Бір ғажабы, орманды алқаптарда шоқтала да өсетін, қатарласып та, жеке-дара да бой түзейтін аққайыңдар қашанда адам жаны мен сезімін ең алдымен ақ жүзді сырлы сымбатымен баураған. Бурабайдағы қалың қарағаймен араласа үйлесіп, бауырласа үндесіп, бір-бірінен ажырамай өсетін осы бір ағаштардың тіршілігі мені еріксіз таңғалдырады. Сондықтан ба екен, сұлу желекті көркем аққайыңдарға көз салмай кете алмайтын қашанғы дағдымнан айнымай келемін. Бурабай қарағайлары өзіне еншілес те етенелес аққайыңдарды үнемі аясына алып, аялап тұрғандай әсерге бөлейді мені! Қарағай мен аққайың Бурабайда дәйім де өздерінің осындай егіз болмысымен өзге ағаштардан өзгешеленіп өмір сүретін тәрізді көрінеді маған: қарағай – жігіт, аққайың – қалыңдық. Міне, табиғат бейнесіндегі нағыз махаббат аңызы. Айтыңызшы, аңыздар өлкесінде басқаша болуы мүмкін бе!..
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы