құрудың қаржыландыру тетігін қарастыру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Бүгінгі таңда өңірде индустриялық және аграрлы-индустриялық аймақтар құру аса маңызды болып отыр.
Қазірде аталған мәселе бойынша өңірдің әрбір аудандары мен облыс орталығында жер телімдерін бөлу жұмыстары басталды. Мәселен, Тараз қаласының тұрғындары үшін бір кезде «Промзона» аталып кеткен ауданнан индустриялық аймақ құру үшін 68 гектар жер бөлінген. Алайда олардың тең жартысы кезінде жекеменшікке өтіп кеткен екен. Бірақ жер иелерінің кейбірі өз үлестерін мемлекетке сатуға келісім берсе, енді бірі оны жеке матсатқа пайдалануды көздеп отыр. Дей тұрғанмен қала әкімдігі бүгінде 38,8 гектар алқапқа 2,5 миллиард теңгеге индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Көрсетілген қаржының негізгі бөлігіне аймаққа инфрақұрылым тарту жоспарланған.
Бүгінгі таңда облыс әкімдігі тарапынан келешекте индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту, өндірістік нысандарды дамыту жоспарлары мен салық бойынша берешек қарыз көлемін нақтылау, сондай-ақ Жамбыл облысында сұранысқа ие кәсіп түрімен айналысуға ниет еткен өзге өңірлердің кәсіпкерлеріне қолдау білдіру және индустриялық аймақ кәсіпкерлерінің өнімдерін сұранысқа ие ету, оларға түрлі жеңілдіктер жасау бағытында нақты жұмыстарды қолға алу тапсырылып отыр. Аталған тапсырмалар мен ұсыныстар толықтай орындалған жағдайда Әулиеата өңірінің индустриялық аймақ құрудағы әлеуеті айрықша көрінбек.
Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар облыс аудандарында да басталып кетті. Айталық, Талас ауданында аталған мақсатқа 40 гектар жер бөлініп, ондағы тиісті жұмыстарды жүргізудің жалпы құны 1 миллиард 27 миллион теңгеге бағаланған. Айта кететін бір мәселе, Талас ауданындағы бөлінген 40 гектар жердің 20 гектар жеріне кәсіпкерлер тарапынан бүгінде сұраныс түсіп үлгеріпті. Ал Сарысу ауданы өңірдегі жер көлемі жөнінен үлкен ауданның бірі. Сондықтан осы ауданнан индустриялық аймақ құру үшін 60 гектар жер бөлінгенмен, аудан орталығы Жаңатас қаласынан шалғай орналасқан жер телімдеріне инфрақұрылым тарту жұмыстары едәуір қаржыны қажет етеді. Сондықтан да бүгінгі таңда аудандағы индустриялық аймақ құру мәселесі үшін аталған мақсатқа арналған жер Жаңатас қаласы аумағынан қарастырылып отыр.
Шу ауданы да өңірдегі әлеуеті мүмкіндігі жоғары ауданның бірі. Сондықтан да ауданда 25 гектар жерге индустриялық аймақ құрылатын болады. Сол секілді Қордай, Жамбыл аудандарының да бұл тұрғыдан мүмкіндігі мол. Жалпы, индустриялық аймақ құру мәселесі бүгінде өңірде қарқын алып отыр. Әрине индустриялық аймақ құру мәселесінде облыстың жер қорын тиімді пайдалану мәселесі алға шығады. Жамбыл облысында жалпы жер көлемі 14 миллион гектарға жуықтайды. Сондықтан да бүгінде өңірде жер қорын тиімді пайдалану арқылы индустриялық аймақтар құруға деген сұраныс жоғары.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін, экономиканың деңгейін көтеру үшін өз жолдауларында түрлі бағдарламалар арқылы жұмыс істеу қажеттігін айтып келеді. Сондықтан да бүгінде елімізде кәсіпкерлікті қолдау мәселесі кең өріс алып отыр. Ендігі жерде индустриялық аймақ құру кезінде кәсіпкерлер сұранысқа ие өнім түрлерін шығарып, экономиканың қарышты дамуына жол ашса, онда бұл да мақсаттың орындалып, жобаның жүзеге асқаны.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы